Қарақұдықтағы қуаныш
Бұқар жырау ауданында медициналық мекемелер салып, халықтың игілігіне беру ісі биыл да жалғасуда. Өткен жылы ауданның Қызылжар мен Қызылқайың ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пунктер қатарға қосылса, жуырда Қарақұдық ауылында да осындай нысанның құрылысы аяқталып, оның ашылу салтанаты өтті.
Қарақұдықта болған рәсімде Бұқар жырау аудандық мәслихаттың төрағасы Асхат Әлиев құттықтау сөз сөйлеп, емдеу орнының лентасын Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Арман Дардақов пен ауыл ақсақалдары Үсен Рахымберлин, Қабдолла Ахановтар қиды.
Бұрын аталған елдімекеннің тұрғындары ем-дом алып, дәрігерге қаралу үшін аудан орталығы Ботақара кентіне сабылатын болса, бұдан былай ол бейнеттен құтылды. Өйткені, «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында бой көтерген жаңа ғимараттың іші қажетті құрал-жабдықтармен, жиһаздармен, дәрі-дәрмектермен, білікті мамандармен қамтамасыз етілген.
Ал жуырда Ақтөбе және Қызылжар ауылдарында да осы үлгідегі пунктердің де ашылу салтанаты болады. Жалпы, биыл ауданның басқа да 13 өңірінде тағы да осындай медициналық мекемелердің құрылысы басталады.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz