Қарағандыда үстел теннисінен жастар арасындағы ел чемпионаты аяқталды
Қарағандыда үстел теннисінен жастар арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті.

Бес күнге созылған тартысты додаға еліміздің 13 өңірінен 193 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша Қарағанды облысының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, бес алтын, бес күміс және бес қола медаль жеңіп алды. Турнирдің жабылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы құттықтады.

Жалпы, чемпионат ұлдар және қыздар арасында өтті. Турнир әуелі командалық сайыстан басталса, одан әрі спортшылар жекелей сында өз шеберліктерін сарапқа салды. Ал, жарыстың қорытынды күнінде аралас жұптар арасындағы бәсеке өтті. Чемпионат нәтижесінде үздік деп танылған спортшылардан ұлттық құрама жасақталды. Енді ұлттық құрамаға енген теннисшілер ел намысын алдағы Азия және әлем чемпионатында қорғамақ.

– Қарағандыда осындай деңгейі жоғары чемпионатты ұйымдастырып, қатысушыларға шынайы спорттық атмосфера сыйлағандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Бұл додаға еліміздің әр өңірінен іріктелген кіл мықтылар жиналды. Бірі үшін бұл – үлкен спортқа бастар алғашқы қадам болса, енді бірі үшін спорттық жолындағы маңызды белес. Ең бастысы, сіздер тәртіп пен жігер, табандылықты ту еткен дұрыс бағытта келесіздер. Сіздерге қарап, ел намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғайтын жас буынның қалыптасып келе жатқанын аңғаруға болады. Осы ретте жас спортшыларды тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп жүрген жаттықтырушыларға да ерекше алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңізсіз мұндай жетістіктерге жету мүмкін болмас еді. Қарағанды облысы әрдайым спортты қолдайды. Өңірде спортты дамытуға, спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді, – деді Руслан Кенжебеков.

Жарыс қорытындысы бойынша ұлдар арасындағы жалпыкомандалық есепте І орынды Шығыс Қазақстан облысының құрамасы жеңіп алды. Ал, Қарағанды облысының командасы ІІ орыннан көрінді. Үздік үштікке Шымкент пен Алматы қаласының командасы табан тіреді.
Қыздар арасындағы жалпыкомандалық есепте І орынды «Қарағанды 1» командасы еншілесе, ІІ орынды «Қарағанды 2» командасы табан тіреді. Ал, ІІІ орынды Шымкент қаласы мен Түркістан облысының командасы өзара тең бөлісті.
Маусым айында Ташкентте үстел теннисінен жастар арасындағы Азия чемпионаты өтпек. Әрі 28 сәуір мен 10 мамыр аралығында Лондонда үстел теннисінен командалық әлем чемпионаты өтеді. Сол турнирге төрт қарағандылық спортшы қатыспақ. Ертең олар Астана қаласында өтетін оқу-жаттығу жиындарына аттанады. Олардың қатарында Алан Құрманғалиев, Қазақстанның бірінші нөмірлі үстел теннисшісі Зәуреш Акашева, ел чемпионатының күміс жүлдегері Жанерке Қашқымбаева және. және жас талант Мария Лукьянова да бар.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



