Жаңалықтар

Қарағанды облысында бір күнде тоғыз саяжай өртенді

Сәуірдің 23-нен 24-не қараған түні Қарағанды мен Теміртау қалаларының маңында орналасқан 9 саяжайда өрт шыққан. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды облыстық Төтенше жағдайлар департаменті.

Сурет: бейнеден кадр

23 сәуірде сағат 15:52-де Қарағандыдағы «Наука» саяжай үйінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.

Жалпы алаңы 250 шаршы метрде саяжай үйі, ағаш қоршау, шөп пен қоқыстың жануы орын алған. Зардап шеккендер жоқ.

Өртті сөндіруге ТЖД бөлімшесінен 8 маман мен 2 техника жұмылдырылған.

Сол күні сағат 17:23-те Теміртаудағы Черемушки және Алма саяжайларының аумағында да өрт шыққаны туралы хабар түсті.

– 8 саяжай, оның ішінде 4-і жұмыс істеп тұрған, төртеуі иесіз, ағаш қоршаулар (700 линиялық метр), құрғақ шөп пен жалпы алаңы 5 га қоқыс өртенді. Өрт 19:37-де оқшауланып, 20:21-де жойылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД өрт сөндіру қызметінен 26 адам мен 6 бөлімше жұмылдырылды, – дейді Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына ашық от көзі себеп болған. Мамандар жалынды 3 сағат сөндірген.

– Саяжайда от шығуына көбінде өшірмей тастаған темекі тұқылы, сөндірілмеген өрт және басқа да ашық жалын көздері (шашлық, барбекю), жанғыш заттармен жұмыс істегенде қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болады, – дейді құтқарушылар.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мамандары өрт маусымы басталғанын және қауіпті кезеңде қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін еске салады. Олар тұрғындардан жауапкершілік танытуды сұрайды.

Өрттің алдын алу мақсатында құтқарушылар үгіт-насихат және алдын алу шараларын жүргізіп жатыр. Алда пикник маусымы бар, ал ғимараттар мен құрылыстардан 50 метр қашықтықта от жағу керек. Ал желді ауа-райында бұған мүлдем тыйым салынады. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін айыппұл 69 мыңнан 1 миллион 700 мың теңгеге дейін құрайды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button