"Сұлушаш"

Қараша үйден ханша шығар

Оның іштей не ойлағаны барын білмеймін. Бірақ, тірі жанға зияны жоқ. Жесір әйел.

Біз су алатын құдық жесір әйелдің ауласында болатын. Сумен ойнамаңдар дейтіні үшін, бәріміз оны «қара кемпір» атадық. Сабырлы жан еді. Бірде маған тілі тиді. Жылап қайттым. Ұйқымнан оятқан атам ханшайым туралы ертегі бастады.

«… Кішкене ханша әдемі бақшаның жанынан өтіп бара жатып гүлдердің арасына өскен тікендер мен арам шөптерді көреді. «Әдемі гүлдердің арасында тікендер мен арам шөптер неге тұр, бұлар болмаса олар жайқалып өсер еді» деп ойлайды. Сонда, гүлдердің арасына өскен шөп тіл қатады. « – Ханша, біз осы халімізге разымыз. Біздің қандай шөп екеніміз маңызды емес, қай жерде, ненің арасында екеніміз маңызды. Гүлдердің арасында құнымыз артады. Өткендер «Сен кімсің?» демейді, «кімнің қасындасың?» деп сұрайды» депті.

Содан бері ханша шөптерді гүлден бөлмей суарады екен. Бақша – жайқалыпты».

Атам үнемі «кемпірге өкпелеуші болма, ол бізден де мейірімді» дейтін.

Бір күні апам кемпірдің үйіне жұмсады.

Бауырсақ пісіретін тор көз ожауды берсін деп айт, өзің әрі кірме, сыртта күт, – деді. Барсам, басы сәждеде екен. Күттім. Кенет дем жетпей қысылды. Су беріп едім:

Құдай тілеуіңді берсін! – деді.

Қара кемпір өмірден қайтты. Жайнамазын көріп, апам жасын тыя алмады. Менің де жылағым келді.

Атам дұрыс айтыпты. Мейірімді адамның иманы берік болады екен. Ал, «…бұл дүние имандыға арман емес». Бірақ, иман кетсе… Құдай сақтасын!

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button