Қарағанды облысының мемлекеттік және сервистік қызмет көрсету орталығы: жұмысқа орналасудан бастап отбасыларды қолдауға дейін
Осы жылдың наурыз айында Қарағандыда облыстық мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығы (МСҚО) іске қосылды. Ол республика бойынша іске қосылған бірінші ұйым болды. Орталық әлеуметтік қызметтер, жұмыспен қамту, жастарды қолдау және отбасыларға көмек сияқты түрлі мәселелер бойынша халыққа консультативтік көмек көрсетеді.
Бір жерде мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар жинақталған, бұл азаматтардың қажетті қызметтерге қол жеткізуін едәуір жеңілдетеді.
Осы уақыт ішінде не істелгені және МСҚО-ның өңір тұрғындары үшін қандай пайдасы бар екендігі туралы оның қабырғасында орналасқан ұйымдардың басшылары айтып берді.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласын қолдау
Егер жұмысқа орналасуға көмек қажет болса, қарағандылықтар Мемлекеттік және сервистік қызмет көрсету орталығына келе алады. Облыстың еңбек ұтқырлығы орталығы мен қалалық Мансап орталығы жұмыссыздықты азайту үшін түрлі шараларды ұсынады. Бұл субсидияланған жұмыс орындары, бизнесті бастау гранттары және “Жастар тәжірибесі”, “Қоғамдық жұмыстар”, “Күміс жас” және т.б. сияқты әртүрлі жобалар.
– Жыл басынан бері 55 мыңнан астам адам мансап орталықтарына жүгінді. Оның 22 900-і тұрақты жұмыс тапты, – дейді Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының басшысы Нұржан Сыздықов. – Бүгінгі таңда көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдар үшін 178 грант бөлінді. Біз сондай-ақ 481 адамды жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қысқа мерзімді курстарға жібердік. 2025 жылы зейнеткерлерді жұмысқа орналастыруға бағытталған “Алтын жас” жобасын іске қосу жоспарлануда.
Орталық тек жұмысқа орналасуға ғана емес, сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмекті ресімдеуге, жұмыссыз ретінде тіркелуге көмектеседі және түрлі мәселелер бойынша кеңес береді. Сенім телефоны жұмыс істейді: 60-50-50, мұнда әрбір сұрау жедел өңделеді.
Жастарды қолдау
МСҚО-да жас қарағандылықтарға да көмек көрсетіледі. Мұнда жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы білуге болады, еріктілер қозғалысына қосылуға мүмкіндік бар, жұмысқа орналасу жобаларымен және тағы басқалармен таныса аласыз.
Қазан айының соңында мұнда жастар кәсіби қолдауымен өз жобаларын тегін әзірлей алатын қауымдастық орталығы ашылды. Жеті тақырыптық аймақ жабдықталған. Олардың қатарында дизайн студиясы, подкаст жазу және мобилография аймағы, коворкинг бар. Жастар үшін психологтар мен заңгерлердің қызметтері де қол жетімді.
– Қарағанды облысында 306 мыңнан астам жас тұрады. Бүгін біз NEET-жастармен белсенді жұмыс істейміз. Еңбек ұтқырлығы орталығымен бірлесіп бос орындар жәрмеңкелерін және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Нәтиже жақсы. Облыста NEET-жастардың саны 7,9%-ға дейін төмендеді. Сондай-ақ, еріктілер қозғалысы белсенді дамып келеді – өңірде 63 ұйым жұмыс істейді, – деді жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Жасұлан Хамитов.
2022 жылдан бастап облыста жастарға арналған ипотекалық бағдарлама жұмыс істейді. Биыл Қарағандыға Саран мен Теміртау қосылды. 200-ге жуық қарыз берілді. Бағдарламаны кеңейту жоспарында Абай мен Шахтинск қамтылуы тиіс.
Мүгедектігі бар адамдарға көмек
2022 жылдың соңында МСҚО-да Ten Qogam мүгедектерді әлеуметтік бейімдеу орталығы ашылды. Орталық әлеуметтік қамсыздандыру, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша көмек көрсетеді, сондай-ақ оңалтудың техникалық құралдарын бейімдеу мен іріктеуге жәрдемдеседі.
Мүгедектігі бар адамдар үшін заңгерлер мен психологтардың тегін кеңестері, сондай-ақ компьютерлік сауаттылық, қазақ және ағылшын тілдері бойынша курстар қолжетімді.
– 2024 жылы біз мүгедектігі бар адамдарға 5 мыңнан астам қызмет көрсеттік. Көбінесе бізден мүгедектікті растау, жәрдемақы алу және жұмысқа орналасу бойынша көмек сұрайды. Мемлекеттік порталдармен жұмыс істеу бойынша көптеген сұрақтар бар, – дейді Ten Qogam басшысы Нияз Сүндеталиев. – Біз үшін жұмысқа орналасу мәселесі басты назарда. Өйткені, мүгедектігі бар адам үшін жұмыс экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болу мүмкіндігі болып табылады. Орталықтың статистикасы бойынша, осы жылы мүгедектігі бар 70 адамға жұмыс орнын табуға мүмкіндік туды.
Отбасы – басты назарда
2023 жылы МСҚО-да Қарағанды облысы полиция департаментінің жанынан республикадағы алғашқы отбасыларға көмек көрсету бірыңғай орталығы ашылды. Ол қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсетеді. Мұнда полициядан, заңгерлерден, психологтардан, сот орындаушыларынан, теологтардан және еріктілерден қолдау алуға болады. Сондай-ақ, медиатор, қаржылық кеңес беру мамандары және дағдарыс орталықтарының өкілдері жұмыс істейді.
– Біздің орталықтың мақсаты – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың санын азайту. Биыл біз 1200-ден астам азаматты қабылдадық. Оларға түрлі көмек көрсетілді. Биыл бізде жұмыс істейтін жеке сот орындаушысы алимент алушы балалардың пайдасына 40 млн теңгеден астам қаражат өндіріп алды. 28 отбасы қайта қауышты, 21 адам психокоррекциялық жұмыстан өтті, 15 медиативтік келісім жасалды. Дағдарыс орталығына 47 адамды орналастырдық, оның ішінде 37 бала, – деді отбасына көмек көрсету бірыңғай орталығының басшысы Гүлбану Сәтпаева-Алпысбаева.
Отбасыларға қатысты барлық мәселелер жедел шешіледі. Бұған көптеген ұйымдар мен қызметтерді бір жерге орналастыру ықпал етеді.
МСҚО мекен-жайы: Тәттімбет көшесі, 709 ғимарат.