Руханият

Қара шаңырақ

Сөз басы

Жыр алыбы Жамбыл есімімен аталатын қара шаңырақтың биыл 90 жылдық мерейтойы. Мектеп мерейтойы – бұл ұстаздар, қызметкерлер ұжымы, оқушылар мен түлектер үшін ғана емес, аймақ жұртшылығы үшін де айтулы мереке. Осындай шараға қатысты Мұхтар Әуезовтің айтқаны бар екен: «Олар халықтың рухын көтереді, халықты топтастырады, ұрпақтар байланысының үзілуіне мүмкіндік бермейді». Міне, осы дәстүрлі дағдымен мектеп те мерейтойын тойлағалы отыр.

Республика деңгейінде сапалы білім беретін оқу орны екенін дәлелдеген, заман талабына сай беделі мен атағы бар біздің мектебіміздің тарихы 1927-1928 оқу жылынан басталады. Мектебіміздің ұстаздары талантты жасөспірімдерді қажымай-талмай білім нәрімен сусындатып келеді. Аға буын түлектеріміздің 80-90% жоғарғы оқу орындарына түсіп, шаруашылықтың барлық салаларында, мемлекеттік қызметтерде, жоғарғы оқу орындарында, ғылыми-зерттеу мекемелерінде қызмет істеді. Жүздеген ғылым кандидаттары, ондаған ғылым докторлары болды. Қазіргі түлектердің бірі өз білімдерін жер шарының атаулы жоғарғы оқу орындарында дәлелдеп қана қоймай, еліміздің өркендеуіне ерен үлестерін қосып жатса, енді бірі өзі білім алып шыққан ордасына оралып, ұстаздарының жолын жалғастырып келеді.

