Қарағандыда «Жасыл мектеп» жобасы аясында ЭкоFEST фестивалі өтт
Бүгін Қарағанды қаласындағы орталық саябақта «ЭкоFEST» фестивалі өтті. Биылғы фестиваль – елімізде қолға алынған «Жасыл мектеп» жобасының жыл бойғы жұмысына қорытынды болды. Бұл жобаның жүрегінде – баланың табиғатпен сырласуы, жерге, ағашқа, суға жанашырлықпен қарауы жатыр. Фестивальдің мақсаты да экологиялық мәдениетті қалыптастыру, бала бойына табиғатқа деген жауапкершілікті ұялату.

Фестивальге қатысқан №12 жалпы білім беретін мектеп, №33 мектеп-бөбекжай кешені мен Абай атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары мен ұстаздары өздері жасаған экожобаларын таныстырды.
Шараны «ECO Network» ЖШС-нің басшысы әрі жобаның негізін қалаушы Е.Мұхамеджанов ашты. Ол балалардың жыл бойы жасаған еңбегін жоғары бағалап, экосезімді қалыптастыру – мектеп табалдырығынан басталатынын ерекше атап өтті. Жобаға қолдау көрсеткен – еліміздің ірі қаржы ұйымы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ.
Фестиваль аясында өткізілген шеберлік сағаттары балалар үшін шынайы қызығушылық тудырды. «Қайта өңделген заттан жасалған қолөнер» көрмесінде шынайы шеберлікпен жасалған бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Ал «Гүл өссе – жердің көркі» атты шеберлік сабағында оқушылар өз қолдарымен бөлме өсімдігін отырғызды. Бұл жай ғана сабақ емес — бір түп жасыл желекке өмір сыйлау, оны баптап өсіру арқылы ішкі жауапкершілікті ұғындыру болды.
Балалар қалдықтан сәндік бұйымдар жасап, мольбертте табиғатты бейнелеп, экологиялық ойындарға қатысып, көңіл сергітті. Әсіресе, «Жануарды табиғаты бойынша тап» деген ойын оқушылардың зейінін, байқағыштығын дамытты. Экоквестте топ болып тапсырма орындау арқылы бірлікті де, білімді де қатар алып жүрді.
Фестиваль соңында ең белсенді қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды. Жыл бойы оқушылар жинаған пластик қақпақтар қайта өңделіп, олардың негізінде жасалған кәдесыйлар мен үстелдер мектептерге тарту етілді.
Шараға арнайы қатысқан «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары А.Досымбекова да өз сөзінде балалардың табиғатқа деген көзқарасына жоғары баға беріп, мұндай бастамалар болашақ үшін аса маңызды екенін айтты.