Жаңалықтар

Қарағандының қысқа дайындығы қандай?

Маусымнан басталған аптап ыстық қытымыр қаңтарға айналып келетінін ескерсек, қамданудың маңызын іштей түйсінетіндейміз. Биыл жылыту маусымына дайындық қарқынды көрінеді. Облыс әкімдігі тарапынан арнаулы штаб құрылды. Тиісті бағдарлама мен жұмыс кестесін қабылдаған құзырлы органдар жұмысы һақында Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов Өңірлік коммуникациялар алаңында журналистер қауымына баяндап берді.

Өңірде жеті жылыту орталығы бар. Жылыту маусымына биыл 16 млрд. теңге қарас­тырылған. Бұл сома 45 жылу қазандығы мен тоқ өндіретін 29 генераторды жаңарту мен жөндеу жұмыстарына жұмсалмақ. Бұдан бөлек облыс бойынша 1 113 әлеу­меттік нысанға 660 автономды жергілікті қазандықтар жұмысына 1 млрд. 600 млн. теңге қарастырылған. Жылу қуатын тасымалдайтын жылутранзит жұмысының бағыты бойынша 22 шақырымнан астам жылыту желісі ауыстырылатын болады.

Электр жүйелері бойынша 13 млрд. сомасындағы қаражатқа тиісті жабдықтар, транс­форматорлар орнату мен желілер тарту жұмыстары қолға алынуда. Кәріз жүйесін оңдау ісіне 23 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалатын болады. Қала орталы­ғында орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 5 743 көпқабатты тұрғын үй бар. Бұл тұрғын үй саны бойынша Қарағанды қаласы Алматы қаласынан кейінгі екінші орында. Сол үйлердің даярлық паспорттарын дайындау әрдайым өзекті. Жертөлелердегі жылу түйіндерін қалыпқа келтіру жұмыстары атқарылуда. Сонымен, бұл салаға 96 млрд. теңге жұмсалатын болады.

– Көріп отырғандарыңыздай, бұл сома былтырғыдан 24 млрд. теңгеге артық. Алдымызда өте ауқымды жұмыс жоспары, кешенді іс-шаралар легі бар. Оны қысқа дейін аяқтау міндеті тұр, – деді спикер.

Тілшілердің бірқатарын Теміртау шаһарындағы жылыту маусымына дайындық шаралары толғандырды. Спикердің сөзінше, онда қазірдің өзінде алты ірі жоба қолға алынған. Қаланың өн бойында жаңа жылу желілері салынуда. Сондықтан, биылғы қысты металлургтер қаласы «тоңбай» өткізеді деген сенім бар.

«Монополистердің Жылыту маусымында тариф көтеретіні жайлы ақпарат тарап жатыр, бұған не дейсіз?» деген әріптес сауалына Ербол Уәлиұлы былай деді:

– Тариф текетіресі көп жылдан бері жалғасып келе жатқан қаржылық құбылыс. Естеріңізде болса, үкімет тарапынан монополистерге қызмет бағамын көтеруге тыйым салынған еді. Есесіне олардың техникалық ахуалы нашарлап кеткенін қоса ескеруіміз қажет болады. Орын алған апаттардың бірқатары сол себептен болды. Екібастұз, Риддер, Степногорск қалаларындағы оқиғалар – соның салдары. Сондықтан, бұл арада «инвестициялық тариф» бағдарламасы іске асады. Оның өзіндік алгоритмі бұқараға таныстырылып жатыр. Сайып келгенде, мұның бәрі қытымыр қыстан қалтырап қалмау мақсатында жасалынып жатқан бастамалардың бір парасы.

Брифинг соңында спикер журналистер сауалдарына жауап беріп, ынтымақтастық негіздегі жұмыстың жалғасуына сенім білдірді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button