Жамбыл

мектебінің жұрты

1920 жылдардың соңына таман Қарағанды аймағындағы көмір байлығын игеру мақсатында «ҚарағандыКөмір» тресі құрылып, шахталар ашу қолға алынды. Осыған байланысты жан-жақтан кадрлар мен жұмысшылар көптеп келе бастады. Білімді кадрлар негізінен Донбастан, ал жұмысшылар Украинадан, Ресейден және жергілікті халық өкілдерінен құралды. Келгендерге жұмыс бар, үй жоқ. Алғашқы уақыттарда үй салынып біткенше олар жеркепелерде тұрды. Аз уақыттың ішінде олар бір ауыл болып, «Копайгород» деген атпен тарихқа енді. Бірте-бірте олар барақ типтес үйлерге көшіп, тұрмыстары оңала бастады. Барақ типтес емхана, байланыс бөлімшесі, сауда үйлері, асханалар салынып, жаңаша өмір сүру қалыптаса бастады. Осы мекемелердің арасында сауатсыздықты жою мектебі де салынып, жұмыс істеген. Жас балалар да, үлкендер де сауат ашу үшін осында келетін болған. Мақсат тек сауат ашу болғандықтан арнайы сыныптар болмаған. Жұмысқа жарайтындардың барлығы жұмыс істеген. Оқу жасындағы балаларды оқуға тарту туралы үкіметтің арнаулы қаулысына сәйкес 1927 жылы 30 балаға арналған екі комплекті бастауыш мектеп ашылады. Едені, орындығы, партасы жоқ жер барақ болған алғашқы күндері. «Бұл мектеп Шмидт көшесінде орналасқан еді» деп еске алады сол уақыттың түлектері. 1930 жылы жобаға келетін, әжептәуір материалдық базасы бар бір қабатты 8 бөлмелі мектепке көшеді. Барлық уақыттарда да қазақтары аз, орыстары көп, орыс, қазақ сыныптары болған. Ересектер үшін сауат ашу сабақтары үнемі жүргізілген. 1930-1931 оқу жылында өндіріспен байланыстыру мақсатында мектеп фабрика-зауыттық жетіжылдық мектеп болып құрылады. Мектепте осы жылдары ересек оқушылардың «Мәдени жорық» деп аталатын үйірмесі жұмыс істеген. Олар шахта клубтарына, еңбекшілер арасына барып, ойын-сауық, концерттер берген. С.Жұмағалидың Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының тарихына арналған «Арқадағы киелі өнер шаңырағы» атты кітабында өнер тарландары М.Сүртібаевтың, Ә.Мұсабекованың, Қ.Әлімбаеваның, Е.Жүнісбековтің, Б.Бабақовтың және тағы басқалардың Жамбыл мектебінде оқығандары туралы деректер келтірілген. 1932 жылы мектеп екі қабатты тас үйге көшеді. 1-ші қабатында қазақ, 2-ші қабатында орыс балалары оқыған. Орыс балаларының көбеюіне байланысты 1936 жылы қазақ контингенті бөлініп, Аманкелді көшесінің бойынан Қазақ драма театрына таяу маңда салынған екі қабатты ғимаратқа көшеді және сол жылы Жамбылдың 90 жылдық мерей тойына орай Жамбыл Жабаев есімі беріліп, үлгілі қазақ орта мектебі болып аталды. Алайда, 1960-1970 жылдары тіл жөніндегі теріс саясаттың белең алуынан, қазақ балаларының орыс мектептеріне кетіп қалу салдарынан және ауылдан келіп оқитын қазақ балаларына жағдайдын жоқтығынан қаладағы білімнің жалғыз қарашаңырағы жабылудың сәл-ақ алдында болды. Тығырыққа тіреліп тұрған кезде мектептің сол кездегі директоры А.Өтешевтің және облыс, қала, аудан басшыларының, әсіресе, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, ауаткомның төрағасы және басшы қызметтерде отырған осы мектептің соғыс алдындағы түлектері Ж.Әубәкіровтің, Ә.Нұрмағанбетовтің, М.Бөкеновтің, Қ.Аманбаевтың және сол кездегі қалалық кеңестің төрағасы Н.Төлеповтың тікелей араласуының арқасында мектеп жабылудан аман қалды және қазақ орта мектеп-интернаты болып құрылып, қала-ауыл балаларының интернатта жатып оқуына жағдай қарастырылып, Жамбыл мектебінің көшіп-қонған жұрттары «Ескі қалада» қалды да, Майқұдыққа келіп тұрақтады.

Жаңа жұртта жаңа мазмұн және Н.Қайырбаев

1975 жылдардан бастап мектепті облыстық бюджетке кіргізу мәселесі мектептің сол кездегі директоры Н.Қайырбаевтың басшылығымен жүзеге асты. Айта кету керек, Н.Қайырбаевтың да биыл 90 жылдығы. Ол кісі мектеппен құрдас. Мектеп Жамбыл атындағы облыстық мектеп-интернаты болып, ес жинап, тік тұрып кетті. 1980 жылдардың соңы 1990 жылдардың бас кезінде жаңа типті мектепке көшу туралы «Білім» Заңына енгізілген өзгерістерге байланысты мектепті гимназия типіне көшіру таза Н.Қайырбаевтың еңбегі еді. Жаңалыққа ізденіп жүретін Н.Қайырбаев мұғалімдер тіліне «гимназия» деген терминді енгізді. Осыған орай оқыту стратегиясында гуманитарлық және математика-техникалық бағыттағы сыныптар іріктелінді. Сонымен бірге, бұрынғы пәндік бірлестіктер кафедралық құрылымдарға, атап айтқанда, бастауыш білім беру кафедрасы, қазақ тілі мен қоғамдық пәндер кафедрасы, шет тілдер кафедрасы, жаратылыстану кафедрасы, математика-информатиа кафедрасы, жарасым кафедрасы болып бірікті. Н.Қайырбаев мектепке оқытудың жаңа технологияларының: деңгейлеп, саралап, ұжымдық, модульдік оқытудың кеңінен енуіне тікелей ұйытқы болды. Жаңа типті мектептің модулін және оқытудың жаңа технологиясын қалыптастырып, ұлттық педагогикаға негізделген жаңа оқу орнының іргесін нығайтты. Нұрахмет Қайырбайұлы «Тіл туралы» Заңның қабылдануына байланысты, оның нақты түрде іске асуына тікелей араласып, Октябрь аудандық «Қазақ тілі» қоғамын басқарды. Осы шараның аясында тоқтап қалған қазақтың салт-дәстүрін жалғастыру істерін, оның ішінде Қарағанды қаласы бойынша ең бірінші болып Наурыз мейрамын өткізді. Нұрахмет Қайырбайұлы облыстық білім департаменті Үйлестіру кеңесінің және әдістемелік орталықтың мүшесі, мұғалімдер білімін, біліктілігін көтеру институтының Ғылыми кеңесінің, Е.Бөкетов атындағы мемлекеттік университеттің Ғылыми кеңесінің мүшесі бола жүріп, бірнеше әдістемелік кітаптар жазды. ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, облыстық білім департаментінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен бірнеше мәрте марапатталды. Қарағанды қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. 2004 жылы қайтыс болды. Нұрекеңді есте қалдыру мақсатында «Н.Қайырбаев атындағы математика кабинеті» ұйымдастырылды, естелік тақта қойылды. Жыл сайын Н.Қайырбаев атындағы аймақтық математикалық олимпиада және түрлі спорттық, мәдени шаралар өткізіліп тұрады.

