Жаңалықтар

Қаралы жылдардың қасіреті

Жиырмасыншы ғасыр басындағы ашаршылық пен қуғын-сүргін қазақ халқының 70-80 пайызын жойып жіберді. Аштық көп адамды адамшылықтан айырды. Нәубет жылдарындағы қанды, шерлі естеліктерден сыр шертетін ескі алаң, яғни, Қарамұрын аумағында 50 мыңға жуық жерлесіміз жерленген. Аштықтан жан сақтау үшін Балқаштың зауытына қаншама адам ағылған. Діттеген жерлеріне жете алмай, жолда бірнеше адам шейіт болды. Осы қайғылы, қасіретті жылды мәңгілік есте сақтау мақсатында 2014 жылы аштық құрбандары жерленген жерге балқаштықтардың қаражатына белгі қойылды. Өкінішке қарай, біреулер айтулы белгінің маңына өз ата-бабаларының, руларының есімін жазып, қасиетті аумақтың қадірін кетірді.

Кеңес дәуірінде тарихи оқиғаларға берілетін баға жалған мәліметтермен бұрмаланып келгендігі бәрімізге аян. Қазір қаралы жылдардың қасіретін орта жастағылар мен жастардың арасында ертегі, аңыз деп қабылдайтындар да бар. Қазақ топырағында қасақана жасалған қанқасап – ашаршылық пен репрессия талай отбасының шаңырағын ортасына түсірді. Қырып-жоюды ұйымдастырғандардың басында Сталин және «Кіші Қазан» төңкерісін жасап, халықты мақсатты түрде қырғынға ұшыратқан Голощёкин тұрды.

«Халық жаулары», «кері төңкерісші», «байдың тұқымы», «жапон тыңшысы» сынды түрлі күйе жағылған алашордалықтар, байлар мен билер, жалпы зиялы қауым өкілдері толығымен қудаланды, ату жазасына кесіліп, жойылды. Ал, ақиқаты айтылуы тиіс ашаршылықтың аза тақтасын әлі біз толық жазған жоқпыз. Жаныңды жаныштап, жүрегіңді паршалайтын естеліктерге толы жылдардың толық дерегі әлі жарияланбады. Тарих құжаттарын парақтасақ, 1920 жылдардан бастап қазақ жерінде 2-3 миллионға жуық адам аштықтан көз жұмып, 1,5 миллионға жуығы босып кеткен. Бұл қазақ халқына әдейі жасалған қастандық еді. Себебі, көршілес елдерде мұндай сұмдық болған жоқ.

Отаршыл үкіметтің жүргізіп отырған саясатындағы қатыгездік, теңсіздік, зұлымдыққа негізделген құпия әрекеттерді көре білумен қатар, отаршыл үкіметке батыл түрде сын да айта білген Ұлы тұлғаларымыз қаншама. Алашорда үкiметiнiң ақ туын көтерген Әлихан, Ахмет, Мiржақып бастаған Мұхаметжан Тынышпаев, Халел Ғаббасов, Жүсiпбек Аймауытов елдік жолында күресті. Солардың қатарында зұлмат жылдардың запыранын күймен жеткізген күйші Ахметжан Сармантайұлы да бар еді. Ол жайлы белгілі өлкетанушы Күләш Сардарбек жазып, терең зерттеулер жасады.

Қарлаг, яғни, Қарағанды еңбекпен түзеу лагері – ГУЛАГ архипелагы құрамындағы ең ірі азап аралы. Ол кезінде Қазақстанның орталығында солтүстігі мен оңтүстігі шейін 300 шақырым, шығысынан батысына шейін 200 шақырым ұлан-ғайыр жерді алып жатты. Ал, сыртқары Ақмола және Балқаш бөлімшелерін қосып есептегенде, Қарлагтың ауқымы Францияның жер көлемімен теңеседі. Қарағанды лагері ауқымынан, құрылымдық жүйесінің күрделілігіне және Мәскеуге ғана тікелей бағынған әлеуетіне қарай «мемлекет ішіндегі мемлекет», ал азаптау құралының күштілігі жағынан «Даладағы тамұқ» деген атқа ие болды.

Балқашлаг өзінің өндірістік кәсібі жағынан басқа лагерьден ерекше[1]леніп, құрылыс және мыс Балқыту зауытында мердігерлік жұмыстарды жүргізуге бағытталды. Бұл жерде 1940 жылдары – 650 адам болса, кейін тұтқындар саны 3-4 мыңға жоғарылады. Қазақстанда жапонның 1394 әскери тұтқыны жерленген. Соның елу бірінің жаны Балқашлагта жай тапқан. Бұдан бөлек әзірге есімі белгілі 271 кәріс ұлтының өкілдері, 250 литвалық қаралы жылдардың қасіретін Балқаш жерінде басынан кешірді. Балқашлагтың құрылу негізінен сонау 1930 жылдардан басталады. Алғашқы орталығы Балқаш ЖЭО маңында орналасқан екен.

