Бас тақырып

Қарағандыда тігінші тапшы ма?

Елдің қарын тоқтығы мен киім көктігін бүтіндейтін егіздің сыңарындай екі сала бар. Бірі – тамақ өнеркәсібі, екіншісі – жеңіл өнеркәсіп. Алғашқысы – азық-түлік қауіпсіздігін қаперге салады. Соңғысы – бір ел түгілі дүйім дүние жүзі экономикасында асықты алшысынан түсіріп, әлемді иіріп алуға болатынын айғақтайды. Десек те, елде жеңіл өнеркәсіп желкенін толық керген жоқ. Дүниежүзілік саудада қасқа маңдайы жарқырап, бақ жарыстырар күні тумады әлі. Мемлекет мейір төкпейді деуге әсте келмес. Бірақ, нарық меселін қайтарған мәселелері бар екен. Оның бірі – шикізат десек, енді бірі – маман қаттығы. Тап қазір Қарағанды аймағында кәсіпорындар көк инемен көктей алатын тігінші таппай дал. Оймақ киіп, іс тігер, тебен ине ұстаған тігіншісіз шөлдеп тұр.

Аймақта жеңіл өнеркәсіптің ауыр жүгін арқалап жүрген елуге жуық өнеркәсіп бар. Дегенмен, аты жеңіл, заты зілмар сала алдағы күні маман тапшылығын сезінуі бек мүмкін. Бір жылдары сантехник, дәнекерлеуші таба алмай, қатты сасқан қоғам енді тігіншіден қағылып жатқан сыңайы бар. Жеңіл өнеркәсіптің жай-жапсарын талқыға салған алқалы жиында тоқымашылар мен ісмерлердің биік мінберден айтқан арызы осы болды.

Бұл тенденция тоқтаусыз жалғасса, ертең өнеркәсіп атаулы тігіншіні шам алып іздейтіндей халде екен. Егде, бүгінгі мамандарды алмастыратын жастар жоқ. Ахуал осы беттен таймаса, жеңіл өнеркәсіп мамансыз «ашығып» қалуы әбден кәдік дейді олар.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы Жеңіл өнеркәсіп комитетінің төрағасы, «Еско» компаниясының директоры Андрей Шмариннің айтуынша, тап қазір мамандар әлеуетінің реструктивизациясы жүріп жатыр. «Осылайша, жастардың өзге мамандықтарға қайта бейімделуі белең алуда. Бұрын жылына аймақта 1000 адам тігінші мамандығын меңгерсе, енді бір жылда аймақта 100-ге жетер-жетпес тігінші диплом алады. Бұдан бөлек, жеңіл өнеркәсіп қажет еткен ондаған мамандық иелері тапшы», дейді Андрей Шмарин.

– Қазір осы жеңіл өнеркәсіпте жұмыс істейтін мамандарды ауыстыратын жастар дайындалмайды. Мәселен, 315 колледж бар. Оның бәрі техникалық емес, әрине. Арасында гуманитарлық та бар. Дегенмен, осы барының 198-і мемлекеттік аттестациядан өтпей қалды дейді ресми деректер. Яғни, үштен екісі. Дайындықтан өткен мамандардың жоқтығы, колледжде салалық мамандықтар бойынша берілетін білімнің төмен сапасы, түлектердің кәсіпорындармен байланыссыздығы, оқушыларды болашақ кәсібіне бейімдемеу сынды проблемалар бар. Колледж бітірген түлектер жұмысқа ешбір кәсіптік бағдарсыз келеді. Кәсіпорындар мамандарды қайтадан оқытып, тоқытуға мәжбүр. Жұмыс күші біліктілігінің кемдігінен еңбек өнімділігі төмендей бастады. Әзірге кәсіпорындар бұрынғы ескі егде кадрларымен күн көруде. Егер осы тенденция жалғаса берсе, кәсіпорынның дамуы мен жаңғыруына кедергі келтіреді, – дейді Андрей Шмарин.

 

Осыған байланысты ол дуальды білім алуды күшейту қажет, колледж түлегі оқуының соңғы 1,5 жылында кәсіпорындарда тікелей білім алуы керек деп біледі. «Сонда олар өздерінің кәсіби дағдыларын дамытып, қайда және неге бара жатқандарын білер еді. Мемлекеттің оларға оқуға жұмсаған ақшасын текке шашпай» дейді.

Обалы нешік, мемлекет тігіншіні оқытпай жатқан жоқ. Білім басқармасы бұл бағытта бірнеше колледждің барын атайды. Дәлірек айтқанда, тігіншіні тап қазір аймақта төрт мемлекеттік және екі жекеменшік оқу орны даярлауда деседі. Ондағы түлек саны – 359 болса, колледждердің 30 кәсіпорынмен ынтымақтастық орнатқанын мәлімдейді басқарма.

– Биыл 130 адам оқуын тәмамдайды және олардың қайда жұмыс істейтіндіктері де белгілі, – дейді басқарма басшысы Гүлсім Қожахметова.

Дегенмен, кәсіпкерлер статистикамен шындықтың қабыспайтынын айтудан танбайды. Турасын айтқанда, олар сан цифрлы статистикаға сенбейді.

Айталық, Абай тігін фабрикасының басшысы Нұрхан Жұмабеков маманнан «ашығып» отырғанын жасырмайды. Тіпті, осы бүгін 150 тігіншіні жұмысқа алуға мүмкіндігі бар екен. Алайда, оған табыла қояр тігінші жоқ көрінеді.

– Қазіргі таңда біз жұмысымызды ұлғайтқымыз келеді. Бірақ маман тапшы. Дәл қазір мен 150 адамды жұмыспен қамтуға әзірмін. Алайда, ондай маман жоқ. Бізге дуальды жүйемен оқитын студенттер тәжірибеден өтуге келген емес. Бүгінде білікті тігінші 200-250 мың теңге айлық алса да, бұл сала әлі де тартымсыздығынан арылған жоқ, – дейді Нұрхан Жұмабеков.

Ал, кезінде Абай тігін фабрикасында 2 мыңға жуық тігінші еңбек еткен.

Проблемасы қатпар-қатпар қалың жеңіл өнеркәсіптің дәл осы күні жанын жеген мәселесінің бірі бұл. Ал бұл зер салсақ, өнеркәсіптердің өз мәселесі ғана емес. Бұл еңбек нарығындағы дисбаланстан да хабар береді.

«Кадр – бәрін шешеді» деген кеңестен қалған ескілеу қағидатты еске алсақ, жетіліп кете қоймаған жеңіл өнеркәсіптің дабыл ұрар жөні бар. Кенжелеген сала кері кетпес үшін «оның келешегі мамансыз не болар?» деген кәсіпорын иелерінің үрейі – үрей.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button