Қарағандыда іздеуде жүрген бұрынғы жоғары шенді полицей ұсталды
2023 жылы желтоқсанда іздеу жарияланған Қарағанды облысы ПД тергеу басқармасының бұрынғы бастығы Рустам Құлкеев бір жылға жуық уақыттан кейін ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде іздеуде жүрген азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2023 жылы Қарағанды облысы ПД тергеу басқармасының бастығы қызметінен босатылған. Ішкі істер министрлігі өз құрамындағы кез келген құқық бұзушылыққа төзбеушілік туралы өзінің принципті ұстанымын білдіреді және оларды жою бойынша жұмысты жалғастырады, – делінген хабарламада.
Полицияның экс-басшысына қатысты «Ұрлық» және «Қызмет бабын асыра пайдалану» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Құлкеевті іздеу туралы хабарлама Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі сайтында жарияланған. Ол 2023 жылдың 1 желтоқсанынан бастап іздеуде.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.