Қара өлең мен Қасымның құшағында

Қазан туа Қарағанды шабыт құшағында бұрқанатын сияқты. Күллі қазақ даласы сондай күйге енетіндей сезіледі кейде. Ақынның, Қасымның туған күні (10 қазан) келе жатыр ғой. «Болдиноға күз келді пушкин келмей…» (Тұрсын Жұмаш) дегендей, ақындар үшін күз айлары – шабыт маусымы.

Былтыр да осы күз айларының бірінде жыр думаны дүркірегені есімізде. Қара өлеңнің тойы – «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты республикалық жыр мүшәйрасының қорытындысы еді ол. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылып, мәртебелі поэзия мерекесі қайта өтті. Рухтың тойын дәстүрге айналдырған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармаға алғыс делік онда. Жыр додасы жарияланғалы еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ге жуық ақын өлең жолдап, бақтарын сынаған екен. Солардың арасынан Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай бастаған қазылар алқасы 15 ақынды іріктеп алып, жүлдеге іліктіріпті. Ақындар бірінен соң бірі шығып өлең оқығанда… Қарағанды экономикалық университетінің кең залынан көтерілген рух аспан тіреген шығар. Қазақ поэзиясының қыраны Қасымның «Өзім туралысын» орындап, айбоз әнші Ержан Базарбеков шықты әуелі. «Ей, тәкәппар дүние!» деп Қасым рухы сөйледі бұл күні. Қарқаралы ауданы мен Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері Рымбала Омарбекова жүрекжарды лебізімен бөлісті.

Мың бұралып, бишілер ырғалды. Дүлдүл өлең, бұлбұл әндер шырқалып жатты. «Ақындар айтып өтеді, Арманын бүкіл пенденің» (С.Ақсұңқарұлы) демекші, Қасымның жұртында қара өлеңнің отын маздатқан Ғалым Жайлыбай мен Серік Ақсұңқарұлынан асырып не айтқандаймыз?! Бірі жыр додасының бас жүлдесін, бірі бірінші орынын табыстап тұрып, пайымды пікір, салмақты сөз ұштады. Бұл ағалардан бөлек, қазылар алқасының құрамында ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры, «Қасым» республикалық қоғамдық-әдеби журналының бас редакторы Серік Сағынтай, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Қамбар Ахметов, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, «Шабыт» фестивалінің лауреаты, ақын Мирас Асан бар.

Сонымен, кіл мықтыда, кім мықты дейміз ғой бәріміз? Әуелі ынталандыру сыйлықтарын облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова ақтөбелік Амангүл Досмұхаммедова мен Дәурен Тілеухан, қарағандылық Айзада Рахымжанова, Қайрат Иманбеков, Жәлел Шалқар, Ерболат Қуатбек, павлодарлық Бөкен Жігерге табыстады. ІІІ орын теміртаулық Таңсәуле Әгенқызы, нұрсұлтандық Олжас Қасым, қарағандылық Ерік Нарынға бұйырды. Елордалық Ұларбек Нұрғалымұлы мен тараздық Табиғат Абаилдаев ІІ орынды теңдей бөлісті. Қарағандылық Мақсат Күземхан І орыннан көрінсе, «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты республикалық жыр додасының бас жүлдесін (бес жүз мың теңге) жетісулық Мұхтар Күмісбек еншіледі. Жүлдегерлер мен жеңімпаздардың әрқайсы дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Жәнібек ӘЛИМАН.