Коронавирус

Қарағандыда 8,5 млн шаршы метр аумақ дезинфекцияланды

Елде төтенше жағдай режимі жарияланған соң әскери міндеттілер ерікті түрде арнаулы жиынға шақырылды. Қарағанды қаласында 13 сәуірде 95 адам ерікті түрде әскери борышын өтеу үшін сапқа тұрған. Олар  қала аумағын санитарлық өңдеу жұмыстарына тартылды. 

Әскери міндеттілер бүгінге дейін   8 474 000 шаршы метр жолдарды, ғимараттарды және басқа да нысандарға дезинфекция жұмыстарын жүргізді. 

– Күн сайын 95 адамның 80-і дезинфекцияға шығады. Олар төрт топқа бөлінеді: екеуі Октябрь ауданына, екеуі Қазыбек би атындағы ауданға барады. 15 адам өз бетінше залалсыздандыру сұйықтығын дайындайды. Барлық шақырылушылар аптасына бес күн сағат 09.00 – ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді, – дейді Қарағанды облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз хатшысы Алмагүл Дарманқұлова.

Октябрь ауданындағы 1-ші және 2-ші орамдар, 18-ші және 19-шы шағын аудандар, Восток-1 және 2-ші орамдар, Молоков, Орлов, Асфальтная және Вагонная көшелері өңделді.
Еріктілер жұмыс орындарына арнайы автобустармен жеткізіледі. Күніне үш мәрте дене қызуларын өлшеп, дәрігер бақылауынан өтеді.  Әскерилер үшін таңғы ас, түскі ас және кешкі ас ұйымдастырылған.

Әскер қатарына шақырылғанға дейін жұмыс істегендерге қызмет аяқталған соң орташа айлық жалақы төленеді. Оның сомасын соңғы жылы түскен кіріс туралы анықтаманы негізге ала отырып есептейді. Жұмыссыздарға 42 500 теңге тиесілі.

Барлық еріктілер 12-14 литрлік «Патриот» аспалы бүріккіштермен және жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілген.

Басқа материалдар

Back to top button