Қарағандыда әскери оқу-әдістемелік жиын өтті
Ұлттық ұлан Орталық өңірлік қолбасшылығы базасында аймақтағы әскери бөлімдерден келген рота старшиналарымен үш күндік оқу-әдістемелік жиын өтті. Жиын барысында мамандармен рота мүлкін сақтау, далалық ортада рота-жайын құру, тамақ дайындау сынды мәселелер талқыланды.
Аталмыш жиынға аймақтағы 6505, 5451, 5516 әскери бөлімдері қатысты. Одан бөлек, Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімі, Степногорск қаласының 3517 әскери бөлімі, Қостанай облысының 6697 әскери бөлімі, Солтүстік Қазақстан облысының 6637 әскери бөлімі мен Петропавл қаласынан рота старшиналары да арнайы келді. Олар өзара тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыру мақсатында түрлі әдістерімен бөлісті.
– Жиынға келген әскери қызметшілердің әрқайсысында 15 жылдан астам тәжірибесі бар. Олар өз ротасын үшін қолайлы жағдай жасап үлгерген білікті мамандар. Жиынның алғашқы күнінде далалық лагерьде әркім өз тәжірибесімен және тұрмыс жағдайын жақсарту үшін не қажет екендігін білу үшін пікір бөлісіп, сабақ өткіздік. Екінші күні Қарағанды гарнизонының бөлімшелерімен танысты, – деді өңірлік қолбасшылықтың киім-кешек қызметінің бастығы подполковник Рустем Дюсенбаев.
5516 әскери бөлімінің старшинасы аға прапорщик Манатбек Хамзаев:
– Біздің қызмет жауапты әрі қажырлы жұмыс. 27 жылдам астам еңбек өтілімім бар. Осындай оқу-әдістемелік жиындар керек-ақ. Себебі, бізге жаңа бағыт, жаңа көзқарас керек. Қандай уақыт болмасын дұрыс шешім қабылдай білу біз үшін басты міндет. Сондықтан мұндай шаралардың біз үшін маңызы зор, – деді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz