АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандыда жаңа оңалту орталығы ашылды

Қарағанды қаласында аутизм спектрінің бұзылыстары мен өзге де менталдық ауытқулары бар балаларға арналған «Қамқорлық» облыстық күндізгі орталығы ашылып, жұмысын бастады. Мұнда жыл сайын 3 пен 18 жас аралығындағы 125 бала тегін бейімдеу және оңалту бағдарламаларынан өте алады. Орталық қызметі балалардың дамуына, әлеуметтенуіне және қоғамға бейімделуіне бағытталған әлеуметтік-тұрмыстық, психологиялық, педагогикалық және медициналық қолдауды қамтиды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жаңа орталықтың жұмысымен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысты. Нысан «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай қайырымдылық операторы  – «Samruk-Kazyna Trust» қоры, «Қазақстан халқына» қоры, «Қамқорлық қоры», Нұрсұлтан Назарбаев қоры және облыс әкімдігінің серіктестігімен ашылды.

– Жаңа жыл қарсаңында ерекше балаларға арналған маңызды әлеуметтік нысанды іске қосып отырмыз. Бұл – бірнеше ұйымның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Ең бастысы – балалардың күлкісі естіліп, олардың жүзінен қуаныш көрінсе екен, – деді өңір басшысы.

Орталыққа қатынауды жеңілдету үшін тұрақты автобус бағытын ұйымдастыру тапсырылды. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен арнайы шағын автобус сатып алынып, балалардың мәдени және спорттық іс-шараларға қатысуына мүмкіндік жасалды.

Орталықтың жалпы аумағы 4500 шаршы метрді құрайды. Барлық үй-жайлар балалардың диагноздары мен жеке қажеттіліктері ескеріліп жабдықталған. Қауіпсіздік талаптарына сай еуропалық өндірушілердің жиһаздары мен құрал-жабдықтары орнатылған, бейнебақылау жүйесі қарастырылған.

Мамандар аутизм және менталдық бұзылыстары бар балалармен жұмыс істеу бойынша арнайы оқытудан өткен. Қазіргі таңда орталықта 20-дан астам әдістеме қолданылады. Сонымен қатар ата-аналарға психологиялық және консультациялық қолдау көрсетіледі.

Орталықта ABA-терапия, арт-терапия, логопедиялық, дефектологиялық, сенсорлық интеграция, робототерапия, лего-терапия, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау және бейімделген дене шынықтыру сабақтары өткізіледі. Қыш құмыра жасау, ағаш өңдеу, тігін шеберханалары, музыка және сенсорлық бөлмелер жұмыс істейді. Сабақтар күніне екі ауысымда, төрт сағатқа дейін жүргізіледі.

Орталыққа Қарағанды қаласынан бөлек, облыстың өзге елді мекендерінен келген балалар да қабылданады. Қабылдау үшін мүгедектік туралы анықтама, жеке оңалту және абилитация бағдарламасы (ЖОАБ) және ПМПК қорытындысы қажет.

Орталық Ермеков көшесі, 93 мекенжайында орналасқан. Алдағы оқу жылында осындай орталықты Теміртау қаласында ашу жоспарланып отыр.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button