Бас тақырып

Қаралы үйдің дастарханы қандай болуы керек?..

«Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деген еді Абай һәкім. Осынау жыр жолын сан мәрте оқысақ та, мағынасын әлі ұғынып үлгермеген сияқтымыз. Ұқпағанымыз сол – қазалы үйде дастарханды қуанышты тойдағыдай жайнатып қоямыз. Осынымыз қалай? Жаназадан кейін ағыл-тегіл дастархан жаю дұрыс па? Ата-бабадан келе жатқан дәстүрді жоққа шығару ниетіміз жоқ. Жағдайы бар адам жаяды. Кедей елден қалмау үшін қарыз алып жасайды қажет болса… Осылайша, қаржылық қиындыққа тап болып та жатады. Қимасы өмірден өтіп, қиналып отырған отбасыға сол керек пе? Осы мәселеге бойлауға тырысып көрелік…

Адам бақиға озса…

«Заманына сай адамы» деген сөз бар. Осы мақаланы жазуға кіріспес бұрын көп толғандық. «Бұл ата-бабамыздың қаншама ғасырдан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі жолы емес пе? Мұны қозғап, қателікке ұрынбаймыз ба?» деген қисынды сұрақтар да мазалады. Жазбасқа болмады…

Ел арасында осы жайтқа байланысты көптеген пікірлер айтылып жүр. Негізінен, халықтың басым көпшілігі көл-көсір дастархан жаюға қарсы. Құптайтындар да бар. Қазір кісі қайтыс болса, қонақасын мешіт асханасында немесе мейрамханада береді.

Өткен жылдың басында Жезқазған қаласының Ахмет ишан Оразайұлы атындағы мешітінде «Жаназа және жерлеу рәсімдері» тақырыбында семинар өткен еді. Семинар түйінінде шығарылған шешім әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды. Онда көтерілген мәселе – ысырапшылдықтан арылу. Былтыр Көкшетау қаласының ардагерлер кеңесі мен Науан Қазірет орталық мешітінің наиб-имамы Мейіржан Рахметоллаұлы да Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты пәтуа кітабына жүгіне отырып, ысырапшылдыққа жол бермеу, бәсекелеспеу және біріне-бірі көмек көрсетуі жөнінде қаладағы барлық дәмханалар мен мейрамханаларға хат жолдаған екен…

Шариғат не дейді?

Осы жайтқа қатысты шариғат талабына қанық болу мақсатында Қарағандыдағы Әнет баба атындағы орталық мешітінің пәтуа бөліміне жүгінген едік .

– Адам өмірден өткенде, тән – топыраққа, жан көкке кетеді. Өмір мұнымен тоқтамайды, артындағы ұрпағы немесе жақсы істері арқылы жалғасады. Жаназадан кейін толтыра дастархан жаю шарт емес дер едім. «Өлі риза болмай, тірі байымас» деп жағдайы жоқтар да қарызға батып қалады. Шариғатта жетісі, қырқы, жылы деген де жоқ. Бұл – біздің ұлттық салтдәстүріміз. Дәстүр керек, бірақ бос ысыраптан арылуға тиіспіз. Кісі дүниеден озған соң 3 күннен кейін «Яссан» күні болады. Сол күні жақын-жуықтар жиылып, өмірден өткен жанның жақсылығын айтып, еске алып, құран бағыштаса жеткілікті. Үлкен сауабы жетеді марқұмға, – деді пәтуа бөлімінің меңгерушісі Әлімжан Рахматуллаев.

Қонақасы мен ас бірдей ме?

Жобамен есептеп көрсек, қаладағы арзандау деп саналатын мейрамханада қонақасы беруге 1,5-2 млн. теңге шамасында қаражат керек. Қымбат мейрамханада шығындалатын қаржы, әрине, одан да көбірек. Ал, енді ойлап қараңыз. Жалақыданжалақыға өмір сүріп отырған қарапайым тұрғынның осыған шамасы келе ме? Амалсыздан намысқа тырысып, несие алады. Сосын оны кемі 3 жыл 40-50 мың теңгеден төлеуі керек. Ағайын-туыс қонақасыдан қалмайтынын ескерсек, кемі 200 адам жиналады. Адам саны көбейген сайын шығынның да арта түсері анық. Сондықтан да, артық ысырап жасамай, көрпеңе қарай көсілген жөн.

Тарихта Абылайдың асы, Өскенбайдың асы, Сағынайдың асы сияқты үлкен астар берілгені белгілі. Әсілі, қонақасы мен үлкен асты шатастырмау керек. Үлкен астың шығыны, деңгейі, шақырылатын адам саны, өткізілу жөні де бөлек. Мұндай ас көбіне елге танымал, еңбегі сіңген қайраткерлерге беріледі. Әдетте, қайтыс болған адамның жылына орайластырылады.

Айтбай ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚарМУдың оқытушысы, айтыскер ақын:

– Бұл мәселе көптен айтылып келеді. Бір білетінім, қайтыс болған кісі жерленгеннен кейін жайылатын дастархан «қонақасы» деп аталады. Сыртқары жақтан көңіл айтуға келген ағайынға «алыстан келіп, аш қайтпасын» деген ниетпен ғана жайылады. Осыны жақсылап ұғып алған жөн. Тағы бір айтарым, бастысы – дастархан жаюда емес, дұғада болу. Бала кезімізде самаурын тұтатып, отын дайындап жүретінбіз осындай жағдайларда. Қазіргі жастар дастархан маңынан шықпайды. Үшінші мәселе – қонақасы берілетін алыстан келген қонақтарды көршінің үйінде күткен жөн. Бала күнімізде ауылда солай жасайтын. Қазір заман басқа. Мейрамхана жалдап, Құран оқытамыз. Ол да жөн делік. Бірақ, дастарханды жайнатып жаю жөнінде ойланған дұрыс…

Қонақ күту – көрші сүннеті

2009 жыл мамыр айында «Abai. kz» порталында, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының «Жаназа пәтуасы» атты еңбегі жарияланған екен. Соның 31-бөлімінде былай делінеді: «Марқұмның отбасына көршілері тамақ дайындап берулері – сүннет. Оларға тіпті «тамақ алыңыз», – деп қолқалап отырса да болады. Өйткені, қайғылы жандар тамаққа қарамауы немесе ұялуы да мүмкін. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) имам ат-Тирмизи және Хаким (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпінде: «Жағфар (р.а.) қайтыс болды» деген хабар келгенде: «Жағфардың үйіне тамақ апарыңдар. Оның отбасы шұғылданатын іс болып қалды (жаназа істері мен уайым, қайғы)», – деген.

Дастархан жаю әдебі қандай болуы керек?

Атырау облыстық мешітінің имамдары «мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, қонақ күтудің қамына кірісу – күнә. Үш күндігін, жеті күндігін, қырқын көп созбай, біріктіріп атқарып жіберу керек», – деп бастама көтерген екен. Бұл да құптарлық жайт. Қайғыдан ет жүрегі езіліп отырған үйге бірнеше күн жатып алған кісіні күту де оңай емес. Алыстан атбасын бұратындар кейде бала-шағасын ерте келетінін де ескеру керек…

– Қазіргі жаназаларда той сияқты жаяды дастарханды. Жақынының қайтқанына қуанып отырған сияқты. Үстелге жақындаудың өзі ыңғайсыздық тудырады. Менің ойымша, жайылған дастархан да аза тұтушы туыстарының күйзеліп отырған көңілкүйіндей болуы керек. Яғни, шелпек, бауырсақ, қант дегендей. Сосын жерлеп келгеннен кейін 3-4 адам қысқанұсқа естелік, тілек-дұғаларын айтса жетеді. Ұзағынан созып, жиналысқа айналдырып қажет емес. Ал қырқында, жылында естелікті асықпай айтуға болады. Арада біраз уақыт өткенде, туыстары іздейді, сағынады. Естелік те әсерлі, орынды болады, – дейді тақырыпқа қатысты ой бөліскен өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан ағамыз.

Деректерге көз салсақ…

ҚарМУ-дың филология факультетінде оқығанда профессор Жандос Смағұловтан дәріс тыңдау бақыты бұйырды бізге. Сонда ұстазымыздың аузынан Абайдың әкесі Құнанбай өмірден өткенде ас бермегені туралы естіген едім.

Марат Түңлікбаев есімді зейнеткердің «Абай әкесіне неге ас бермеген?» атты мақаласындағы мына мәліметті көзіміз шалып қалды:

«1885 жылы Құнанбай дүниеден озғаннан кейін балалары «Қазақтың салты бойынша әкемізге ас берейік» дегенде Абай: «Асқа мал бөлейік, бірақ, ол малды сойып жұртқа жегізбейік, орыс школасында оқып жүрген қазақ балаларына жәрдемге берейік», – дейді және осы айтқанын істейді де. Құнанбайдың асына шығарылған мал саны нақты мәлім емес. Бір хабарда 100 жылқы, 200 қой делінеді. Абай олардың барлығын сатып, Семейдің интернатында оқитын қазақ жастарына беруі оның бауырларына, ағайындарына да, көршілес елдерге де ұнамайды. «Құнекеңді атаусыз қалдырды» деп талайлар ренжіген екен».

Түйін

Қысқасы, алуан түрлі пікірлер қайшылығы кездеседі. Дастарханды жарқыратып жаюды құптайтындар да, құптамайтындар да бар. Алайда, қолдамайтындардың қатары қалың. Нарықтық заманда қарапайым халыққа жеңілдеу тиетін, қазақы дәстүрге жақын мұсылмандық пәтуасының бар екені де белгілі.

Осы орайда, негізінен, санаға сілкініс керек. Қайтыс болған адамға тиетіні – Құран дұғасы. Қонақасы – алыстан көңіл айтып келген ағайынтуысқа, ниеттес адамдарға көрсетілетін құрмет. Осыны ескерген жан ешқашан қателеспесі анық.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button