Қарағандыда Face ID арқылы сабаққа қатысуды есепке алу енгізіледі
Қарағанды облысында балалардың қосымша білім алуына арналған бірыңғай мемлекеттік тапсырыстың пилоттық жобасы төртінші ай қатарынан іске асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 20 мыңнан астам оқушы тегін үйірмелер мен секцияларға қатыса бастады, тағы 4,5 мыңнан астам балаға ваучер бөлу кезеңі жүріп жатыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жоба «бір бала — бір ваучер» қағидатына негізделген. Мемлекет бір ғана үйірме немесе секциядағы сабақтың ақысын төлейді. Бұл шығындардың қайталануын болдырмауға және қосымша білімге қолжетімді балалар санын арттыруға мүмкіндік береді.


Қазіргі таңда жүйеде 141 қызмет көрсетуші жұмыс істейді. 2026 жылдың басынан бастап сабаққа қатысуды автоматты есепке алу үшін Face ID технологиясын енгізу жоспарланып отыр. Бұл «өлі жандардың» алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа ұйымдардың өтінім қабылдауына арналған толыққанды портал іске қосылады.

Жобаға қатысушылардың бірі — «НаТворим» арт-мектебінде оқып жүрген Анна Оксентюк. Ол сурет салуға қызығып, алғашқы жұмысын — жаңа жылдық ақ аю бейнесін салған. Мыңдаған бала сияқты Анна да ваучер арқылы шығармашылық студияларға тегін қатысып жүр.


– Бағдарламаның басты артықшылығы — ваучердің баланың өзіне бекітілуі. Егер сабақтың уақыты немесе мазмұны сәйкес келмесе, ата-аналар порталда қайта тіркелмей-ақ басқа үйірмені таңдай алады. Бұл өте ыңғайлы, — дейді «Сарыарқа дарыны» орталығы басшысының орынбасары Айгүл Қалмағамбетова.
Ата-аналар да жүйенің қолайлылығын атап өтуде. Светлана Куроедованың айтуынша, жаңа жүйеге көшу кезінде барлық түсіндіру жұмыстары алдын ала жүргізілген.

«ArtSport-пен салыстырғанда бұл бағдарлама қарапайым әрі түсінікті. Бір ғана ваучер берілетіндіктен, біз шығармашылық бағытты таңдадық», — дейді ол.
Қазіргі таңда «НаТворим» арт-мектебі алты филиалда жұмыс істеп, 700-ге жуық баланы қамтып отыр. Мұнда кескіндеме, мүсіндеу, компьютерлік графика, анимация, мультипликация және домбыра үйретіледі.

Жобаға қатысатын барлық ұйымдар аккредитациядан өтеді. Педагогтердің біліктілігі, ғимараттардың қауіпсіздігі мен санитарлық талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Төлем тек нақты көрсетілген қызмет үшін жүргізіледі.
Мониторингтік бақылауды білім, спорт, мәдениет салалары мен қоғамдық ұйым өкілдері жүргізеді. Тексерулер жылына төрт рет өтеді.
Ваучерлерді бөлу oqu.edu.kz цифрлық платформасы арқылы жүзеге асырылады. Артықшылық ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға беріледі.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



