Жаңалықтар

Қарағандылық жас бұлбұлдар жүлдемен оралды

Қарағандыда «Туған еліме мың алғыс» атты балалар арасындағы патриоттық ән байқауы өтті. Оған Қарқаралы, Бұқар жырау, Шет, Ақтоғай аудандары мен Абай, Саран, Шахтинск және Қарағанды қаласынан 90-ға жуық бала қатысты. Байқау қорытындысы бойынша Гран-при жүлдесі қарағандылықтардың еншісіне бұйырды.

Аталмыш байқау  9-12 және 13-17 жас аралығында екі санаттан өтті. Қатысушылар патриоттық және еркін тақырыпта ән шырқап, бақ сынасты.

Қарағандылық Ажар Әбдішева 9–12 жас санатында бақ сынап, бас жүлде иеленді. Ал, І орынды абайлық Остап Титовский, ІІ орынды Бұқар жырау ауданынан келген Нұрай Шоқан, ІІІ орынды қарағандылық Сара Санақ иеленді.

Ажар Әбдішеваның жасы – 9 да. «Унисон» музыкалық студиясында тәлім алып жүргеніне екі жылдам астам уақыт өтіпті. Бұдан бөлек, скрипка сыныбын да барып, білімін жетілдіруде.

– Бірінші турда Мөлдір Айтпайдың сөзіне жазылған Ұшқын Жамалбектің «Отан» әнін орындадық. Ал, екінші кезеңде Тhe Show Must Go On әнін таңдадық. Қойылымға жаңалық енгізу үшін скрипкада да ойнады. Нәтижесінде, Гран-при иелендік. Байқауға менің тағы бір оқушым Сара Санақ қатысты. Ол да үздік өнер көрсетіп, ІІІ орынға ие болды. Балалардың дамуына әсер ететін бірден-бір осындай байқаулар көп болса екен, – деді «Унисон» музыкалық студиясының жетекшісі Мөлдір Борашева.

 

Ал,  байқаудың екінші санаты, яғни, 13-17 жас аралығында өткен бәсекеде жүлденің бәрі қарағандылықтардың қанжығасында қалды. Бас жүлдені Мөлдір Мырзабекова, І орынды – Асылжан Қамысбаев, ІІ орынды – Елдар Тұрар, ІІІ орынды – Нұрайлым Айбекова иеленді.

16 жастағы Мөлдір Мырзабекова Майқұдықтағы «Қарақат» студия-мектебінің тәрбиеленушісі. Вокалмен айналысып жүргеніне 9 ай ғана уақыт өтсе де осындай жетістікке жетіп отыр.

– Мөлдір республикалық байқаулардан жүлделі орындарға ие болып жүрген шәкіртім. Осы байқауда да асығы алшысынан түсті. Алғашқы айналымда «Жұмақ мекен» атты әнді шырқаса, екінші айналымда Mama knows best атты әнді орындады. Барлық қатысушылар жақсы деңгейде өнер көрсетті. Ал, Мөлдірдің кезекті жеңісі – үлкен олжа, – деді «Қарақат» мектеп-студиясының вокал оқытушысы Бимария Маратқызы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button