Мектептің

бүгінгі келбеті

Қазір мектеп Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернат деп аталады. Директоры Қайырбек Напталұлы Ілімбаев. Қайырбаевтан Ілімбаеқа дейін мектеп-мектеп-интернат-гимназия деген атпен оншақты жылдай өмір сүрді.

Өткеннің болашағы бүгінгі күн, бүгінгі күннің болашағы өскелең ұрпақ, ұрпақтың болашағы-ұстаздардың қолында. Бұл күндері Қ.Ілімбаевтың басқаруымен жұмыс істеп отырған мектептің есімі, облыс, республика көлемінде, алдыңғы қатардан көрініп жүргені баршамызға аян. Мектептің жаңа атауы «Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат». Қайырбек Наптал­ұлы 2006 жылы мектеп тізгін

ін алған күннен бастап ескіні жаңартып, тыңнан жаңалықтар енгізіп, көктемнің шуағындай жаңа леп әкелді. Тынымсыз еңбек, ізденімпаздық жеңіске жеткізеді. Өзінің ұтқыр ұсыныстарымен, ұтымды ойларымен қаражат мәселесін шеше отырып, ұжым мүшелерінің араласуымен сүреңсіз тұрған бес қабатты балалар жатақханасы айналдырған 2-3 жылдың ішінде адам танымастай құлпырып шыға келді. Кабинеттердің материалдық базасы жылдан-жылға нығайып, электронды технологиялардың жаңа буындарымен жабдықталды.

Мектеп ұжымының ұйымшылдығын қалыптастыруда басшының өнерге, спортқа көзқарасы, барлық үйірмелерге жағдай жасап қана қоймай, өзі бірге қатысып жүруі, спорт, өнер жарыстарына «Жұлдыздар» мен «Жігіт сұлтаны» сайыстарына қатысып, өзінің де өнерін көрсетуі, мектептің бұқаралық іс-шараларының дәл ортасынан көрінуі оқушылардың жан-жақты дамуына үлкен ықпал етіп, көп әсер ететіні даусыз.

