Қарағандылықтар үздік атанды
2 наурызда басталған Қарағанды қаласының 5451 әскери бөлімінде Ұлттық ұлан Орталық өңірлік қолбасшылығының қолбасшысының Кубогі үшін ұйымдастырылған жекпе-жек өз мәресіне жетті. Жарысқа Ұлттық ұланның СҚО, Ақмола, Қостанай қаласынан жауынгерлер келді.
Үш күндік додада өзгелерден алға ұмтылып, әр спортшы өз салмағындағы қарсыластарының барлығымен кездесіп, ең көп жеңіске жеткендері финалға өтті.
– Әрбіреуің жақсы нәтиже үшін, топтық жеңіс үшін, тіпті жеңілістің өзінде жеңемін деп, жақсы кездесулер өткіздіңіздер. Айта кететін жәйт, бұл жолы сарбаздар өте жақсы дайындықтарын көрсетіп жатыр, бұл ең алды барлығымыз үшін жеңіс, – деді жарыстың бас төрешісі, Президенттік көпсайыстың Шаңғы мен биатлон жарысы бойныша спорт шеберіне үміткері, Орталық өңірлік қолбасшылығының дене шынықтыру және спорт бастығы полковник Александр Апасов.
Жарыс қорытындысы бойынша қарағандылықтар үздік атанды.
57 келі салмақ дәрежесіне дейін өнер көрсеткен 5451 әскери бөлімінің аға сарбазы қатардағы Тимур Журекенов — І орын, 6505 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы Санжар Тайболдин — ІІІ орын иеленді.
62 келі салмақ дәрежесіне дейінгі ұрыста 5516 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы Алмат Әбін (Теміртау қаласы) — ІІІ орынды, 6505 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы Қайлан Қасым — І орынды қанжығасына бөктерді. Ал, 73 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен 6505 әскери бөлімінің аға маманы сержант Ғабит Досмаханов пен 80 келі салмақта жұдырықтасқан 6505 әскери бөлімінің маманы қатардағы Әділет Манап қарсыластарын шаң қаптырып, жеңімпаз атанды.
88 келі салмақта ұрысқан 5516 әскери бөлімінің аға маманы қатардағы Бейбарыс Ғабдуллов (Теміртау қаласы) — ІІІ орын, 6505 әскери бөлімінің маманы кіші сержант Ғалым Жақсылықов — І орын иеленді.
Түйе жүлде, яғна, 97 келі салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген 5451 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы Рахымжан Сайлаубаев жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды.
Сондай-ақ, «Ең тез жеңіске жеткен» аталымына Қарағандылық маман кіші сержант Ғалым Жақсылықов лайық деп танылды.
Жалпы командалық есепте 30 ұпай санымен Степногорск қаласынан келген 3517 әскери бөлімі ІІІ орын иеленді. 31 ұпаймен Қостанайлық 6697 әскери бөлімі жүлделі — ІІ орын, 35 ұпаймен Қарағанды қаласының 6505 әскери бөлімі — І орын иеленді. Сонымен қатар, өңірлік қолбасшылықтың қолбасшысы генерал-майор Сакентай Шекарбековтың Кубогінің иегері атанды.
Алдағы уақытта жеңіске жеткен жауынгерлер топ құрап, сәуір айында Шымкент қаласында өтетін Республикалық жарыста Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғайтын болады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz