Қарағандыда ІХ республикалық Қасым оқулары басталды
Бүгін Қарағандыда «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…» ІХ республикалық Қасым оқулары жалауын желбіретті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан байқаудың қатысушылары, қазылар алқасы және ұйымдастырушылар жылдағыдай Қасым Аманжоловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Биылғы сайыс номинацияның бірі «Жас дәурен» деп аталып, онда қатысушылар Қасым Аманжоловтың әндерін әуелете шырқайды.
– ІХ республикалық Қасым оқуларына келіп түскен 48 өтініштің 16-сы жаңа, ән номинациясы бойынша. Жыл сайын қатысушылар саны артып, география да кеңеюде, – дейді ұйымдастырушы, Н. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Дина Аманжолова.
Айтулы додаға Қарағанды, Павлодар, Ақмола облыстарынан, сондай-ақ ШҚО, СҚО, ОҚО және Нұр-Сұлтан, Түркістан және Көкшетау қалаларынан жасы 16-дан 32-ге дейінгі аралықтағы ән орындаушылар мен мәнерлеп оқушылар қатысуда.
– Бұрын Абай, Мағжан және Пушкин оқуларына қатысқан едім. Бұл байқауға алғаш рет келдім. Өз шеберліктерімізді көрсетіп, өлеңдерімізді оқуға мүмкіндік туғанына бек қуаныштымын, – дейді Жезқазған қаласынан келген қатысушы Айдос Өтенов.
– Мен өткен жылы поэзия жанрында қатыссам, биыл жаңа номинацияда бағымды сынап көруге шешім қабылдадым. Бүгін Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз» әнін орындаймын. Сондай-ақ, «Өзім туралы» және «Сарыарқа» әндері де бар. Дауылпаз ақынның өлеңдеріндегі қайсарлық мен асқақ рухы ұнайды. Осы орайда, Қасымның отты жырлары мен Мұқағалидің туындылары арасында рухани үндестік те байқалады, – дейді Павлодардан келген қатысушы Мизан Жұмәлі.
Қатысушылар өздерінің үш шығармасын ұсынуы тиіс. Қасым Аманжоловқа арналған «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» номинациясында 32 үміткердің 10-ы ақтық сайысқа өтті.
Қасым оқулары 2017 жылдан бастап Республикалық деңгейде өтуде. Өткен жылдан бастап «Qasym» кітап сериясының шығарылымы қолға алынды. Екінші кітаптың тұсаукесері жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде өтпек. 25 қазан күні Қарағандыда байқау үздіктері анықталады.