Қарағанды облысында бұзылған автобуста болған 60 шетелдік азамат эвакуацияланды
Қарағанды облысының полицейлері автобустары бұзылып жолда қалған 60 Тәжікстан азаматын эвакуациялады. Оқиға желтоқсанның 19-нан 20-на қараған түні болған. Құрамында аға инспектор Серік Ермеков пен инспектор Саламат Қабылғазы бар Қарағанды облысы ПД патрульдік полиция батальонына Екатеринбург-Алматы тас жолында жолаушылар автобусының бұзылып тұрғаны туралы хабарлама түседі. Он минуттан кейін полицейлер жол-көлік оқиғасы болған жерге келіп, мәселенің мән-жайын анықтайды.

– Автобустың Ресейден оңтүстік аймаққа бара жатқаны белгілі болды. Салонда 60 жолаушы, 2 жүргізуші болды. Барлығы Тәжікстан азаматтары. Ақшатау кенті мен Балқаш қаласы арасындағы жол учаскесінде автобустың артқы осі сынған. Автобустың қозғалтқышы қауіпсіз жұмыс істегендіктен кабинада қалыпты температура сақталды. Бірақ жанармай таусылуға жақын болғандықтан шетелдіктерді ең жақын елді мекен – Балқашқа жеткізу туралы шешім қабылдадық, – деді Серік Ермеков.
Полицейлер өтіп бара жатқан жүк көліктерін, жеңіл көліктерді, шағын автобустарды тоқтатып, жүргізушілерге жағдайды түсіндіреді. Соның нәтижесінде қиындыққа тап болған жолаушылар Балқаш қаласына аман-есен жеткізіліп, тамақпен және жатын орынмен қамтамасыз етілген. Тәжікстан азаматтары полицейлерге көрсеткен көмектері үшін алғыстарын айтуда.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