Қарағандының арнайы қызметтері қысқа қаншалықты дайын?
Еліміз бойынша «Қыс-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтуде. Осы шара аясында бүгін Ә.Бөкейхан ауданы, №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бекеті ғимаратының алдында облыстық құтқару бөлімшелері техникаларының қысқа дайындығы пысықталды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов арнайы қатысты.

«Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларға мемлекеттік органдар мен азаматтық қорғау жүйесінің күштерін дайындау» тақырыбында өткен оқу-жаттығу жиынында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов әкім орынбасарына сатып алынған техникалар мен қолда бар техникалардың жай-күйі туралы баяндады.
– Түрлі төтенше жағдайларға жұмылдырылатын авариялық-құтқару бөлімшелері үшін оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Оған Полиция бөлімшелері, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жол ұйымдары, әскери-құтқару қызметтері, министрліктің іздестіру бөлімшесі, Апаттар медицинасы орталығы қатысты. Жергілікті бюджет есебінен де, республикалық бюджет есебінен де барлық бөлімшелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Өткен жылы жедел-құтқару бөлімшелеріне жоғары қабілетті әскери-құтқару техникаларын алдық, – деді департамент басшысы.
Сондай-ақ, медициналық пункт, тамақтандыру пункті және орналастыру орталығының жұмысы да көрсетілді.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