Қарағандылық қос компания үздіктер қатарында
Елордада жыл сайын «Қазақстанның үздік тауары – 2023» республикалық көрме байқауы өткізіледі. Биылғы байқауға 180 компания қатысып, ішінен 27-сі ақтық кезеңге жолдама алды. Солардың қатарында қарағандылық «Drive Industry» мен «A.V.Group» компаниясы да бар.

Аталмыш байқауға өңірден тоғыз компания қатысқан болатын. Олардың үшеуі «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық үшін үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша қатысты. Ал, «Drive Industry» ЖШС «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында бақ сынап, байқаудың соңғы кезеңіне жолдама иеленді. Бұл компания отандық өнеркәсіптік кәсіпорындарды материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етеді. Мемлекеттік бағдарламалар мен республикалық маңызы бар жобаларға қатысады.
Саран қаласында орналасқан «A.V.Group» тігін кәсіпорны бұл байқауда «Халық үшін ең үздік тауарлар» аталымы бойынша сынға түсті. Кәсіпорынның нарықта жүргеніне сегіз жылдың жүзі болыпты. Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы», «Қазпошта», «Самұрық Энерго», «KEGOC» секілді ірі компаниялармен бірлесе жұмыс жасап келеді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz