Қарағандыда еңбек ұжымдарының денсаулығына арналған жүйелі жұмыс жалғасуда
Қарағанды облысында қызметкерлердің денсаулығын сақтау және корпоративтік әлеуметтік бағдарламаларды дамыту бағытындағы жұмыстың қорытындысы шығарылды. Облыстық үшжақты комиссияның отырысы өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың, қала және аудан әкімдерінің, еңбек қатынастары мен әлеуметтік саясатқа жауапты кәсіпорын басшыларының, сондай-ақ өңірлік Кәсіподақ орталығы мен салалық кәсіподақ ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өтті.

Qarmet, «Қазақмыс», «Шұбаркөл көмір» сияқты ірі өнеркәсіптік компаниялар корпоративтік денсаулық бағдарламаларын белсенді түрде енгізіп келеді. Бұл бағдарламалар тұрақты медициналық тексерулерді, ауысым алдындағы автоматтандырылған бақылауды, ерікті медициналық сақтандыруды, шипажай-курорттық емдеуді, оңалту бағдарламаларын және қызметкерлердің отбасыларын қолдауды қамтиды.
Кәсіпорындарда әлеуметтік кепілдіктердің кең ауқымын көздейтін ұжымдық шарттар бар, өз және серіктес медициналық орталықтар жұмыс істейді, кәсіби және созылмалы ауруларды ерте анықтауға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмысты кәсіподақ ұйымдары сауықтыру демалысын ұйымдастыру, шипажай жолдамаларын беру және еңбек жағдайларын жүйелі түрде бақылау арқылы толықтырып келеді.
Өңірлік Кәсіподақ орталығының төрағасы Болат Жұмабековтің айтуынша, корпоративтік әлеуметтік бағдарламалар қызметкерлердің денсаулығын сақтаудың және кәсіби тәуекелдердің алдын алудың маңызды құралына айналды. Биыл дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған 140-тан астам мәдени және спорттық іс-шара өткізіліп, оған 10 мыңнан астам адам қатысқан.
Қарағандылық компаниялар республикалық және халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының және «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
«Парыз» байқауының жеңімпаздары атанған «Qarmet» АҚ мен «РАПИД» фирмасы» ЖШС әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорын ретінде танылды. Qarmet үздік ұжымдық шарт үшін марапатталды, ал «РАПИД» компаниясы «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында жеңіске жетті.
WEC Trade компаниясы «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында, QazTehna зауыты «Іскер» арнайы сыйлығында, ал «Maker» ЖШС Қарағанды құю-машина жасау зауыты ТМД халықаралық сыйлығында жеңімпаз атанды.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі корпоративтік денсаулық бағдарламаларын дамытуды жалғастыру және қызметкерлерге қамқорлықты жүйелі деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жұмыс берушілер, қызметкерлер мен кәсіподақтар арасындағы теңгерімді сақтай отырып, жаңа тәсілдерді енгізудің маңыздылығына тоқталды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



