Жаңалықтар

Қарағанды облысының базарларына электронды сауда енгізілуде

Сауда – экономиканы өрістетудің маңызды драйвері. Қазіргі таңда әлемнің дамыған және дамушы елдерінде электронды саудаға үлкен көңіл бөлініп отыр. Шет елдердің тәжірибесі, сауданың мұндай түрі халық тұрмысын арттыруға оң ықпал ететінін көрсетті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен өмір сүру сапасын арттыру» Жолдауында 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруді стратегиялық мақсат ретінде белгілеп, «қолма-қол ақшасыз экономикаға» ұмтылу қажеттігін атап өтті.

Осылайша, электрондық саудаға көшу «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының басым бағытына айналды. Болжам бойынша, алдағы 10 жылдың ішінде электронды сауданың тартымдылығы артады. Бұған электонды саудада ұсынылатын тауар түрлерінің артуы, олардың уақытылы жеткізілуі, коммерциялық танымалдылықтың өсуі, тұтынушылардың қалауынан шығу тәрізді сапалық өзгерістер оң ықпалын тигізеді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының нысаналы индикаторларына сәйкес 2022 жылға қарай электронды сауданың бөлшек саудадағы үлесі 2,6% – ды құрауы тиіс. Ал, онлайн тапсырыстар 2016 жылдың деңгейінен 281% – ға өседі.

Бүгінде Қарағанды облысының базарларында электронды саудаға көшу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Алтын Арба» базарының директоры Н.Горбачтың айтуынша, сатушының басты міндеті – сауда алаңдарын жаңғырту, тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру және барынша қолайлы жағдай жасау.

  • Біз электронды саудаға көшу жұмыстарын жүргізудеміз. Электронды сауданың болашағы бар екеніне сенімдімін. Бұл шаралар бизнестің дамуына оң ықпал етумен қатар, көлеңкелі тауар айналымын қысқартуға да септігін тигізеді, – дейді Н.Горбач.

Базар басшысының айтуынша, электронды сауданы дамытуды ынталандыру үшін заңнаманы жетілдіріп, халық пен кәсіпкерлердің сауаттылығын арттыру қажет.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы елдегі интернет сауданы дамытып, жергілікті кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және қандай да бір кедергілерді жоюды көздейтін шаралар кешенін жүзеге асыруды көздейді. Олардың қатарында электронды сауданы реттеу, электронды төлемдерді қабылдауды арттыру, халық пен кәсіпкерлердің сандық және қаржылық сауаттылығын арттыру, электрондық сауданы ілгерілету, инфрақұрылым мен логистиканы дамыту тәрізді бірқатар кешенді шаралар бар.

Сондай-ақ, онлайн нарыққа қатысушылар үшін көзделген салықтық преференцияларға назар аудару қажет. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі тауарлардың электронды саудасын жүзеге асыратын салық төлеушілер үшін корпоративтік табыс және жеке табыс салығы бойынша жеңілдіктер ұсынады.

Қарағанды облысының

кәсіпкерлік басқармасы

Басқа материалдар

Back to top button