Бас тақырып

Қарағанды жолдары қалыпқа келе ме?!

Әрине, әр өңірдің өзіндік мәселесі бар. Бірақ, бәріне ортақ үлкен мәселе – жол. Қала тұрғындарының кез келгенінен сұрайтын болсақ, осы тақырыпты басты мәселелердің қатарына қосатыны анық. Дегенмен, облыста күрежолдардың жайы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Алайда, облыс орталығында қалаішілік жолдардың күйі мәз емес. Шақырған таксидің тұрған жеріңе келмейтінін, келсе де кісі құнын сұрайтындардың көп кездесетіндігі бар. Оған себеп – шұрық-тесігі көп жол. Бірақ, бұл «жол жөндейтін кәсіпорындар қол қусырып, бос отыр» дегеніміз емес. Бұл жерде жұмыскер мен техниканың жетіспеушілігі де және бар. Биыл облыс орталығындағы қалаішілік 33,8 шақырым автомобиль жолын жөндеу үшін бюджеттен 8,1 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржы автомобиль жолдарын салу және жөндеудің 3 бюджеттік бағдарламасы бойынша бөлініп отыр.

Жыл басынан бері қалаішілік жолдардың біразы күрделі жөндеуден өтті. Мәселен, ұзындығы 1,7 шақырым болатын Волочаевск көшесіндегі автомобиль жолы. Қайта жөндеуден өтіп, жылу, кәріз құбырлары жаңартылды. №14 ықшамаудан автостанциясынан келетін автожол құрылысы бойынша да жұмыс жалғасуда. Ұзындығы 5 шақырым болатын Шығыс айналма жолы автожолына дейін асфальт төселіп, жарықтандыру құрылғылары орнатылуда. Сонымен қатар, 6 шақырымды құрайтын Сұрыптау станциясының айналма автомобиль жолына да жаңа асфальт төселді.

– Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 20,6 шақырым болатын автомобиль жолдарының 14 учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орташа жөндеуге арналған көшелер тізімін қалыптастыру кезінде тұрғындардың өтініштері мен депутаттық сауалдар ескерілді. Көлік құралдарының көп жүретін, әрі көп бөгелетін жолдары бары, әлеуметтік сала объектілерінің орналасуы ескерілді, – деді Қарағанды қалалық автомобиль жолдары секторының меңгерушісі Нұржан Тасмағамбетов.

Бүгінгі таңда Маркс пен Магнитогорск көшесі автожолының 10 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілуде. Жаңа асфальт төселіп, тротуарлар салынбақ. 4 шақырым болатын 7-ші магистраль толық жөндеуден өткізбек.

– Биыл 14 көшенің жолына орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жұмыстың бәрі уақытылы аяқталды. Әзірге қала тұрғындарынан шағым түскен жоқ. Орталық көшелерден бөлек, орталықтан тысқары, қала сыртына таяу жолдар бар бұл қатарда. Мәселен, Вагонная көшесінен ЖДП-ға дейінгі, Долинская мен Перронная көшесінен Овражная көшесіне дейінгі 1,4 шақырым жолы жөнделді. Таугүл, Бабушкин, Лиговская көшесінен Лихачев көшесіне дейінгі 1,2 шақырымды назардан тыс қалдырмадық. Республика даңғылынан Қуанышбаев көшесіне дейінгі жолды жөндеу үшін 600 млн. теңге бөлінген-тін, – деді Нұржан Тасмағамбетов.

Жөндеу жұмыстары мұнымен әлі біткен жоқ. Қазіргі таңда 7 жаңа жоба әзірленуде. Оларды іске асыруды қаржыландыру шартымен 2022 жылы бастау жоспарланып отыр. Мұқанов көшесінен Үштөбе кентінің автожолына дейінгі жолдың жөндеу көрмегеніне біршама уақыт өтіп кеткен. Мердігер ұйым Космонавтар көшесі бойындағы автомобиль жолын қайта қалпына келтіру жұмыстарын пысықтауда. Ал, Асфальтная-Четская-Волочаевская көшесі, одан бері қарай жатқан Пичугин-Пригородная көшесіндегі автожолдардың күйі мәз емес. Оларды күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр. Лиговская көшесі бойында «Майқұдық-Жаңа Қарағанды» теміржол желісі арқылы жол өтпесін, Үлкен Михайловка станциясының жанында теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер өткелін салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Архитектурная көшесі мен транспорттық цех жол өтпесі күрделі жөндеуден өтеді. Арман көшесінің тұрғындарының үміттен күдігі басым. Себебі, көшенің мән-жайын сұрап, көзбен көрген шенеуніктердің қарасы да келмеген. Іргедегі көшеде кезінде асфальт та, су ағаты арығы да болған. Алайда, коммуналдық компания жаз бойы жер қазып, электр желісін жүргізген. Кейін жұмыстарын аяқтаған соң жерге құм төсеп, әрлі-берлі бүркей салған. Соның салдарынан жаңбыр жауған күндері әлгі төселген құмға тұрғындар батпақтап жүр.

– Жаңбыр жауған күндері мына жерден аттап баса алмай қаламыз. Жаңбырдан кейінгі жағдай айтпасақ та түсінікті. Осы уақытқа дейін шағымданған жеріміз қалмады. Жолды өздерің жөндеңдер дейді. Ал, біз қай ақшамызға жасаймыз? Шақырған такси, жедел жәрдем көлігі кіре алмайды. Ал, көшедегі тұрғындардың басым бөлігі егде жаста, – дейді Дариха есімді қала тұрғыны.

Заң бойынша істі бастаған компания, соңында өзі ретке келтіруі тиіс көрінеді. Жауапты органның мәліметінше, «бәрі жасалды, бәрі ойдағыдай». Ал, шын мәнінде жағдай осындай.

– Биыл қала көлемінде бірқатар ауқымды жоба жүргізіліп жатыр. Сондықтан, жеке секторға қаржы жетпейді. Аталған ауданның мәселесі бізге таныс. «Қарағанды жарық» серіктестігіне жолды қалыпқа келтіру бойынша ескерту жібереміз. Ал, келер жылы бюджетті жобалау кезінде осы жеке сектордың жолына қаржы сұраймыз, – деп жауап қайтарды Нұржан Тасмағамбетов. Шешілмейтін түйін жоқ. Қалалық автомобиль жолдары секторының биылғы атқарған жұмыстарымен таныстық. Келешекте «Арман» көшесі тұрғындарының мәселесін жауапсыз қалдырмайды деген ойдамыз.

Ербол ЕРБОЛАТ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button