Бас тақырыпСпорт

Қарағанды спортының әлеуеті. Қорашсынған қола да жоқ

Қазақстандықтар қоржындаған сегіз қоланың қарағандылықтарға сынығы да бұйырмады. «Қола» деп қорашсынамыз, алайда, қола да болса, қорға медаль салып, елге абыроймен оралған спортшылар түрлі сыйдың сайыбы болып жатқаны мәлім. Ал, жеті жолдаманы жалау етіп, Жапонияға аттанған қарағандылық жеті спортшы жеңістің жемісін көрмегеніне не себеп? Жалпы, Сәпиевтен соң Олимп шыңын бағындырған бар ма?

Биылғы Токио бәсекесінде жерлестеріміз аянып қалмағаны баршаға аян. Оны көрдік. Бірақ, спортшылардың жанарынан жарқыл, бойынан рух байқалмады. Тынымсыз жаттығудан тығылып қалды ма, әлде Олимпиадаға дейінгі Азия ойындарында ұтылғандары сенімге селкеу түсірді ме? Әйтеуір, топқа түскенде тапыраңдап қалды.

– Иә, қорқынышты түс сияқты көрінсе де, біз үшін Олимпиада – 2020 аяқталды. Арманымыз әлі алда, сеніміміз берік, ниетіміз таза. Жеңілгенді жер көтереді. Бүгін бізді жақындарымыз, жанкүйерлеріміз, халқымыз шын қолдап отыр. Осы адамдарға алғысымыз шексіз, адалдығымыз мәңгі, – деп еді Абылайхан Жүсіпов Токио төрінде берген сұхбатында.

Жеңілді екен деп, желкесінен алып, айып артудан аулақпыз, әрине. Бақ пен бап аумалы. «Жан-тәніңмен жанкүйер болған жерлестердің жарысы қайта өтсе, спортшылардың жоқ дегенде бірі медальға ілігер ме еді?» деген есіл ниет бар. Әй, бірақ, «жау кеткен соң қылышыңды көнге шаптың» кебін киіп отыратынымыз-ай.

Әншейінде бастан сөз асырмай, өзара теке-тіресте алдымызға жан салмаймыз. Қу тілмен құлан құрықтап, қуырдақ жегізетін қазақ қана. Құрғақ сөздің құрсауында қашанғы құл бола бермекпіз? Нәтиже қайда?

– Үш ойын өткіздік, әлі екі ойынға қатысамыз. Олимпиадада біз өте ауыр топқа түстік. Бұл командалардың барлығы – жоғары деңгейдегі қарсыластар. Сондықтан, мықтыларды ұтуға шамамыз жетпейді. Бізде су добы енді қарқын алуда. Жеті-сегіз жыл бұрын ғана жасөспірімдеріміздің бой көрсете бастағаны. Олар өсіп-жетіліп, әлемдік деңгейде жақсы өнер көрсетуі үшін әлі де уақыт керек. Қазіргі таңда біз үздіктерге төтеп бере алмаймыз. Артта қалған үш ойынды да абыроймен өткізуге болатын еді, алайда, мықтылармен ойнаған кезде жігіттер қатты қобалжиды. Қарсыластың атағы әсер етіп, бар күшімізді көрсете алмай қаламыз, – деген болатын өз сөзінде су добынан Қазақстан командасының бапкері Неманья Кнежевич.

«Бұл жерде шетелдіктердің мысы айқын басады бізді, оларға қарсы арсенал аз. Шама келмейді» деген пікір айнасы айтылады. Мықтылармен мықтылар ғана сайысқа түспеуші ме еді? «Ауыр топқа түсіп қалдық» – деп ақталу – қате. Немесе команда сапы сайысқа сай кезде сынға түссін онда. Олардай болу үшін қайтпек керек?

Спортқа көңіл бөлінбей жатқан жоқ. Айта кетсек, Қарағанды облысында дене шынықтыру мен спортты дамытуға биыл облыстық бюджеттен 13 млрд. 131 млн. 655 мың теңге бөлінген. Бұл туралы облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешов мәлімдеген болатын. Спортты қаржыландыру жағынан республика бойынша Қарағанды облысы Алматы мен Шымкент қаласынан соң үшінші орында тұр. Бұған не дейсіз?..

Олимпиадаға барған шетел құрамаларының сан жағы біздерге қарағанда кем болса да, сапасы әлдеқайда алда. Сөзімізге дәлел ретінде небәрі бес-алты спортшы апарып алтынмен апталып, күміспен күптелген Сан-Марино мен Фиджи құрамаларын айтсақ жеткілікті. Ал, біз 27 спорт түрінен 96 жолдама жеңіп алсақта сегіз қолаға қанағат қылдық.

Жер кіндігі деген атымыз бар. Талай мықтыға тұғыр болған қасиетті Қарағандыдан бола тұра, боксшы Серік Сәпиевтен соң қай қарағандылық спортшы Олимпиаданың алтын медалін еншіледі? Ойланатын мәселе…

Келешек көкжиегінде Парижден алтын арқалап, көкке бөрік атып, жарыса жазар күн туар ма екен?

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button