Жаңалықтар

Кеншілер аймағындағы жұмысшы мамандықтарда 300 мыңнан астам адам еңбек етеді

Қарағанды – ел өндірісінің жүрегі. Өндіріс бар жерде, еңбек адамы бар. Бұл – көмір шахтасы тоқтамаған, домна пеші сөнбеген, станок үні басылмаған өлке. Жұмысшы мамандықтарында 300 мыңнан астам адам еңбек етіп отырған өндірісті аймақ. Облыстағы еңбек нарығының жартысынан көбі – дәнекерлеуші, кенші, энергетик, құрылысшы, механизатор, электрик, технолог сынды нақты іске сүйенген кәсіп иелері.
Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауы кеншілер өлкесі үшін тиімді саяси бастама әрі тарихи заңдылық болды. Бұл жыл – еңбек адамына деген көзқарасты өзгерткен, кәсіби білім беру жүйесін қайта ой елегінен өткізген, өндіріс пен білімді бір арнаға тоғыстырған кезең ретінде тарих бетіне қатталды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

«Жұмыстың жаманы жоқ. Кез келген еңбек – қадірлі. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Біз еңбекқорлық пен кәсібилікті қоғамның басты құндылығына айналдыруымыз қажет», – деп атап өткен еді ел Президенті.

Жыл қорытындысы көрсеткендей, бұл ұстаным облыс аумағында нақты мазмұнмен толықты.

Қарағанды облысы – республиканың индустриялық қаңқасын ұстап тұрған қара бағанындай. Мұнда тау-кен металлургия кешені, энергетика, машина жасау, құрылыс индустриясы, химия және өңдеу өнеркәсібі шоғырланған. Бұл – салалардың барлығы жоғары білікті жұмысшы кадрға тәуелді.

Ал, дерекке сүйенсек, қазіргі таңда облыста 52 колледж 128 мамандық бойынша кадр даярлайды. Бұрын шашыраңқы болған жүйе сегіз жетекші бағыт бойынша кластерленген. Әр кластерге тірек колледждер бекітіліп, олардың негізінде құзыреттілік орталықтары мен заманауи шеберханалар да ашылды.

Маңызды бетбұрыс – дуальды оқыту жүйесінің кеңеюі. Қазір 41 колледжде 8 891 студент оқуын тікелей өндірістегі практикамен ұштастырып жүр. Ал, нысаналы даярлау 18 колледжде енгізіліп, шамамен 1,5 мың студент нақты кәсіпорындардың тапсырысы бойынша білім алуда.

Qarmet, Kazakhmys, QazTechna, KamaTyresKZ, Silk Road Electronics сияқты 300-ге жуық ірі кәсіпорынмен серіктестік орнатылған.

Жұмысшы мамандықтары жылы кәсіби білім беру жүйесіне тың серпін әкелгенін атап айту керек. Облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев бұл өзгерістерді нақты деректермен сипаттайды.

– Биылғы оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 9 300 студент қабылданды. Оның 7 300-і жергілікті бюджет, 2 000-ы республикалық бюджет есебінен оқуда. Қабылдау кезінде өңірдің нақты кадрлық сұранысы ескерілді, – дейді басқарма басшысы.

Нәтижесінде техникалық ба­ғыттар бойынша қабылдау орта есеп­пен 60 пайызға артқан. Авто­көлік жасау – 67%, цифрлық техника – 59%, жол құрылысы – 51%, тағам өндірісі – 37%, электр жабдықтары – 28% өсім көрсетіп отыр.

Колледждерде 14 заманауи құзырет орталығы, «Ақылды үй» зертханасы, студенттік бистро, өндірістік шеберханалар ашылып үлгерді. Бес колледж халықаралық аккредиттеуден өтіп, білім сапасының әлемдік стандарттарға сай екенін дәлелдегені қуанарлық жайт.

2024-2025 оқу жылының қорытындысы бойынша 9 028 түлек диплом алған. Олардың 74 пайызы жұмысқа орналасса, көпшілігі – өз мамандығы бойынша.

Сонымен қатар, WorldSkills Kazakhstan чемпионатында Қара­ғанды құрамасының ІІІ орын алуы, 5 алтын, 7 күміс медаль жеңіп алуы – жұмысшы мамандықтарының беделі артқанын айқын көрсетті. Ал, Abilympics Karaganda чемпионаты мүмкіндігі шектеулі жандардың да еңбек нарығында өз орнын табуына жол ашты.
«Жұмысшы мамандықтарының жылы» Қарағанды облысы үшін қорытынды кезең емес, жаңа белестің бастауы болды. Бұл жыл еңбек адамына деген қоғамдық көзқарасты өзгертіп, орта арнаулы білім беретін колледждердің беделін арттырды. Өндіріс пен білім арасындағы алшақтықты қысқартты.

Өз кезегінде, қоғамда жұмысшы мамандықтарында еңбек етіп жатқан азаматтардың адал еңбегін елге үлгі етіп, олардың қайсар болмысын насихаттау бағытында да елеулі жұмыс атқарылғанын да атап айту қажет. Мұнда қарапайым жұмысшылардың өз ісіне мығымдығы, кәсіби шеберлігі және сол еңбектің қоғамды ілгерілетудегі орны басты бағдар болды.

Бүгінде жұмысшы мамандықтарында 300 мыңнан астам адам еңбек етіп отырған кеншілер аймағы нақты іспен елге үлгі көрсетіп отыр. Бұл – Президент ұсынған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатының өміршеңдігін дәлелдейтін өңірлік модель.

Қарапайым еңбекке құрмет арт­қанда экономика нығаяды. Кәсіпке адалдық қоғамды тұрақ­тан­дырады. Ал, Қарағанды сол құндылықтарды күнделікті еңбекте дәлелдеп келеді.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button