Медицина

Қарағандылық 68 жастағы науқастың қуығынан 14 тас шықты

Қарағандыда облыстық клиникалық ауруханасының урология орталығының мамандары 68 жастағы емделушінің қуығынан 14 тас алып шықты. Облыстық клиникалық ауруханада қуықтан (2 см немесе одан да көп) тастарды алып тастау үшін заманауи жабдықтар қолданылады. Олардың көмегімен дәрігерлер әртүрлі мөлшердегі тастарды бөлшектейді және алып тастайды.

Суреттер: облыстық клиникалық ауруханасынан

Цистолитотрипсияның негізгі мақсаты – қуықтан барлық тастарды алып тастау. Отадан кейін ауырсыну сезімі болмайды, зәр шығару қалпына келеді. Басты артықшылығы: минималды жарақат, бір уақытта бірнеше «тастарды» алып тастау мүмкіндігі, теріде көрінетін іздердің болмауы, отадан кейін тез қалпына келу және асқыну қаупі төмен болады. Мұндай оталар шұғыл көрсеткіштер бойынша ТМККК шеңберінде де, МӘМС жүйесінде де жүргізіледі.

– Облыстық клиникалық ауруханада мұндай оталар жиі жасалады. Науқас қуық асты безінің үлкен аденомасымен және қуықта көптеген тастардың болуымен келіп түсті. Оған бір сатылы ота жасалды. Тастар мен қуық асты безінің аденомасы алынып тасталды. Нәтижесінде 68 жастағы науқастан тастардың тұтас «ұясы» алынды, – дейді урология бөлімінің меңгерушісі Серік Жүнісов.

Ультрадыбыстық және КТ зерттеу кезінде дәрігерлер науқастың қуығы «тастармен» толтырылғанын көрді. Ең үлкен «тастар» диаметрі 3 сантиметрге дейін жетті. Одан әрі асқынулардың, атап айтқанда зәр шығару жолдарының созылмалы қабынуының алдын алу мақсатында мамандар шұғыл түрде тастарды алып тастау үшін ота жасады, ота 2,5 сағатқа созылды.

– Мен 7 қазанда ауруханаға түстім, екі күннен кейін ота жасады, сәтті өтті. Қазір өзімді жақсы сезінемін деп айтуға болады. Барлығы тегін болды. Ризамын, – деп бөлісті емделуші.

– Бұл біздің бөлімдегі ең көп таралған оталардың бірі. Күніне зәр шығару жолындағы тастарды алып тастау үшін 3-4 ота жасалады. Сондықтан біз ауыр асқынуларды болдырмау үшін денсаулығыңызға қамқорлық жасау және мүшелеріңізді бақылау қажет екенін еске салудан жалықпаймыз. Мұндай жағдайлар несеп-жыныс жүйесіндегі кез келген проблемалар үшін мамандарға уақтылы жүгінудің маңыздылығын көрсетеді, – деп атап өтті Серік Жүнісов.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button