Бас тақырыпБілім

Қарағанды университеті мен Самарқанд институты ынтымақтастықты нығайтуда

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті (Қазақстан) мен Самарқанд Мемлекеттік шетел тілдері институты (Өзбекстан) арасында халықаралық ынтымақтастық аясында маңызды кездесу өтті. 24-25 сәуір күндері Қарағанды қаласына Өзбекстанның беделді оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамынан құралған 13 адамдық делегация келді. Делегация құрамында институттың жетекші ғалымдары, факультет декандары және тәжірибелі оқытушылар болды.

Сурет: ұйымдастырушылардан

Бұл сапар екі жоғары оқу орны арасында ағымдағы жылдың қаңтар айында қол қойылған Жол картасы аясында жүзеге асырылды. Делегацияның сапары ғылыми тағылымдамаларды өткізу, тәжірибе алмасу, ғылыми семинарлар мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыруды қамтыды. Сонымен қатар, тараптар болашақтағы бірлескен жобалар, академиялық ұтқырлықты дамыту, қос дипломдық білім беру бағдарламаларын әзірлеу сияқты ынтымақтастық бағыттарын нақтылады.

Кездесу барысында қонақтар университеттің ғылыми және мәдени нысандарымен танысты. Олар Akylbayev Research Center, Археология және этнография мұражайы, дендропарк сияқты маңызды орындарды аралады. Әсіресе, мәдени және ғылыми орталықтардың дамуы өзбекстандық ғалымдардың ерекше қызығушылығын туғызды.

 25 сәуір күні Самарқанд Мемлекеттік шетел тілдері институтының өкілдері педагогикалық факультеттің оқу және инфрақұрылымдық базасымен танысты. Қонақтар жаңартылған акт залын, кітапхананы, коворкинг орталықты кітапханаға, оқу және арнайы аудиторияларды аралап көрді. Кездесу барысында екі елдің ғалымдары болашақ ынтымақтастықтың  басым бағыттарына тоқталды.

Шетел тілдері факультетінде Smart-lab ғылыми зертханасы маңызды диалог алаңына айналып, яғни делегацияның қатысуымен “Пайда мен қауіп арасындағы теңгерім: ғылыми зерттеулердегі ЖИ этикасы” тақырыбында докторанттарға арналған семинар жоғары деңгейде өткізілді.    

Делегация тәжірибе алмасуды және академиялық байланыстарды нығайтуды жалғастырады.

Басқа материалдар

Back to top button