Басты тақырыпРухани жаңғыру

Қарағанды жастары – жаңғыру жолында

   Жастар үшін, алдымен, дәстүрлі құндылық – Отанды сүю. Ал, Отанды сүю – ата-ананы ардақтаудан басталады.  Десек те, ХХІ ғасырдың жастарын жаһандану үдеріс алған бүгінгі қоғамда Отан жолында жанын қиюға дайын азаматтың қатарына қоса аламыз ба? «Отандастық» дегенді мегаполис жастары қалай түсінеді? Қарағанды жастары қаншалықты патриот?

Сейсенбі күні Қарағанды экономикалық университетінде өткен «Жастар дәстүрлі құндылықтар үшін» республикалық форумы жоғарыда аталған сауалдардың жауабын берді. Мегаполис жастары дәстүрлі құндылықтарды, қазақстандық патриотизмнің жаңаша ұстанымдарын және де халқымызға тән діни сана-сезімді – Отанға деген сүйіспеншілікпен байланыстырды. Жиында бой көрсеткен зиялы қауым өкілдері шаһар жастарына дәстүрлі құндылықтарды қаншалықты дәрежеде, қалай бағалайтынын айтып берді. Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов бастаған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің вице-министрі Абзал Нүкенов, Қазақтың тұңғыш ғарышкері, «Халық Қаһарманы», Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров, «Нұр-Мүбәрак» Ислам мәдениеті Мысыр университетінің ректоры Жуда Бассыни, Қазақстан ММА аралас жекпе-жек федерациясының президенті Анатолий Ким жиыннан бой көрсетті.

Ерлан ҚОШАНОВ, Қарағанды облысының әкімі:

– Елбасының еңбек жолын бастаған мекені – Қарағанды шаһары. Бұл өңірде алдымен рухани дәстүр бар. Ал, дәстүр бар жерде – құндылық бар. Біз үшін ең негізгі құндылық – жастар. Сондықтан жастар барда – жаңару бар. Атап өтер болсақ, әлемдік танымал «Google», «Facebook» секілді алпауыт компанияларда 80-нен астам қазақстандық жастар қызмет етеді. Бұл ел жастарының алғыр әрі зияткер екенінің айқын дәлелі. Сондықтан, жаңару – сіздер секілді намысшыл жастарға тән ұғым.

Аймақ басшысы, ең алдымен дәстүрлі құндылық – отбасы екенін атады. Отбасындағы ауызбіршілік – ұлттық таным мен елге, жерге деген құрмет сезімін орнатады. Әрбір ата-ана бақытын баладан іздейді. Сондықтан, жастар бойында дәстүрлі құндылықтарды, қазақстандық патриотизмнің жаңаша ұстанымдарын қалыптастыру – форумның мақсаты екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жиынның тағы бір талабы – прагматизм, оған қоса сыншылдықпен ойлау дағдыларымен байланысты сұрақтарды талқылау екенін жеткізді.

«Аспан түстес көк Ту – Қазақстанда ғана бар. Біз елдің намысын осы Тудан көруіміз керек. Жастар – Сіздердің әрбіріңіз осы туды биікке көтеріп, алып жүрер бір-бір тұлпарсыздар», – деп атап өтті аймақ басшысы. Қазақтың намысы жолында туған азаматтардың көбеюін –  рухани құндылықпен байланыстырды.

Жиында бой көрсеткен зиялы қауым өкілдері жастардың әлеуметтік желі арқылы жолдаған сауалдарына жауап берді. Форум барысында аймақ басшысына арналған сұрақтар легі толастаған жоқ. Солардың біріне Ерлан Жақанұлы: «Қарағанды халқының, жалпы ғылымда, спортта, өнерде алда жүрген жастар мегаполисі атанған қаласы бар облыстың әкімі болуды – бақыт санайтынын жеткізді.

Форум барысында Алаштың арда ақыны Серік Ақсұңқарұлы ел азаматтары үшін дәстүрлі құндылық алдымен – Отан десек, Отанның атын биікке шығарған – тау тұлғалы азаматтары екенін айтты.  «Қазақтың атын биіктен түсірмейтін, ұлты үшін туған үш азаматты мақтан тұтамын: Бірі бүгінгі форумның қонағы, қазақтың атын аспанға шығарған тұңғыш ғарышкер – Тоқтар Әубәкіров болса, бірі – Олжас Сүлейменов. Тағы бір азамат – біздің Гена Головкин», – деді.

Сондай-ақ, Тоқтар Әубәкіров елді сүю тұрғысындағы ойымен бөлісті.

Тоқтар ӘУБӘКІРОВ, Қазақтың тұңғыш ғарышкері:

– Мен Қазақстанды сүйемін деп айтумен құтылу бұл – патриотизм емес. Ұлтжандылық – сенің халыққа істеген жақсылығың. Мемлекетті жаңарту үшін жасаған ерлігің. Сонда ғана мен елімнің патриотымын деп айтуға негіз бар.

Қазақ батыры алғаш ғарыш сапарында тұрғанда айтқан «Қазақ, сен үшін отқа да күюге, суға да түсуге дайынмын» ұранын тілге тиек етті.

Сөз алған «Нұр-Мүбәрак» Ислам мәдениеті Мысыр университетінің ректоры Жуда Бассыни мемлекеттің басты байлығы – дін және руханиятты биік қойған елдің азаматтары дейді. Оның сөзіне сүйенсек, жастар бойындағы дәстүрлі құндылықтар  – дінмен тікелей байланысты. Қай уақытта болмасын мемлекеттің тұрмыс-тіршілігі діннен бөлінбейді. Дін – адамзат тарихында Отанға деген сүйіспеншілікпен қатар, рухани құндылықтарды бір арнаға жинақтайды. Ешбір зайырлы қоғам рухани құндылықтарсыз өмір сүре алмайды. Бұл орайда жастар руханилыққа ұмтылу арқылы қоғамға оң әсерін тигізе алады. Ал, жалпы құндылықтар кешені бір-бірімен тығыз байланысты. Дін тұрғысындағы құндылықтар – бейбітшілік пен келісім. Сіздердің ел бұл үдеден толығымен шығатын зайырлы мемлекет.

Мысыр университеті ректорының айтуынша, Қазақстан жастарын рухани құндылықтар арқылы тәрбиелеуге ықпал ететін бірден-бір күш – қазақылық, яғни мұсылмандық. Ел жастары діннің игіліктерінен сусындау арқылы халықтың ғасырлар бойы жинаған рухани құндылықтарын сақтай алады. Оны өмірде жаңғыртып, бүгінгі қоғам игілігіне жаратады. Әлемдік өркениетте орын алып отырған келеңсіздіктерге қарамастан, жастар жан тазалығына мән берсе – жүректегі иманы арқылы ұлттық рухани құндылықтарға оралады. Сөйтіп, рухани жаңарған жастар жат идеологияға тосқауыл болады. Діннің Отанды сүюмен байланысты тиімді тұсы – осы. Ұлт жастарын дәстүрлі құндылықтар арқылы рухани жаңғыруға әкеледі.

Десек те, дәстүрлі құндылықтарды айтқанда, азаматтары тарапынан құрылған азаматтық қоғам институттарының оң нәтиже беретіндігін ұмытпаған жөн. Бұл жөнінде  Қазақстан ММА аралас жекпе-жек федерациясының президенті Анатолий Ким өзінің Қарағандыда басталған жастық шағындағы естеліктермен бөлісті. «Жастар – өз білімімен, күш-жігерімен жаңа Қазақстанның — бәсекеге қабілетті жолын белсенді жалғастыруы қажет», – деді ол. Мегаполис жастарын тек спортта емес, өмірде алда болуға шақырды. Спортшы азаматтың дәстүрлі құндылықты елдің патриоты болу ұстанымымен ұштастырғанын жастар бірауыздан қолдады.

Айта кеткен жөн, жалпы жиынға жастар ғана емес, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің, қоғамдық-саяси және діни салалардағы республикалық деңгейдегі сарапшы спикерлері атсалысты.  Сондай-ақ, форум жұмысына Парламент және облыстық мәслихаттың депутаттары, өңірлердің делегаттары қатысты. Маңызды сұрақтары бойынша баяндамалар талқыланды. Пленарлық отырыс барысында Қарағанды облысының әкімдігі мен «Нұр Мүбәрак» университеті арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, форум аясында семинар-тренингтер, Қарағанды қаласының жоғары оқу орындарының студенттерімен спикерлердің кездесуі, облыстық өлкетану музейіне экскурсия ұйымдастырылды. Форум соңы облыс әкімі кубогіне арналған Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына орай «Сөз атасы – бірлік»  жайдарман фестиваліне жалғасты.

Жалпы, зиялы қауым өкілдерінің мұрындық болуымен өткен форум – алдыңғы ұрпаққа дәстүр һәм рухани құндылықтардың аражігін ажыратуға сеп болды. Аға буын өкілдерінің Отанның намысы жолында жасаған ерліктерін жастарға естелік қылып айтуы – ілгері қадамдарға жол ашты. Тұрақтылық және келісім тұрғысында жастарға жарқын жол нұсқады. Бұл форум – жаңару жолындағы жастардың жалпы жиыны ретінде есте қалды.

Аяулым СОВЕТ

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button