АймақБас тақырыпҚарағанды

Қарағанды облысы жұмысшы мамандықтарын даярлау орталығына айналады

Қарағанды облысының колледждері өнеркәсіп үшін сапалы кадрлар даярлап, білім беру мен өндіріс орындары арасындағы өзара әріптестікті нығайта түсті.  Өндірісті аймақ сегіз жетекші техникалық бағыт бойынша орта мамандандырылған мекемелерді кластерлеуді бастады. Бұл туралы аймақ басшысы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңындағы брифингте айтып берді.

Суреттер: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Жергілікті кәсіпорындарда жас мамандар жұмысшылар қатарын толықтырады. Өңірде өнеркәсіп, құрылыс және энергетика салаларында мыңнан астам өндіріс ошағы бар. Оларда әртүрлі мамандықтар бойынша 200 мыңға жуық жұмысшы еңбек етеді.

– Біздің облыс үшін келесі жылды Мемлекет басшысы жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны айрықша маңызға ие. Облыс жастарының 60%-ы түрлі кәсіпорындарда жұмыс істейді, – деп атап өтті аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев брифингте. – Сондықтан біз Қарағанды облысын еліміз үшін жұмысшы мамандықтарын даярлау орталығына айналдыруды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін барлық қажетті жағдайлар бар. Атап айтар болсақ, орта кәсіптік білім берудің қалыптасқан тәжірибесі бар. Бірнеше жылдық тарихы бар колледждер сақадай сай. Білім мен тәжірибені ұштастыратын өндірістік кәсіпорындар жеткілікті. Оқытушылар құрамы білікті.

Жас ұрпақты тәрбиелеп, сапалы білім беру – облыстағы басым бағыттардың бірі. «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша облыста 10 оқу орнын салу жоспарланған.  Құрылыс 2023 жылы басталды. Биылғы оқу жылында Қарағандыда екі жаңа мектеп ашылды.  Олардың бірі жайлы мектеп. Жыл соңына дейін тағы бес жаңа жайлы мектепті ашу жоспарланған.

Шахтинск ықшамауданында заманауи оқушылар сарайы, ал Осакаров ауданында өнер сарайы ашылды.

Педагогтарға да белсенді қолдау көрсетіледі. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында биыл ауылда еңбек етуге келген 140 мұғалім көтерме жәрдемақыға ие болды.

«Қазақстан халқына» қорының қаржыландыруы арқасында облыста білім беру саласында мектептерді жаңғырту, жөндеу, спорт алаңдарын салу бойынша төрт жоба іске асырылды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button