АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағандылықтардың LegalExpert.kz арқылы құқықтық көмек алуға мүкіндігі бар

Жаһандану дәуірінде жасанды интеллектіні пайдаланып, сот табалдырығын аттамай-ақ өз құқықтық мәселесіне нақты жауап алып жүрген азаматтар аз емес. Әлеу.желілерде цифрлық технологияның көмегімен даулы істі заң шеңберінде шешіп, тіпті сотта оң нәтижеге қол жеткізген жағдайларды әредікте көзіміз шалып жатады. Бұрын тек кәсіби заңгерлердің еншісіндей көрінетін құқықтық талдау мен сот тәжірибесіне сүйенген кеңес беру бүгінде қарапайым халыққа қолжетімді бола бастады. Осы бағыттағы айшықты бастамалардың бірі «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асып, сот төрелігін халыққа жақындатуға бағытталған LegalExpert.kz жасанды интеллект платформасы жұртшылық назарына ұсынылды.

Суреттерді түсірген А.Марченко

Іс-шара академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің технопаркінде өтті. Тамыз айында ғана ұлттық университет мәртебесін алған білім ордасы бұл жолы да ғылымның тек теориямен шектелмей, қоғам сұранысына нақты жауап беруге қабілетті екенін көрсетті.

– Жаңа мәртебеге сай біз кешенді ғылыми зерттеулерді жүйелі түрде қолға алып келеміз. Ғылымның тереңіне бойлап, мемлекет пен халыққа пайдалы нақты жобаларды жүзеге асыру жолында әрекет етеміз. Осы тұрғыдан алғанда, құқық, білім және технология тоғысқан мұндай бастамаларға айрықша мән берілуде. Бұл жоба да университеттің мемлекеттік тапсырыс аясында бірнеше жылға жоспарланған ғылыми грантты жеңіп алуының нәтижесінде жүзеге асты. Зерттеу жұмысына ғалымдармен бірге студенттер, магистранттар мен докторанттар атсалысты. Яғни, біз ғылымның жас кадрлар арқылы жаңарып, нақты нәтижеге жұмыс істей бастағанын көріп отырмыз. Сот төрелігіне қолжетімділікті арттыруға бағытталған бұл цифрлық шешім – ғылымның қоғам сұранысына жауап бере алатынын көрсететін нақты мысал, – деді университет ректоры Нұрлан Дулатбеков.

Сондай-ақ, Нұрлан Орынбасарұлы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі ретінде бүгінгі білім мен ғылымға беріліп отырған басымдық жөнінде де сөз қозғады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы бастаған конституциялық жаңғырудың мазмұны осындай жобалар арқылы нақты іспен толықтырылып келеді.  Жаңа Конституция жобасында айқындалған ғылым мен адами капиталды дамыту қағидаттары осындай жобалар арқылы өміршең сипат алып отыр.

Құқық үстемдігі күшейеді

Әрі қарай кездесу барысында жобаның маңызын мемлекеттік органдар өкілдері де атап өтті. Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов Мемлекет басшысының құқық үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың заңды мүдделерін қорғау және сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында мұндай цифрлық бастамалардың өзектілігі артып отырғанын айтты.

– Құқықтық көмектің ашық әрі түсінікті болуы – құқық бұзушылықтың алдын алудың, қоғамда заңға деген сенімді нығайтудың маңызды алғышарты. Осы тұрғыдан алғанда, жасанды интеллект негізінде әзірленген құқықтық сервистер азаматтарға өз құқықтарын ерте кезеңде түсінуге және даулы мәселелерді заң шеңберінде шешуге мүмкіндік береді, – деді ол өз сөзінде.

Бұл ойды Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов те қуаттай түсті.

«Мемлекеттік саясаттың басты бағыты – азамат пен мемлекет арасындағы сенімді нығайту. Ол үшін құқықтық ақпарат қолжетімді, түсінікті әрі заманауи форматта ұсынылуы тиіс. Мұндай цифрлық платформалар ашық диалог орнатуға, тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға және мемлекеттік институттарға деген сенімді күшейтуге қызмет етеді» деді басқарма басшысы.

Ғылымнан туған цифрлық шешім

Іс-шараның негізгі мазмұнын заң ғылымдарының кандидаты, профессор, жобаның ғылыми жетекшісі Абзал Серікбаевтың өз баяндамасында тереңдете түсті. Ол сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру мәселесі бүгінгі таңда тек құқық саласының емес, тұтас мемлекеттік дамудың маңызды бағытына айналғанын атап өтті.

Абзал Мұхаметжанұлының айтуынша, цифрлық мемлекет құру – уақыт талабы. Қоғам күнделікті өмірінде цифрлық сервистерге үйренген кезеңде құқықтық көмек пен сот жүйесінің де заманауи форматқа көшуі заңды құбылыс. Осы қажеттіліктен туындаған жоба 2024 жылдың тамыз айында мемлекеттік гранттық қаржыландыру аясында қолға алынған.

– Бұл жоба кездейсоқ пайда болған жоқ. Бір жарым жылдан астам уақыт бойы ғылыми-зерттеу тобы шетелдік тәжірибені зерделеп, құқықтық жүйенің теориялық негізін, платформаның техникалық мүмкіндіктерін және ең бастысы, – қоғамның нақты сұранысын зерттеді. Қарағанды облысында жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар халыққа сот төрелігі мен заңгерлік көмекке қолжетімді цифрлық құралдың қажет екенін көрсетті, – деді ол.

Жобаны әзірлеуге университеттің ғалымдарымен қатар студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысқан. Ғылыми жетекшінің айтуынша, бұл жас зерттеушілер үшін тек ғылыми тәжірибе емес, қоғамға нақты пайда әкелетін өнім жасауға мүмкіндік берген. Сонымен қатар, жоба аясында халықаралық тәжірибеге де айрықша мән берілген. Зерттеу тобы Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, АҚШ және Еуропа елдерінде болып, жасанды зердені құқық саласында қолданудың озық үлгілерін зерделеген. Шетелдік университеттер мен зерттеу орталықтарындағы тәжірибе қазақстандық платформаға бейімделіп, ұлттық заңнама ерекшеліктері ескерілген.

– Біз шетелдік модельдерді сол күйінде көшіруді мақсат тұтпадық. Керісінше, Қазақстанның құқықтық жүйесіне, сот тәжірибесіне және қолданыстағы заңнамаға толық бейімделген платформа жасауды көздедік. Сондықтан да, LegalExpert.kz тек кеңес беріп қана қоймай, нақты сот тәжірибесіне сүйеніп, тәуекелдерді де көрсетеді, – деді Абзал Серікбаев.

Ғылыми жетекшінің айтуынша, платформа қазіргі таңда пилоттық режимде іске қосылып, оған еліміздің әр өңірінен және шетелден де қолданушылар тіркелген. Жоба авторлары алдағы уақытта сервисті жетілдіріп, мемлекеттік органдармен бірлесе отырып құқықтық көмектің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр.

Платформаның пайымы

Ғылыми жетекші атап өткендей, LegalExpert.kz платформасының басты артықшылығы – оның қарапайым түрде қызмет етуінде. Жасанды зерде негізінде жұмыс істейтін сервис тәулік бойы, тегін түрде құқықтық кеңес алуға мүмкіндік береді. Платформа арқылы азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерге қатысты сұрақтарға қолданыстағы заңнама мен нақты сот тәжірибесіне сүйене отырып жауап беріледі.

Жүйенің ерекшелігі – пайдаланушыдан жалпы сұрақ емес, нақты жағдайды сипаттауды талап етуінде. Азамат өз мәселесін енгізе отырып, өзінің құқықтық деңгейін де таңдай алады. Яғни, сервис кәсіби заңгерге де, студентке де, зейнеткерге де бірдей қолжетімді. Осыған сәйкес, жүйе жауапты қарапайым немесе кәсіби тілде ұсынады. Платформа заң нормаларын тізбектеп қана қоймай, ұқсас істер бойынша сот шешімдерін талдайды, тараптардың ықтимал құқықтық ұстанымдарын көрсетеді және істің оң немесе теріс аяқталу тәуекелдерін алдын ала есептеп береді. Бұл азаматқа сотқа жүгінер алдында өз мүмкіндігін байыппен бағалауға жол ашады.

Тағы бір маңызды қыры – LegalExpert.kz шетелдік жасанды интеллект платформалары сияқты жалпы сипаттағы кеңеспен шектелмейді. Сервис Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және ұлттық сот практикасына толық бейімделген. Жүйе өзге елдердің заңдарына сүйеніп адастыруы мүмкін стандартты чат-боттардан осы тұсымен ерекшеленеді.

Ашық пікірталас

Іс-шара барысында LegalExpert.kz платформасының жұмысы тәжірибе жүзінде көрсетілді. Қатысушылар жасанды интеллект жүйесінің нақты өмірде кездесетін жағдайларды қалай талдайтынын өз көздерімен көрді. Мәселен, тұрғын үй даулары, көршілер арасындағы мүліктік келіспеушіліктер, әлеуметтік төлемдер, лицензия алу немесе әкімшілік жауапкершілікке қатысты мәселелер мысал ретінде қарастырылды.

Жүйе пайдаланушы енгізген нақты жағдайға сәйкес құқықтық баға беріп, қолданылатын заң нормаларын, сот тәжірибесін және ықтимал тәуекелдерді көрсетті. Сонымен қатар, платформа істі сотқа дейін шешу мүмкіндіктерін, дәлелдер жинау жолдарын және құқықтық ұстанымды қалай қалыптастыру керектігі жөнінде ұсыныстар берді. Қатысушылар үшін ерекше қызық болғаны – жүйенің істің ұту немесе ұтылу ықтималдығын алдын ала есептеп көрсету мүмкіндігі.

Пікірталас барысында ауылдық жерде тұратын азаматтардың құқықтық көмекке қолжетімділігі мәселесі де қозғалды. Жоба авторларының айтуынша, платформа әсіресе шалғай елдімекен тұрғындары үшін тиімді. Ауылда отырып-ақ зейнетақы, жәрдемақы, еңбек дауы немесе тұрмыстық құқықтық мәселелер бойынша нақты кеңес алуға мүмкіндік бар.

Келелі кездесудің тағы бір артықшылығы – ашық пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар жасанды интеллекттің сот жүйесіне енуіне қатысты өз ойларын ортаға салып, оның артықшылықтары мен болашағын талқылады. Студенттер мен жас зерттеушілер жобаның әзірленуіндегі түрлі жайттарды айтып, пайымдарын ортаға салды.  

Заңға жол ашқан цифрлық қадам

Бүгінде сот төрелігіне қол жеткізу көбіне уақытқа, қаржыға және кәсіби кеңеске тәуелді. Ал, жаңа цифрлық платформа осы кедергілерді азайтып, азаматтарға өз құқығын әуелден-ақ түсінуге мүмкіндік берері сөзсіз.

Қорыта айтқанда, LegalExpert.kz платформасы – жасанды интеллектіні тек технологиялық жетістік ретінде емес, адам құқығын қорғаудың нақты құралына айналдыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл жоба құқықтық көмектің қолжетімділігін кеңейтіп қана қоймай, қоғамда заңға деген сенімді нығайтатын жаңа мәдениетті қалыптастырады деп кәміл сенеміз.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button