Қарағанды облысында “Көктем-2023” Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде

Бүгін, 2 наурыз күні Қазақстанда “Көктем-2023” Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды.

Оқу-жаттығуды үйлестіру және басқару жөніндегі Штаб Қарағандыда орналасқан. Жетекшісі — ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министрі генерал-майор Марат Күлдіков.

Оқу-жаттығудың басты мақсаты — су басуға бейім елді мекендердегі су тасқынынан болатын зардаптарды азайту.

Оқу-жаттығуға ТЖ, ішкі істер министрліктерінің бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар, азаматтық қорғау қызметтері, Ұлттық ұланның әскери бөлімдері мен Қорғаныс министрлігі тартылды.

Биыл оқу-жаттығу кезінде су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізілуде.

— 2—3 наурыз аралығында республиканың барлық аумағында “Көктем-2023” командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде. Биыл біз өткен су тасқыны кезеңін талдауды ескере отырып, өзгерістер енгіздік. Жергілікті атқарушы органдар қар шығару үшін алдын ала орындар дайындады, оқу-жаттығу кезінде дренажды су өткізу құрылыстары тазартылады, инертті материалдар дайындалады. Яғни, барлығы пысықталуда, — деді ҚР ТЖМ төтенше жағдайларды жою Департаментінің бастығы Кахарман Оразалин.

Қарағанды облысында оқу-жаттығудың бірінші күні Бұқар Жырау ауданының Садовое ауылында өтті.

Мұнда авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының күштері мен құралдарының дайындығын байқау, далалық лагерь құру, адамдарды судан құтқару, Нұра өзеніндегі мұзды жару және кесу, қарды шығару, арықтарды, арналарды тасқын суларды өткізуге дайындау бойынша тапсырмаларды орындау өткізілді.

— Біз төтенше жағдайларға дайынбыз. Біздің міндеттерімізге алғашқы медициналық көмек көрсету және қажет болған жағдайда медициналық мекемелерге тасымалдау кіреді. Бір бригадада төрт адам бар — дәрігер, фельдшер, жүргізуші және психолог. Біз осындай оқу-жаттығуларға үнемі қатысамыз, шартты түрде зардап шеккендерге көмек көрсетеміз және әріптестерімізбен тәжірибе алмасамыз, — дейді Қарағанды облысының Апаттар медицинасы орталығының дәрігері Еркен Құдайбергенов.

Қарағанды облысы бойынша ТЖД ақпаратына сай, өңірде 149 елді мекен, 99 автожол учаскесі және 237 Су шаруашылығы құрылыстары бақылауда.

Тұрғындарды су басу қаупі бар аудандардан эвакуациялау жағдайында тұрғындарды қабылдаудың 235 пункті дайындалды.

Ықтимал су тасқынының салдарын жою үшін жеке құрамның 3 мыңнан астам адамын, 1388 техникалық құралдарды, 70 бірлік жүзу және 360 бірлік су айдау техникасын тарту жоспарлануда.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.