Ашаршылық алқымнан алған алағай да бұлағай кезеңнен кейін халықтың жағдайы мүлдем төмендеп, тоз-тозы шықты. Орыс отаршылдары америкалықтардың үндістерге жасаған тәжірибесін Қазақстанға жасады. Еске салайық, Америка құрлығында, еуропалықтар тарапынан үндістерге көптеген шабуылдар жасалған. Соғысуға епті, мерген үндістерді соғысып жеңе алмасын білген олар құйтырқы әрекетке барған. Үндістердің тұтынатын азықтарын, яғни, аулап жейтін аңдарын оның ішінде бизондарды түгелімен қырып, үндістерді аштыққа ұшыратқан. Ресей де төрт түлік малымен күнелткен қазақтың басты байлығы – малын қыру арқылы өздерін жер жастандырамыз деген әрекетке барған.

Мұны жүзеге асыру барысында тапсырманы асыра орындағандар «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп зорлық көрсетті. Салықшылар халықтың қолындағы бар мал мен астықты тартып алды. 1929 жаздағы санақта тіркелген 40 миллионнан астам малдан 1933 жылы жазда 4 миллион түлік қалған. Жеуге тамақ қалмай, ауыр апатқа ұшырап, миллиондаған адам өлді және босып кетті. Үкімет босқан халыққа көмек берудің орнына қырылуына жол берді, тіпті, емдеуге тыйым салды. Сол кезде ашыққандар қоян, үйрек, көк кептер, шілде сияқы аң-құсты атып, азық қылды. Балалар болса, тау мен сайды кезіп, тау жуа, қымыздық теріп жеді. Жуа мол болғанмен, ащы, жеуі қиын. Сондықтан, қымыздықпен қосып шайнағанда қышқыл, сүйкімді асқа айналды. Қымыздық жоқта жуаны отқа бір қайнатып, ашуын қайтарып жеді.

Ел ашығып жатқанда үкімет шетелге астық сатуын тоқтатпады. 1928 жылы бір млн. 1929 жылы 13 млн. пұт сатқан, 1930 жылы – 48,3 млн. пұт, ал 1931 жылы қазақтар қырылып жатқанда 51,8 млн. пұт астық шетке сатқан. Онымен қоймай 1932 жылы 18 миллион пұт астық сатылған. Сонда ең болмағанда бір жылғы сатқан астықтың жартысын берсе, сол ашаршылық кезіндегі халықты аштан сақтап қалуға болатын еді. Бірақ, үкіметке қазақтың қырылғаны керек болды.

Кеңес Одағының ресми деректеріне сенгеннің өзінде, 1930 жылдың жазынан 1933 жылдың жазына дейін 3 млн. 379 500 қазақ ашаршылықтың құрбаны болған. Мұның бір миллионнан астамы көрші елдерге босып кеткендердің қатарына жатады. Бұған 1921-1922 жылдардағы аштық құрбандарын қосыңыз. Онда 1,7 млн. адам шейіт болды. 1937-1938 жылдары 110 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырады. Солардың 25 мыңнан астамы атылып кете барды.

1924 жылы сол кездегі Қазақ КСР басшылығының органы «Еңбекші қазақ» газетінде Әлихан Бөкейхан былай деген: «1914 жылы Ресей халқының жалпы саны 161 миллион 700 мың еді. Осы кезде қазақтар қанша еді? Көкшетау уезінің халқына 1896 жылдан кейін 1907 жылы және одан он жыл өткен соң 2 рет санақ жүргізілді. Егер, осы көрсеткіштерді салыстыратын болсақ, қазақтардың өсу қарқыны әлемдік деңгейден жоғары. Егер, әрбір 200 қазаққа орта есеппен 3 адам қосылып тұрады десек, онда 1914 жылы қазақтардың саны 6 миллион 470 мыңға жеткен».

Алаш арыстары «Әлхәмдуилла, 6 миллион халықпыз» деп жүргенде өзбек жұрты 2-3 миллионның айналасында болған. Ендігі мәселе – ердің құны, елдің құны. Мысал ретінде айтар болсақ, Украинадағы ашаршылықты жарты әлем – «Геноцид» деп таныды. Ал, бізде ше? Біздің ендігі жердегі борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау.

Бекен ТӨЛЕУҰЛЫ,

Балқаш қаласының Құрметті азаматы, білім саласының ардагері.

Басқа материалдар

Back to top button