Қарағандыда бопсалаумен айналысқан топ қолға түсті
Қарағанды облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына қалада белгісіз біреулер 18 бен 20 жас аралығындағы үш бозбаланы бопсалағаны туралы ақпарат келіп түсті.

Шабуыл жасаушылар қорқыту және физикалық күш қолдану арқылы оларға 27 мың теңге мен 57 мың теңгеге екі шағын несие, 850 мың теңгеге ұялы телефон сатып алу үшін сауда несиесін алуға мәжбүрлеп, сонымен қатар жәбірленушінің бірінің ұялы телефонын тартып алған. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы «Бопсалау» бойынша полицияда тіркелді.
– Жедел іздестіру шаралары барысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті мен «Арлан» арнайы жасағының қызметкерлері 18 және 20 жастағы үш күдіктіні ұстады. Айғақты заттар, соның ішінде күдіктілердің біріне тиесілі тапанша тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, – деді облыстық полиция департаментінің басшысы Санжар Әділов.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