Бас тақырып

Қарағанды – кино алаңы

Шамамен алғанда кейінгі бес жылда отандық кино басқа деңгейге көтерілді. Содан шығар, осы маңызды сала туралы жиі-жиі әңгіме қозғала бастады. Арасында өткір сын да, мақтау да бар. Ұлттық мәселелер көтерілетін Ұлттық Құрылтай мінберінде Президент тарапынан айтылуы да тегін емес. Күлдіретін комедиядан бастап, ой салар туындылар лег-легімен кинотеатрларға шығарылып жатыр. Сапасыз, сапалысы болсын, әйтеуір, қарқынды қозғалыс бар. Талантты режиссерлер мен актерлер де көбейіп келеді. Осы уақытқа дейін отандық кино десе, ойымызға бірден Алматы қаласы келетін. Себебі, «Қазақ фильм» сол шаһарда. Яғни, ошағы сонда. Енді, алдағы уақытта Қарағанды да кино орталығына айналмақ. Кеншілер астанасында «Ортау» шығармашылық орталығы ашылды. Орталықтың жобалары мен жоспарлары ауқымды.

Коллажды жасаған Арайлым КОКТАЕВА

Қарағандыда осы уақытқа дейін кино түсірілмеді десек, бұнымыз бекер. 20 жыл ішінде әуесқойлық деңгейде түсірілген туындылар баршылық.

Аймағымызға белгілі режиссер Қаршыға Иген өңір көрермендеріне он шақты туындысын ұсынып үлгерді. «Пеш», «Бурылтай», «Кілт», «Кешікпе», «Қара пима», «Ғұмыр өтер», «Әдемі келіншек», «Наурызым», «Адасқан әйел», «Блогер келін», «Тұзақ», «Хабарлама», «Бетпе-бет» секілді туындылары бар. Фильмдердің түсіріліміне облыстық «Saryarqa» телеарнасы тікелей қолдау көрсеткен. Осы тұста бірнеше маңызды мәселені атап өткен жөн. Фильмдерді тамашалап отырып, өңірде киноактерлер толқыны қалыптаспағанын аңдайсыз. Содан соң шығармашылық топта қаржылай тапшылық бар. Қаршыға Иген осы фильмдерге актерлер тегін түскенін және түсірілім алаңында бірде-бір кино түсіретін кәсіби жарық қоюшы мен оператордың болмағанын айтқан. Басты рөлдерді Сәкен театрының актерлері сомдады. Ортанқол кинолар деп айтудан аулақпыз. Дегенмен, Қаршыға Иген қолда барды ұқсата білген. Қалай дегенмен де, келешекте Арқада кино саласы өркендесе, негізін қалаушылардың қатарында болары анық.

«Armanfilms» киностудиясы да 2015 жылдан бері кино түсіріп келеді. Режиссері және жобаның авторы – «Ортау» орталығының іргесін қалап отырған Арман Әлімжанов. Осы уақытқа дейін «Көмекей әулие», «Өмір құны», «Первая волна», «Пробуждение», «Яма», «Аңшы», «Не открывай», «Ошибка» атты туындыларды жарыққа шығарған режиссер. Қаламызда «Startkino» деп аталатын қоғамдық бірлестік те бар. Қоғамдық бірлестіктің міндеті – кинематография саласындағы дарындардың құқықтарын қорғау және шығармашылықтарын дамыту. Төрағасы – Арман Әлімжанов.

Қарағандыдағы киноөндірістің болашағы да жарқын. «Ортау» шығармашылық орталығы ірі жобаны қолға алыпты. «Сарыжайлау» кинотеатрына БАҚ өкілдерін жинап, орталықтың алғашқы жобасымен таныстырды. Арман Әлімжанов биыл толықметражды фильмнің түсірілімі басталатынын мәлімдеді. Фильмнің бір ерекшелігі – актерлер құрамында.

Залда журналистерден бөлек, танымал актерлердің қолтаңбасын алуға асыққан көрермендер де болды. Жалпы айтқанда, бұл – Қарағандыдағы айтулы күндердің біріне айналды.

Актерлер құрамында жастар арасында кеңінен танылған «Әбілқайыр ханның соңғы сапары», «Сержан братан», «Сәке» секілді киноларға түскен Жұмағұл Оразов бар. Қазақстандық және ресейлік кино және театр актері, режиссер Алексей Шемес те қатарда. Жастардың ыстық ықыласына бөленген бірнеше фильмде ойнаған Ержан Жаманқұлов та жобаның қатысушысы.

Алдағы уақытта орталық толықметражды фильмге түсетін актерлер құрамын толықтыру үшін кастинг өткізетінін де мәлімдеді.

– Қарағандыда киноөндірісті дамытуға толық мүмкіндік бар. Өйткені, ел арасында таланттар өте көп. Соларды іздеп тауып, жұлдызын жағу – орталықтың тікелей міндеті. Яғни, біз кино түсіріп қана қоймаймыз. Кино саласына аяқ басқалы өңірімізде дарынды жастардың шоғыры барын байқадым. Соларды жобамызға қатыстырғымыз келеді, – деді Арман Әлімжанов.

Сол таланттардың бірі – Асылжан Әділханұлы. Ол Шымкент қаласында өткен «Samgau» республикалық қысқаметражды фильмдер фестивалінде бас жүлдені иеленген еді. Асылжан Әділханұлы да команда құрамында. Сәкен театрының таспаға түсірушісі Асылжан Әділханұлының талантын Қарағандыға келген танымал актерлер мен режиссерлер мойындап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында «Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа. Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды», – деген еді. «Орталық Қазақстан» газетіне кино саласындағы осы бір олқылық турасында бірнеше рет жазған едік. Арман Әлімжановқа «Фильмде бейәдеп сөздер бола ма, жоқ па және көркемдік деңгейі қандай болады?» деген сауал да жолданды.

– Фильм 90 пайыз қазақ тілінде сөйлейді. Бірақ, орысша сөздер мен эпизодтар қосылатынын жоққа шығармаймын. Көркем форматта түсіріледі. Тілін барынша көркемдейміз. Қазақтың менталитетінен, сөйлеу мәдениетінен алшақтамаймыз. Әр режиссердің, әр сценаристің, әр киностудияның өз ерекшелігі болады. Біз де өз ерекшелігімізді қалыптастыра аламыз деп ойлаймын, – деді Арман Әлімжанов.

Актер Жұмағұл Оразов Қарағанды келешекте киноның орталығына айналатынына сенетінін айтты.

– Қарағандыға шығармашылық сапармен жиі келемін. «Ел іші – өнер кеніші» деген сөз бар. Жоба сәтті жүзеге асып кетсе, басқаларына да дем беретіні сөзсіз, – деді Жұмағұл Оразов.

Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button