Жаңалықтар

Қарағанды облысында тұрғындарды орталық газға қосу үшін пайызсыз несие берілуде

Бағдарлама Қарағанды және Теміртау қалаларында іске асуда. Бұл мүмкіндікті қазірдің өзінде 200-ден астам отбасы пайдаланып үлгерген.

 

Тұрғын үйді жаңғырту орталығы арқылы 5 жылға берілетін пайызсыз несиеге қаржы облыстық бюджеттен бөлінді. Биылғы жылы бағдарлама 300 үйге есептелген, алдағы уақытта тағы да қаржы бөлу жоспарлануда.

– Биылдан бастап пайызсыз бөліп төлеу бағдарламасы іске қосылды. Ол газдандыруды бірден төлей алмайтын үй иелеріне көмектесуге бағытталған. Несие сомасы үйдің көлеміне байланысты әртүрлі. Ай сайынғы төлем 12-17 мың теңгені құрайды. Бүгінгі таңда 226 өтініш түсіп, 218 меншік иесімен келісім-шарт жасалды, – дейді Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арман Саттыбаев.

Бағдарламаға қатысу үшін үй иелері Тұрғын үйді жаңғырту орталығына хабарласуы қажет. Өзіңізбен бірге жеке куәлік, жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттар және газға қосудың техникалық шарттары болуы керек.

Қарағандылық Қайрат Мамаев үйін орталық газға қосып қойғандардың бірі. Ол көгілдір отын үй шаруашылығын айтарлықтай жеңілдеткенін айтады.

– Газды шілдеде қостық. Бүкіл орнату үш күнге ғана созылды. Жабдық өте қарапайым, жұмыс істеуге және температураны реттеуге оңай. Көңілімізден шықты. Енді пеш жағып, күл шығарудың қажеті жоқ, – дейді Қайрат Мамаев.

Бүгінге дейін Қарағанды мен Теміртауда 4 мың үйге көгілдір отын берілді. Газдандыру жұмыстары жалғасуда.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button