Жаңалықтар

Қарағандыда Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі аталып өтті

Орталық саябақта 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі аталып өтті. Шара театрландырылған қойылыммен ашылып, үлкен концерттік бағдарламаға ұласты. Мерекелік бағдарламада әуесқой, кәсіби әншілер  ән шырқап, өнер ұжымдары өз өнерлерін көрсетті. Мерекелік шараға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді.

 – Қарағандылықтарды осы жарқын және тамаша мереке – бірлік мерекесімен құттықтаймын. Біздің көпұлтты халқымыз бейбітшілік пен келісімде өмір сүреді. Баршаңызға зор денсаулық, бақыт және амандық тілеймін, – деді өңір басшысы.

Бұдан бөлек, қарағандылықтарды облыстық этномәдени орталықтардың басшылары да мерекемен құттықтады.

– Жерлестерімді 1 мамыр мерекесімен құттықтаймын! Бүгінде Қазақстан халқының бірлігі – мықты әрі өркендеген мемлекеттің көрсеткіші. Әрине, бұл біздің елімізде болып жатқан толеранттылық пен мәдениетаралық диалогқа негізделген. Біз өз Отанымызды жақсы көреміз. Оны мақтан тұтамыз. Баршаңызға бейбітшілік, мейірімділік, шыдамдылық, бір-біріңізге деген мейірімді қарым-қатынас және түсіністік тілеймін! – деді корейлердің облыстық этномәдени бірлестігінің төрағасы Лилия Ким.

Ал, тәжіктердің облыстық этномәдени бірлестігінің төрағасы Шакарбек Норматов:

– Құрметті қарағандылықтар, баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймын! Бұл баршамызды жақындастыратын күн. Осындай мерекелердің арқасында этностар арасындағы достық нығая түсуде. Олардың әрқайсысы өз мәдениетін, өмірін, дәстүрлерін көрсете алады. Осылайша біз ортақ қазақстандық ұлттық мәдениетті байытамыз. Баршаңызға бақыт, бейбітшілік, жасампаздық және барлық игіліктер тілеймін, – деп ақжарма тілегін білдірді.

Мерекеде түрлі ұлт өкілдері ұлттық костюмдерін киіп, әрқайсысы қазақ тілінде нөмір дайындады. Әр тілде өлең айтып, би биледі. «Шебер» қоғамдық бірлестігінің қолданбалы өнер көрмесі көпшілік назарына қойылды.  М.Әуезов атындағы  кітапхана орталық жағалаудың жанына «Киіз үйдегі кітапхана» жылжымалы киіз үйін тігіп, қала тұрғындарының назарына ұсынды. Сонымен қатар, шара барысында Қарағанды қаласының әкімі белсенді қайраткерлерді және этномәдени орталықтардың шығармашылық ұжымдарын Алғыс хатпен марапаттады.

Ербол ЕРБОЛАТ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button