АймақБас тақырып

«Қарағанды-Балқаш»: қыруар қаржы «қолға» кетті ме, жолға кетті ме?

2019 жылы Мемлекет басшы­сы Қасым­-Жомарт Тоқаев «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қарағанды облысында 800 шақырым жол жөндеуден өтетінін мәлімдеген. Сол жобаның ішінде ұзындығы 363 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар «Қарағанды­-Балқаш» тас­жолы да бар. Тозығы жеткен екі жолақты тасжол қайта жөндеуден өтіп, төртжолақты автобанға айналады. Ол үшін бюджеттен жалпы 248 млрд. 225 млн. теңге бөлінді. Ал, жоспар бойынша құрылыс жұмыстары осы жылдың мамыр айында толық аяқталуы керек болатын. Бірақ, жол құрылысын аяқтау мерзімі тағы да бір жылға шегерілді. Не себеп, не кедергі? «ҚазАвтоЖол» ҰҚ акционерлік қоғамының дерегіне сүйенсек, «Қарағанды ­Балқаш» учаскесін реконструкциялаудың жобалау ­сметалық құжаттамасы 2016-­2017 жылдары әзірленген.

«Жақын да болса, алыс…»

2018 жылы «ҚазАвтоЖол» ҰҚ акционерлік қоғамы CITIC Construction Co Ltd. және «ҚазГерСтрой» БК ЖШС компания­сымен келісімге келіп, 2019 жылы талап­қа сәйкес, құрылыс­монтаж жұмыстарын бастаған. Сол уақытта CITIC Construction Co Ltd. компаниясы консорциумның лидеры болып бекітіледі. Алайда, осыдан бірнеше ай бұрын «ҚазГерСтрой» БК ЖШС берілген жүктемені орындамай, жұмыс кестесін бұзғандықтан, консорциум мүшелігінен шығарылды. Қазір бас мердігер – CITIC Construction Co Ltd. жұмысты жалғыз жүргізіп жатыр.

Ал, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ акционерлік қоғамының баспасөз хатшысы Ләззат Стамғазиева құрылыс жұмыстарының созылу себебін былай деп түсіндірді.

– COVID­-19 пандемиясынан кейін жол­құрылыс материалдарының және жалпы құрылыстың өзіндік құны күрт қымбаттауына байланысты, жобалау-­сметалық құжаттарға түзетулер енгізілді. Соның салдарынан жұмыс жоспарын бір жылға шегердік. Бұл жағдайды «Қаз­Авто Жол» ҰҚ акционерлік қоғамы мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті бірлесе отырып қарастырды.Төрт жолақты автобан келер жылдың І жартыжылдығында толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сметалық құжатқа түзетулер енгізіліп жатқанда, мердігер компания жол­құрылыс жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізді, – деді Ләззат Стамғазиева.

Құрылысқа ең қажетті басты материалдардың бағасы еселеніп кеткен.

– Мысалы, ПЦ 400-­Д0 маркалы порт-ландцементтің құнын сметалық құжатқа – 16 330 теңге болғанда бекіткенбіз. Қазір ол – 35 897 теңге тұрады. Жол құрылыс битумы 100/130 маркасының жобалық сметалық құны – 106 230 теңге болса, бүгін бағасы – 210 146 теңгеге қымбаттаған. Одан бөлек, арматураның жобалық­-сметалық құнын – 170 310 теңгемен есептесек, ол 376 202 теңгеге күрт көтерілді, – деді Ләззат Кеңесқызы.

Биылғы құрылыс маусымы басталғалы бері 20 шақырым асфальт жол төселген. Ал, жалпы жоспар бойынша жұмыс­тың 70%-­ы орындалғандығын айтады компанияның ресми өкілі. Яғни, автобан бойына салынуы керек 310 су өткізу құбырының 299­-ы төселген. Жобадағы 11 көпірдің жартысынан көбі аяқталыпты. Ауыл шаруашылығы техникасының өтуі үшін төселетін жол құрылысы – 75%­-ға орындалған. Теміржол арқылы өтетін 1 өткелдің жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын. Қазіргі таңда жол құрылысына 500­-ге жуық техника жұмылдырылған. 700­-ге жуық жұмысшы нәпақасын айырып жүр.

Сапа талапқа сай ма?

«Қарағанды­-Балқаш» тасжолы – сегіз учаскеден тұрады. Әрі әрқайсысы бес климаттық белдеуде орналасқан. Мамандар осы мәселені ескере отырып, жолды бес қабатпен салған. Оған қоса, әр климаттық жағдай бойынша жол сапасының құрамы да бір-­біріне ұқсамайды. Мәселен, №1­4 учаскесінің төменгі қабатына қиыршық тасты құм қоспасы төселген. Оның үстінен күл қоспасымен белсендірілген құмды цемент қоспасы жүргізілді. Осы процесс біткеннен кейін ыстық ірі түйіршікті тығыз асфальт-бетонмен тегістеліп, үстінен қиыршық тасты мастикалық асфальтбетонмен жап­қан. №5 учаскедегі төсем сәл өзгерек. Климаттық жағдайға байланысты жолдың екінші қабатына қиыршық тасты құмды цемент қоспасын төсеген. Ал, №6­8 учаскесі бес қабатпен салынуда. Ең бірінші байланысты нығайту үшін минералды қоспаның топырағы себілген. Оның үстінен қара қиыршық тас төселіп, ыстық ірі түйіршікті асфальтбетон құйылады. Төртінші қабатына ыстық ірі түйіршікті тығыз асфальтбетон, бетінен қиыршық тасты мастикалық асфальтбетон төселеді. Тағы бір артықшылығы – жол бетондалмайды. Яғни, «Қарағанды­-Астана» автобанындай тайғақ, қауіпті емес.

Түйін

«Қарағанды-­Балқаш» автобаны – І жә­не ІІ санаттағы автожолдың қатарында. Басты ерекшелігі – жолдың бес қабатты жабыны. Жауапты компания өкілі төрт жолақты автобан келер жылы толық қолданысқа берілетіндігін баса айтты. Бірақ, көптің сөзіне сүйенсек, оған әлі ерте сыңайлы.

– Жұмыс қызу жүріп жатыр. Алғашқы жылдарға қарағанда жол едәуір жақсарды. Дегенмен, айналма жолдар әлі де көп. Уақытында құм сеуіп, тазалап тұрмағандықтан қиыршық тастар бетіне шығып кетті. Ойлы­шұңқыры да азаймай тұр. Шындығында, автобанның бір бағыты толық біткен жоқ. Жәмші өзенінің тұсында, Ақшатау мен Шеттің арасында ескі асфальт бар. Ал, Бектауатаның тұсы – ойдым­-ойдым. «Салып бітеміз» дегенше, бүлдіріп те үлгеріп жатыр. Дәп сол жерді қырып, қайтадан асфальт төсесе. Шет пен Ақшатаудың тұсында асфальттің төмен түсіп кеткен тұстары бар. Бұл жол үстін дұрыс тегістемегендіктен орын алған, – дейді Дастан есімді жүргізуші.

Жоғарыда айтқандай, бүгінде жалпы жұмыс жоспарының 70%­-ы орындалыпты. Алайда, жолда жүрген көлік иелерінің сөзі – осы!

Ербол ЕРБОЛАТ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттер «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ алынды

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button