Аймақ тұрғындарын “Арай” квартетінің шығармашылық кешіне шақырады
25 сәуір күні Қарағанды кеншілер мәдениет сарайында “Арай” квартетінің концерті өтеді. Концертте Еркеғали Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестр, “Арқа сазы” фольклорлық ансамблі және “Аққу” фольклорлық-хореографиялық ансамблі өнер көрсетеді.
“Өмір жолы – өнер жолы” концертінің бағдарламасында қазақстандық және шетелдік композиторлардың шығармалары, халық әндері шырқалады. “Арай” квартетінің солистері эстрадалық, халықтық және классикалық әндер, романстар орындайды.
Квартеттің көркемдік жетекшісі – “Құрмет” орденінің иегері Сержан Мұсайын.
Биыл Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігіне 85 жыл толу мерейтойына орай, бірлестік ұжымдары мен әртістері есеп беру концерттерін беріп, шығармашылық кештер дайындайды және тағы басқа да шаралар ұйымдастырады.
Бүгінгі таңда бірлестікте сегіз шығармашылық ұжым – Еркеғали Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестр, Тәттімбет атындағы Қазақ халық аспаптарының академиялық оркестрі, джаз оркестрі, “Арқа сазы” фольклорлық ансамблі, “Аққу” фольклорлық-хореографиялық ансамблі, “Мерей”, “Әуен” және “Арай” солистерінің ансамбльдері жұмыс істейді.
Анықтама телефоны: 41-13-14, 41-22-30, 8-701-339-72-57.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz