Қарағанды

Қарағанды қарқынын жоғалтқан жоқ

Қарағандылықтардың жолақыны ойлап, жүдеп-жадайтын жөні жоқ. Әзірге қоғамдық көліктегі жолақы қалтаға салмақ салмайды. Өйткені, жолаушы тасымалымен айналысатындар бір кездері ант-су ішіп мойындарына алған міндеттіліктерін толық мінсіз атқармаған. Оған қоса, Қарағандының 8 айдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы уайым жейтіндей емес. Тұрақты, өсімі және бар. Бұл туралы Өңірлік Орталық коммуникациялар қызметінде Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВ өткізген брифингте мәлім болды.

«Ұлт жоспары -100 қадам» бес институционалды реформаны Қа­рағандыда іске асыру барысына тоқталды әкім мырза. Бүгінгі таңда қол жеткізген қарқын сақталуда. Өндіріс төмендетілмей, оның өсімін қамтамасыз ету, қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыру басты назарда екенін айтады.

Ұлт жоспарын іске асыруда бірінші бағыт кәсіби мемлекеттік аппарат құру болса, соған орай, бүгінде бірқатар жұмыстар атқарылған. Қалалық әкімдік те бұл жаңалықтан құр қалмапты. Одан кейінгі міндет – жергілікті қауымдастық алдында есеп беретін жергілікті полиция қызметін жасақтау болатын. Қазіргі таңда бұл қызмет те тап-тұйнақтай құрылған. Нақтыласақ, қалада 7 аумақ­тық бөлімшесі бар. Соған сәйкес жоспар және 396 бағытты-кезекшісі қызметте. Алайда, бүгінгі таңда аздық етеді. Сондықтан, барынша бейнебақылау жүйесі енгізілген. Қалалық бюджеттен 300 бейнекамера қаржыландырылатын көрінеді. Олар бақылау-қадағалауды жүзеге асырады. Бұған қосымша 900 камера орнатылмақ. Оның қаржысы да дайын. Жыл соңына дейін олардың саны 909-ға жетпекші.

Жергілікті полиция қызметінің статистикасына үңілсек, қылмыстық құқықбұзушылықты ашу 6 пайызға артқан. Ізін суытпай 361 қылмыс ашылған. Өсім – 27 пайыздан астам. Қоғамдық тәртіпті сақтауда 10 мыңнан астам құқықбұзушылықтың жолы кесілген. Жыл басынан 23 мың шақыруға ЖБО мамандары барған. Бұл жегілікті полиция мен тұрғындардың тығыз қарым-қатынасын көрсетеді дейді әкім. Қылмысты құрықтау үшін, тіпті, қылмыстық құқықбұзушылық карта­сының интернетпорталы жаб­дықталуда екен.

Жер қатынастарына келсек, инженерлік-коммуникация инфра­құрылым – өзекті. Шаһар басшысы биыл Күнгейдің екінші кезегі, Таугүл, Қос шаһар шағын аудандарында жұмыстар жүргізілуде екенін атап отыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында Таугүл мен Күнгейдің 2-кезегінде инженерлік инфра­құрылымдары қолға алынған.

Қарағандыда мүлікті жария ету акциясы да белсенді жүргізілуде. Қарағанды қаласының мемлекеттік кірістер ұйымдарына жалпы құны 5,5 млрд.теңге болатын 445 өтініш түскен. Осы күні 236 өтініш бойынша 4,7 млрд.теңгенің нысаны заңдастырылған. Бұл тек мүлік қана. Мұның сыртында қаржыларды заңдастыру да бар. Ондағы сома ауқымды көрінеді. Оған дәлел – қаржыны заңдастыруда Қарағандының аймақтар бойынша алдыңғы орындардың бірінде екендігі.

Жақында Жылу электр орта­лығының іске қосылуы да қаланы қосымша жылумен қамтымақ. Бұдан бөлек, былтырғы жылы «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша жылу жүйелері жөндеу көрді. Осы жылы да жұмыстар жалғасын тауыпты. Сумен жабдықтауда толғақты проблема жоқ. Есесіне, жылу беруде кем-кетіктер бар екенін жасырмайды әкім мырза.

Инвестиция тарту және кәсіп­керлікті дамытуда Қарағандыда қазіргі уақытта 105 млрд. теңгенің 31 жобасы қолға алынған екен. Бұл өз кезегінде 2677 жұмыс орнын қамтамасыз етеді. 2010-2015 жылдар аралығында 25-і іске қосылған. Биылғы жылдың жоспарында – 4 жоба. Оның 2-і іске қосылған. Олар – «Қарағанды нан» комбинатының цехты кеңейту және «Энерго-центр» ЖШС жобалары. Жыл соңына дейін тағы 2 жоба тұсауын кеседі. Бірі – «Қарағанды целлюлоза қағаз комбинаты» ЖШС. Оның өнімі жол жөндеу жұмысына қажет болады. Екіншісі – «Сарыарқа-нан» ЖШС-нің жаңа нан зауыты.

Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 111 кәсіпорын қолдау тапқан. Бұл жобаларға жасалған қаржылай көмек 34 млрд. теңге көлемінде. Сонымен қатар, сүт өңдеуде стратегиялық инвесторларды тартуға жұмыс атқарылуда. Ет өңдеуге келсек, «Арай кz», «Бейнен ордамен» тығыз қарым-қатынаста. 400 тонна ет жеткізуге Иранмен келісім бар. Болашақта қала аумағында ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланыпты.

Ал, өндіріс орындарынан «Им­сталькон», «Сантехпром» секілді аймақтың іргелі кәсіпорындары «ЭКСПО» қалашығының құрылысына тартылған. Айтылғандарға қара­сақ, Қарағандының әлеуметтік-экономикалық ахуалына алаңдайтын дәнеңе жоқ көрінеді.

Жалпы, Қарағандының әлеу­мет­тік-экономикалық даму көрсет­кіштерінде өсім бар. БАҚ өкілдерінің бірер сұрағына жауап берген қала басшысы біраз шапқанымен, уақыттың аздығынан кең көсіле алмады. Бірақ, БАҚ өкілдерімен алдағы уақытта тағы бір жүздесіп, әңгіме-дүкен құруға уәде етті.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button