Қаражал – қарымды қарекеттер алаңы
Мақалаға тақырып таңдауда тіл ұшына бірден оралған сөз тіркестері – бұл. Өйткені, Қаражал қаласының әкімі Тілектес ДОСАЕВТЫҢ тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде сөз алған жұртшылық өкілдерінің риза пейілге толы пікірлері осындай мазмұнда өрбіп жатты.
Қала әкімінің баяндамасында өткен жылғы жергілікті атқарушы биліктің қызметі ел Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында алға қойылған міндеттерге сәйкес, әлеуметтік саланы жаңғыртуға, тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға және әлеуметтік тұрғыда мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге бағытталғанын атап өтті.
Өндірісті өңірде былтырғы жылы өнеркәсіп саласында 52 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Ал, ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 3,2 млрд. теңгені құраған. Дей тұрсақ та, басты меже – өндірісті өркендету. Осы мақсатпен жаңа өнім ретінде қорғасын және мырыш қорытпасын шығару жоспарын іске асыру үшін 2020 жылға дейін 100 млрд. теңге инвестиция құйылмақшы. Қысқасы, қойнауы қазынаға тұнған аймақта халық игілігі жолындағы ересен істерді жүзеге асыру көзделініп отыр.
Қала басшысы мәлімдегендей, ұзақ жылдар бойы түйіні тарқатылмаған ауыз су мәселесі биылғы жылы түбегейлі шешімін табатын болады. Келбеті «кетіңкіреп» қалған қаланы абаттандыру мен көгалдандыруға қатысты нақты шаралар да атқарылады. Сөз орайы келгенде есепті кезең аралығында осынау қажеттілікке қатысты нақты нәтижесін берген жұмыстар бар екендігін атап өту ләзім. Дәлірек айтсақ, орталық алаңның шырайын енгізу мақсатында жедел түрде қолға алынып, нәтижелі аяқталған шаралар тұрғындардың көзін қуантып, көңілін өсірген әрекеттердің біріне айналып үлгерді.
Биылғы жылы қаланы көркейтіп, гүлзарлардың ажарын енгізу, тал-шыбықтар отырғызу жайына мән беріледі. Қаламен қоса, Жәйрем және Шалғия кенттерін жарықтандыру мәселесі тыңғылықты жалғасын табатын болады. Аймақ бойынша 6 көшеге тасжол жабындысы төселмекші. Ең бастысы, атқарылар істердің сапалық деңгейіне жете мән беріледі. Жауапты жұмыстарды тиянақты жүргізілуін қадағалау мен бағалау жұмыстарына қоғамдық ұйымдар мен ақсақалдар алқасының құрамы тартылады.
Есепті кездесу кезінде тұрғындар тарапынан жылдар бойы шешімін таппай келген мәселелер – қаланың іргесіндегі «Қылыш» су қоймасынан бау-бақшаға қажетті су құбырын тарту, иесіз қалған көпқабатты тұрғын үйлерді ретке келтіру секілді сауалдар көтерілді. Жұртшылық жекеменшік малдың қараусыз жүруі, құдықтарға қақпақтар орнату, автобустың қозғалыс кестесінің сақталуы, кәріз құбырларының жарамсыздыққа ұшырауы тәрізді өзекті жайттарды да ортаға салды.
Қала басшысы тұрғындардың күн тәртібіне қойған сұрақтарының барлығы дерлік шешімін табатынын мәлімдеп, бұл жұмыстар кешенді әрекеттердің бір парасы ғана екендігін тілге тиек етті. Мемлекет басшысы Жолдауындағы 10 негізгі міндет оңтайлы орындаларына, жоспарлы қарекеттердің қарымды боларына сендірді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.