Біз қазір технологиялық әлемде, жаңа индустриалдық революция дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл дегеніңіз кибернетика, 3D баспа, биотехнология сияқты осыдан 30 жыл бұрын құлақ естіп, көз көрмеген салалардың қарыштап дамыған заманы. Яғни, алған біліміңіз ескіріп отырады, біліміңізді жаңартып отыру қажеттілігі туады. Оның салдары біліктілік боп табылады. Біліктілік балаларды өздігінен ізденуге, талдау машықтарын дамытуға және ақпаратты бағалай біліп, қорытынды жасауға, әрі оқытуға мүмкіндік береді. Мектеп директоры «100 қадам»: Жеткіншек ұрпаққа мектеп табалдырығынан бастап, жоғары оқу орындарына дейін әлемдік деңгейде білім мен тәрбие берілуі керек қағидасын ұстана отырып, мұғалімдердің педагогикалық технологияларды жетік меңгеруін, сабақ беру шеберлігін шыңдауды назардан қағыс қалдырған емес. Мектеп мұғалімдерінің басым көпшілігі жаңашыл, жоғары санатты мамандар. Оның ішінде 7 мұғалім Республикалық авторлық бағдарламалар байқауының жеңімпаздары, 10 мұғалім Республикалық «Дарынды оқушыға – талантты ұстаз» сайысының жүлдегерлері, 5 мұғалім Британ кеңесінің конференциясына қатысып, сертификат алды. «Оқу мазмұны мен құзыреттілігі» тақырыбындағы халықаралық семинарда сертификатталғандар саны – 3. Деңгейлік курстан өткендер – 20, магистрлер саны – 8. Қайырбек Напталұлы өзі де Оңтүстік Кореяға барып, олардың біліктілік арттыру амалдарымен танысып және орта білім беру жүйесіндегі озық оқу әдістерін тәжірибеге енгізу мүмкіншіліктерінен тағылым алып қайтты. Енді олардың бір мектебімен бауырлас болып, байланыс жасау жоспарлануда. Алдағы уақытта оқушылардың «Жас ғалым» халықаралық ғылыми байқауына, ғарыштық зерттеулер бойы

нша «Ғылым әлемін ашамыз» атты халықаралық ғылыми жобалар жарысына, компьютерлік жобалардан халықаралық «Info matrix Asia&Pacific» байқауына, халықаралық Менделеев химия олимпиадасына, «IYPO» жас жасампаздардың ғылыми жоба халықаралық олимпиадасына, халықаралық «INEPO» байқауына, «MOSTRATEC» жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық ғылыми жоба олимпиадасына қатысу шараларын ұйымдастырып жатыр. Бұл межеленген іс-шаралардың ойдағыдай өтуі үшін оқушылардың ағылшын тілін меңгеру және робототехника бойынша іскерлік машықтарын шыңдау қажет етеді. Сондықтан, мектеп оқушылары мен мұғалімдері онлаин жағдайында MIT, HARVARD университеттерінің лекцияларын тыңдай алатындай, қажетті мәліметтерді алуға қол жететін мүмкіншіліктерді тудыруда. Сонымен қатар, Coursera – онлайн курстарға мұғалімдерді қатыстыру жұмыстары жүргізілуде. Функционалды сауаттылықты арттыру мақсатында «Қыш құмыра жасау» үйірмесі де жұмыс істеп жатыр. Соңғы уақыттарда мектепке 8 дана Робот техникасының құрамындағы құрастыру құрылғылары, 4 дана қосымша құрылғылары, 8 дана робот жүргізетін жол, әдістемелік және техникалық нұсқаулықтары, робот техникасы бойынша сабақ жүргізуге арналған мұғалімдерге көмекші электрондық және қағаз түрінде кітаптар мен презентациялар, лицензиялық бағдарламалары алынып, іске қосылды. Өткен жылы Қарағанды облысының білім басқармасы мен Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы қолдауымен бірлесе отырып өткізілген «RoboLand 2015» фестиваліне мектебіміздің оқушылары қатысып, тәжірибе жинады. Болашақта облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысу жоспарлануда.

