Қарағандылық спортшы әлем чемпионатынан жүлдемен оралды
Қарағандылық Егор Желтов Абу-Дабиде өткен ММА бойынша жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Жарысқа 46 елден барлығы 653 спортшы қатысқан. Оның ішінде 35 спортшы еліміздің намысын қорғаған.
Біздің спортшылар 3 алтын және 6 қола медаль жеңіп алды. Қарағанды облысынан ел құрамасына 5 адам кірді.
Барлық спортшы еліміздің намысын лайықты түрде қорғаған, бірақ Егор Желтовтың нәтижесі ең үздік болып, 16–17 жас тобында 52,2 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
– Мен 10 жылдай спортпен шұғылданамын, ал, ММА-мен екінші жыл ғана. Негізі менде қоян-қолтық күрес, жауынгерлік самбо спорт түрлері дамыған. Биылғы жылы әлемдік чемпионатта Абу-Дабиде төрт жекпе-жек өткіздім, оның үшеуінде жеңіске жеттім. Бірінші раундта Оңтүстік Африкадан келген жауынгерді тұншықтырып жеңдім, Польша мен Болгариядан келген спортшылардан басым түстім. Тәжікстаннан келген жауынгерге жеңіліп қалдым. Тәжірибе жеткіліксіз деп санаймын. Келесі жылы жоғары нәтиже көрсете аламын деп үміттенемін, – деді Егор Желтов.
Спортшы “Ермолаев 07” клубында жаттығады. Жаттықтырушысы – Дмитрий Ермолаев.
Ербол ЕРБОЛАТ,
ortalyq.kz