Қарағандыда бизнесті оңай жүргізетін аймақтар рейтінгі анықталды
Кеше облыс әкімі Ерлан Қошановтың басшылығымен аппарат жиыны өтті. Кезекті басқосуда бизнесті оңай жүргізу бойынша аймақтық рейтингінің бірінші жартыжылдықтағы қорытындысы шығарылды.
Нәтижені облыстың кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева таныстырды. Мұндай рейтингті жүргізу ісі облыс әкімі Ерлан Қошановтың тапсырмасы бойынша қолға алынған. Сонымен, бірінші жарты жылдық бойынша кәсіпкерлікті дамытуға анағұрлым жайлы шаттар жасалған аймақтар белгілі болды. Сондайақ, қалыс қалған өңірлер де аталды.
– Егер, пилоттық рейтингте 1-ші тоқсанда 9 индикатор ескерілген болса, жаңа рейтингте 13 көрсеткіш есепке алынды, – деп атап өтті Татьяна Аблаева. – 6 жаңа индикатор қосылды. Ол – тіркелгендер динамикасы, оның ішінде, жаңа бизнес субъектілері, туризм саласындағы көрсеткіш қосылды, мемлекеттік бағдарламалар бойынша гранттар және шағын несиелер алудың қарқыны есепке алынды. Сонымен қатар, кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссияның (КЖО) өтуі де бақыланды.
Мұнымен қоса, аймақтық рейтингтен екі индикатор алынып тасталды – ол «Қамқор» мобильді қосымшасы және Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі (ҒБИ) рейтингі бойынша ақпарат. Бос жер телімдерінің картасын өзектендіру бойынша көрсеткіш аукциондар мен байқаулар арқылы берілген жер телімдерінің санына ауыстырылды.
Баяндамашы барлық 13 индикатор бойынша сараптаманы ортаға салды. Рейтингте әр аймақтағы кәсіпкерлік белсенділігі, инвестициялар өсімі, жаңа бизнес нысандарының Облыс әкімдігінде ашылуымен қоса, бизнесті жүргізудегі проблемалық мәселелерді шешу жұмыстарын ұйымдастыру да ескерілуде.
Басқарма мәліметінше, облыста «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша грант алуға сұраныстың артып отырғаны байқалады. Мәселен, бір грантқа 10 үміткер өзара бақ сынайды. Жергілікті деңгейде жастар арасындағы кәсіпкерлікті қолдауға қаражат бөлінуде.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бизнесті оңай жүргізетін көшбасшылар үштігі анықталған. Ол – Жаңаарқа ауданы, Қарағанды қаласы және Шет ауданы. Аутсайдерлер қатарында – Ақтоғай ауданы, Балқаш, Қаражал қалалары. «Қауіп аумағында» – Теміртау, Жезқазған және Сәтбаев қалалары тұр.
Бизнесті оңай жүргізу бойынша республикалық рейтингтің қорытындысы қазанда белгілі болады. Оны ҚР Ұлттық экономика министрлігі қорытындылайды. Экономикалық зерттеулер институтының мамандары қазіргі таңда аймақтарда жұмыс жүргізіп жатыр.
Ерлан Қошанов аймақтық рейтингті жалғастыруды тапсырып, қалалар мен аудандардың әкімдеріне шағын және орта бизнестің дамуы бойынша көрсеткіштерге жауапты екендерін ескертті.
– Келесі рейтингке бизнесті тексеру саны мен кәсіпкерлердің мемлекеттік орган қызметіне шағымдарының саны секілді индикаторларды қосу жоспарланып отыр.
Жақсы сараптама жасалған. Рейтингті жүргізуді жалғастыра беріңіздер. Қыркүйекте осы мәселеге қайта ораламыз, – деді облыс әкімі. – Шағын және орта бизнесті дамыту – ол әкімдердің негізгі жұмысы. Бизнес үшін жайлы жағдай жасау керек, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулардың механизмдері туралы көбірек айтып отыру қажет.
***
Облыс әкімі Ерлан Қошанов малды құжаттауды қатаңырақ бақылауға алуды тапсырды. Төрт түлікті сәйкестендіру аймағымызда сәуірде басталған, жұмыстарды аяқтау желтоқсанға жоспарланып отыр.
Есепке алуды ұйымдастыру және жүзеге асыру туралы облыстың ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков мәлімдеді.
Облыста барлығы 955 мың малды құжаттау керек. Бүгінгі таңда есепке 500 мыңнан астам үй жануары алынған. Басқарма беріп отырған ақпаратқа сай осы уақытта шошқалар мен түйелер жүз пайыз сәйкестендірілген.
– Қазіргі таңда портал толыққанды жұмыс атқарып тұр. Барлық кенттік және ауылдық округтердің ветеринария бөлімдері интернет байланысымен қамтамасыз етілген, – деді Қайырбек Тұрсынбеков.
Оның айтуынша, мамандардың тапшылығы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің көмегімен шешілетін болады. ЖООмен меморандум жасалған.
Ерлан Қошанов кадрлық тапшылық мәселесін басты назарға алып, жергілікті деңгейде ветеринариялық мамандарды даярлауды талап етті. Ол бақылау үздіксіз болуы керектігін атап айтты. Нәтижелер жайлы келесі баяндама үш айдан соң тыңдалады.
Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жұмыстары Қазақстан Республикасы «Ветеринария туралы» Заңының жануарларды бірдейлендіру қағидалары және осы бағыттағы мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына сәйкес жүргізіледі. Әр жануар өзінің жеке ветеринариялық құжатын алады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.