Мектептің сапалық көрсеткіштері бұрын-соңды болмаған көрсеткіштерге 2010 жылдан бастап қол жеткізе бастады. 2010-2016 жыл аралығында 23 оқушы «Алтын белгіні» иеленсе, 40-қа тарта бала «Үздік белгіні» ақтап шыққан. Өткен оқу жылының өзінде мектепті 6 оқушы «Алтын белгімен» 11 оқушы «Үздік белгімен» бітірді. Бітірушілерден 3 оқушының көрсеткіші ең жоғарғы 120 балл, 12 оқушының көрсеткіші 117 балл болды. Жыл сайын 7-10 оқушы Ресейдің, Еуропаның, АҚШ-тың, Жапония, Қытай сияқты мемлекеттерде «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсті. Биыл осы бағдарламамен 12 оқушы оқып жатыр. ҰБТ-ның көрсеткіші де өсу үстінде. 2007-2010 жылдары ҰБТ көрсеткіші 70-98 болса, 2010-2016 жылдарғы көрсеткіші 104-107 аралығында болды. Облыс бойынша 2016 жылы І орынға шықты. Осындай жетістіктерді есепке алған Білім басқармасы мектепті «Ауыл – қала» жобасы аясында 2015-2016 оқу жылында Шет және Ақтоғай аудандарымен оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін жетілдіру, озық тәжірибелермен алмасу, желілік қауымдастық құру арқылы ауыл мектептеріне әдістемелік көмек көрсету, «Табысты оқыту – құзырлы мұғалім, құзыретті оқушы» тақырыбында іс-тәжірибе тарату мақсатында шеф ретінде бекіткен болатын. Оған Шет және Ақтоғай ауданының ауылдық мектептерінің мұғалімдері қатысты, ал «Түлек – 2016» акциясы аясында Шет ауданынан келген 11 сынып оқушыларына ҰБТ-ке дайындау сабақтары өткізілді.

Мектепте облыстық ғылыми-практикалық конференцияларды, олимпиадаларды өткізіп тұру дәстүрге

айналған. Биылға оқу жылында «Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейхан – қазақ руханиятының көшбасшысы» тақырыбында дәстүрлі «Тарих және тағылым» атты ІХ аймақтық ғылыми-практикалық конференциясы, Қаныш Сәтбаевтың шығармашылығын насихаттау мақсатында «Тұғыры биік тұлға» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.

Оқушылардың шығармашылық-зерттеушілік-танымдық іс-әрекеттерін дамыту бағытында «Жас өркен» ғылыми қоғамы, «Ауылдағы 10 күн» жобасы, зияткерлік «Ой сана» бірлестігі, жас тілшілердің «Шұғыла» тобы, «Дат-Дебат» клубы, «Әділет» тобы сияқты бірлестіктер жұмыс істейді.

Қорыта айтқанда, білім беру саласына, сонымен бірге, еліміздің гүлденуіне, өзінің өлшеусіз үлесін қосып, жаһандық алдыңғы жетістіктер ізімен дамып келе жатқан мектептің бүгінгі келбеті көңіл толарлық.

Сөз соңы…

Жамбыл мектебінің тынысы тарылып жабылып қалар тұста бар күш-жігерін жұмсап, аман алып қалған қайран ағалардың еңбегін атамай кету әбестік болар еді. Жамбыл мектебінің бүгінгі 90 жылдық мерейтойына үлкен абыроймен жетуі сол ағалардың арқасы. Соғыс басталғанға дейін осы мектепте оқып, бітірісімен соғысқа аттанғандар. Соғыстан жеңіспен оралып, елдің еңсесін көтеруде ерен еңбек еткендер. Олар жоғарыда аттары аталған Әубәкір Жұмашев, Әбушахман Нұрмағанбетов, Қали Аманбаев, Мұхамедия Бөкенов сияқты аяулы ағалар еді. Қан төгіп, жараланып келгендеріне қарамастан, облысымыздың шаруашылығын, өндірісін нығайтып қана қоймай, сонау 20-30 жылдары қазақ интеллигенциясының қалыптасуына зор үлес қосқан, өздерінің ұшқан ұясы Жамбыл мектебін қолтығынан демеп, үлкен жолға түсуіне көп еңбек сіңіріп еді. Қазір олардың бәрі де бақилыққа озған. Жандары жәннатта болғай!

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН.

Басқа материалдар

Бір пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button