Қарағанды

Қарағандыда «Қазақ Аналары – Дәстүрге жол» деп аталатын республикалық бірлестік бөлімшесі ашылды

Қазақта «Руыңды түзегің келсе ұлыңды,ұлтыңды түзегің келсе қызыңды тәрбиеле» деген сүбелі сөз бар. Иә, ұлттық құндылықтарды өскелең ұрпақ бойына сіңіру, тәрбие мен дәстүрді ұлықтау біз үшін қашанда маңызды. Дәл осындай ұлттық құндылықты насихаттайтын тағы бір шаңырақ Қарағанды өңірінде есігін айқара ашты.

«Қазақ Аналары – Дәстүрге жол» деп аталатын республикалық бірлестік бөлімшесі Қарағанды қаласында да ашылды. Ұмыт қалған ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртуды мақсат етіп салт-сана мен тәлім-тәрбиені насихаттауды қолға алған. Бірлестіктің негізін қалаушы көпбалалы ана, актриса – Айнұр Жүгінісова.

Айнұр ханым бірлестіктің жоспарын айта келе, «Жалқың емес жалпың қымбат, алтын емес, салтым қымбат» дейтін халықтың ұрпағымыз. «Кең болсаң, кем болмайсың» дейді. Ұмыт қалған салтты санаға сіңіруге жұмыла жұмыс жасаудамыз. Бір жарым жылдың ішінде «Мен қазақ боламын, ата-бабамның сара жолын жалғастырамын» деген азаматтарға бағыт-бағдар беріп келеміз. Қазақ әйелі қашанда өзіне тән парасатымен ел анасы, халықтың ұйытқысы бола білді. Ерін ерекше құрметтеп, бар өмірін бала тәрбиесіне арнаған. Бүгінде біз осы ұлы мұратты жоғалтып алмай, насихаттауды қолға алдық. Гендерлік саясат, қоғамдағы әйелдер рөлінің басымдығы дегенімізбен, әйел заты адал жар, ибалы келін, ардақты ана, асыл әже, шаңырақтың шырақшысы, әулеттің ұйытқысы деген образынан айнымаса керек-ті. Біздің қоғамдық бірлестіктің көздегені де осы»– деді.

Рухани шарада аппақ кимешек киген әжелеріміз бен қос етек көйлек пен оюлы қамзол, үкілі тақия киген қыз-келіншектерді көргенде көңіліміздің марқайып қалғаны да жасырын емес.

Ұлттық киімдерімізбен қатар, ұмыт болып тарих қойнауында қалып жатқан тағамдарымыз да жайылған дастарханнан табылды. Құрт пен ірімшік, бауырсақ пен бал қаймақ, тары мен талқан, сөктің сан түрінен көз сүрінеді. Қазақы бұйымдар – сырлы сандық, құрақ көрпе, түскиіз бен сырмақ, ағаштан жасалған астабақ пен тостағандар, ұлттық нақыштағы киімдер көздің жауын алады.

Бір сөзбен айтқанда, жан дүниенің айнасы, адамның көркі киім киюдегі қазақ мәдениетін паш ету, дастархан мәзіріміздегі ерекше ғұрпымызды көрсетіп, тәрбиелік маңызын зерделеу де бірлестік қолға алған игі шаралардың бірі.

– Халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық тағамдарын қазіргі заманға сай түрлендіріп, ұсынудамыз. Қазақтың ерекше қадірлі асы – мипалауды да ерекше әдіспен дайындап, жілік майын түрлі дәмдеуішпен ұсынып отырмыз. Бізде қаттама да ерекше әдіспен балқаймақ және ірімшіктен жасалады. Қайың ағашында дайындалған қойдың жілігі де келушілердің сүйікті тағамының бірі, – дейді «Раян» этноқазақи мейрамханасының иесі Ая Айжарықова.

Салтанатты шараға жиналғандардың ұлт мүддесін ұлықтап, дәстүрімізді жаңғыртып, озығын үйреніп, насихаттауға ынтасы ерекше болды.

«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген өмірлік маңызы бар пайыммен әйел ананың рөлін көтеру арқылы, ұлттың баянды кемел болашағын қамдау бірлестіктің басты мақсаты болды. Отбасы құндылығы, әулет ұстанымы, бала тәрбиесі, ағайын-туыстың бірлігі сол арқылы дәстүр сабақтастығына дәнекер болуда аналар рөлінің басым екендігі айқын көрініс берді.

Сарқылмас қазына рухани көрініске толы шарада өкпесүт деген тағам дайындалды. Өкпе-реніші бар ағайынды татуластыру мақсатында жасы үлкен әйел адам пісіретін тағам. Сонымен бірге, «Жүргенге жөргем ілінеді» дәстүрі көрсетіліп, үкі жайлы қисса мазмұнды мағлұмат берді.

Қарағанды қаласындағы алқалы басқосуға бастамашы болған облыстық бірлестіктің жетекшісі, кәсіпкер ана Меруерт Әлімбаева.

– Ана – әйел, ана – өмір бастауы, ана – бірлік пен тірліктің ұйытқысы. Еліміздің болашағы жас ұрпақтың тәрбиесінде аналардың алатын орны айрықша. Қыздарымыздың қылықты, ұлдарымыздың ұлықты болып өсуі әйел-ананың тәрбиесіне тікелей байланысты. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты дарытып, салт-дәстүрді санаға сіңдіре отырып тәрбиелеу, түзу жолға салу. Міне, осының бәрінің басында Қазақ аналары тұр, – дейді Меруерт ханым.

Аналар рухын көтерген ізгілікті шараны аймақ өнерпаздары әдемі әні, әсем биімен әрледі. Сонымен қатар, «Нәтиже» сүт фабрикасы, zakira_tattileri, «Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы», «WOODEN_PRODUCTS.KZ» жеке кәсіпкерлігі, «RAYAN» мейрамханасы, @Makpal_Kuat_couture тігін шеберханасының қатысуымен көрме ұйымдастырылды.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button