Қарағандыда жыл басынан бері 1 416 жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылған
Сәуір айында үйінен рұқсатсыз шығып кеткен 33 балаға іздеу жарияланған. Бұл туралы Қарағанды облыстық полиция департаменті ювеналдық полициясы қызметінің аға инспекторы Әсел Омарова мәлімдеді.

Инспекторлардан бөлек, облыстың бүкіл гарнизоны, мыңдаған полиция қызметкерлері мен еріктілер кәмелетке толмағандарды іздеуге шыққан. Жедел шараның арқасында барлық балалар табылып, медициналық тексеруден кейін отбасыларына оралған. Ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізілген.
– Үйден рұқсатсыз шығып кеткен 33 баланың 9-ы кәмелеттік жасқа толмағандар. Олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, есепке алынды. Сондай-ақ, жыл басынан бері ата-анасының қарауынсыз түнде жүрген 1 416 жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ойын-сауық мекемелерінде 58 бала анықталды. Сатушылар 185 жасөспірімдерге алкогольдік ішімдік пен 68 балаға темекі өнімдерін сатқан. Екі жасөспірімнің мінез-құлқына ерекше талаптар қойылып, 8 оқушы арнайы мектепке, 45 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, – дейді Әсел Омарова.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