Қаражал

Қаражалда ахуал қалыпты

Қалалық тауар және қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға қатысты осылай деп хабарлады. Арнайы құрылған екі жедел топ індеттің алдын алуға бағытталған барлық жұмысты үйлестіріп отыр. Бірде-бір нысан назардан тыс қалмай мұқият тексеріліп, санитарлық-дезинфекциялау жұмысы күшейтілді.

Кез келген істе оны көпшіліктің қаншалықты түсініп, қалай қолдағаны маңызды. Нәтиже соған сай болады. Бұл тұрғыда Instagram, Facebook, ВКонтакте әлеужелісінде тәжтажалдың алдын алу мен таралуына қалай тосқауыл қою туралы қаладағы мемлекеттік және коммуналдық мекеме аккаунтында жарияланған жеті жүзге жуық ақпараттық, аудио, фото-бейне материал елеулі ықпал еткені анық. Өйткені, ол 13 мыңнан астам пайдаланушыны қамтыды.

Ақпараттық науқан аймақ аумағында LED-экран арқылы да жүргізілді. Жарнамалық ролик сағат сайын жаңғыртылды. Жұртшылықты үрейлендіретін жалған ақпараттың таралуына жол бермеу мақсатында интернет иірімінде мониторинг күшейтілді. Ақпараттық-түсіндіру жұмысына қаланың танымал тұлғалары тартылды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Н.Назарбаевтың Үндеуі тұрғындар арасында түсіністікпен қабылданып, кең қолдау тапты.

Төтенше жағдай талабына сәйкес туындаған кез келген мәселе жедел шешімін тапты. Жұмыс орнын сақтау, өндірістік үрдісті тұрақтандыру, жұмысшы құқығының бұзылуына жол бермеу, тағы басқа әлеуметтік мәселені орайлы шешу үшін қала әкімі мен кәсіпорын басшылары арасында өзара түсіністік туралы меморандумға дер кезінде қол қойылуы қалыпты ахуалдың қалыптасуына қол жеткізді.

«Біз біргеміз!» республикалық акциясы аймақта кең қолдау тапты, одан тысқары қалған мекеме мен ұйым жоқ. Әсіресе, Жәйрем кен-байыту комбинаты мен «Казцинк» компаниясы қаржылай және материалдық жағынан қомақты көмек көрсетті. Ал, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» және «Ардагерлерді ардақтайық» атты партиялық бағдарлама аясында нақты ісшаралар ұйымдастыруға ұйытқы болды.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button