Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы өндірушілерінен шағын несие алуға өтінімдер қабылдау басталды
Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы өндірушілерінен шағын несие алуға өтінімдер қабылдау басталды. Биыл өңірдің шаруалары үшін 3,4 млрд теңге бөлінеді.
Ауыл шаруашылығы саласының дамуы және шағын несие алу шарттары туралы өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының орынбасары Сырым Бошпанов айтты.
— Мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, техника мен аспа жабдықтарын сатып алу және ауыл шаруашылығы емес бизнесті жүргізу бағыттары бойынша шағын несиелер беру жоспарлануда. Қарағанды облысы үшін ағымдағы жылға 3,4 млрд теңге бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады,-деп атап өтті Сырым Бошпанов.
Несие алуға өтінімдер және құжаттар Қарағанды қ., Алалыкина көшесі 12, «Возрождение» бизнес орталығында орналасқан «Сарыарқа ӘКК» АҚ-де қабылданады. Анықтама үшін телефон нөмірі: 8-705-573-34-91 (несие менеджері Наталья Тюрина). Несие беру мамыр айына жоспарланған.
Биыл өңірде 19 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. 168 жұмыс орны құрылады. Бұқар жырау, Осакаров және Шет аудандарында жалпы сыйымдылығы 25,2 мың тонна болатын жаңа картоп қоймалары пайда болады. Осакаров және Абай аудандарында 732 гектар суармалы жер қалпына келтіріледі.
2022—2026 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың Жол картасы шеңберінде өңірдің агроөнеркәсіптік саласында барлығы 3 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 72 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz