Жаңалықтар

Қарағанды қаласының алғашқы имамы

Қарағанды қаласының алғашқы имамы, бүгінде «Бала қажы» атанып кеткен имам, ғалым, ұстаздың шын аты Мұхамедқали Мұсаұлы. Бала кезінде әкесі Мұсамен қажылыққа барып, Меккеде жоғалып кетеді. Содан табылып, елге келгенде оны ел «Бала қажы» деп атап кеткен.

Сурет ihsan.kz

Бала қажы сыйлы, текті әулетте дүниеге келген. Әкесі Мұса төре Қарқаралы, Семей өңірінде елге сыйлы, құрметті азамат болған. Қарапайым мінезі мен халыққа жанашырлығы үшін халқы оны «жақсы төре» деп атап кеткен. Бұл кісі елдің ризашылығына бөленуімен бірге, патша үкіметінің құрметтеуіне де ие болды. Омбы қаласының мұражайында Қарқаралы ояз бастығы Т.Ф.Нифаньтевтің 1871 жылы Батыс-Сібір генерал губернаторы А.П.Хрущевқа жолдаған рапортында Мұса төре туралы былай деліген: «…Чингизид, аульный старшина, выборный, Почетный киргиз (қазақ) Муса Жанаев человек весьма благонадежный, заслуживающий доверия. За честность и прямоту, почитаем среди простого люда. Обладая духовным образованием справляет в своем ауле обязанности муллы. За безупречную службу, Генваря прошлого года, Высочайшим Повелением удостоился золотой медали на Анненской ленте…».

Мұса төре Қазандағы медресені оқыған. Қарқаралыдағы Құнанбай мешітінде имам болған. Осындай тектіден туған Бала қажы да Верный қаласындағы медресені тәмәмдағап, ары қарай тағы да білім жолын қуған.  Ұстазының жолдасымен бірге Қазан қаласындағы «Марджания» медресесіне түскен. Оренбург облысы Троицк қаласындағы №2 мешітінде қызмет атқарған деген деректер бар.

Бала қажының жас кезі туралы бәйбішесінің немере сіңлісі Разия апа естелік қалдырған.

– Жездекемді (Бала қажыны), тәтем (Мұса төре) Қазанда оқуын  бітірген соң ауылына шақыртып алды. Дәл есімде, ол, Абай өлер алдында бір жыл бұрын болған оқиға (Абай Құнанбаев 1904 жылы қайтыс болды. Сонда Бала қажы екінші оқуын 1903 жылы бітіріп келген кезі болмақ). Неге шақырды десек, апамның айтуы бойынша сол кезде тәтем сырқаттанып жүр еді. Жездем ауылға оралғанда әкесінің істеріне белсене қатысты. Ол кісінің оязда қызметі болатын. Сонымен бірге Бала қажы ауылда болатын. Ерінбей жалықпай қысы-жазы біздің ауылдан анау ақырғы Нүркен совхозының орнында болған Жарлы ауылына дейін баратын. Аралығы жиырма шақырымнан астам… ойлап отырсам өмірімде сондай парасатты, дана, кішіпейіл, қарапайым адамды көрмеппін. Қарапайымдылығы сонша, басқа төре-қожалардай «мен Абылайханның ұрпағынан тараған төренің баласымын» деп, ешқашан кеудесін көтеріп мен-менсіген емес. Үлкен болсын, кіші болсын, қарт адам болсын, бәрімен жылы мәміледе дидарласып, мейірбан, кішіпейіл болатын.

1904 жылы Бала қажының әкесі көз жұмады. Сол жылдары Бала қажы әкесінің өзіне қалдырған мирасының көп бөлігін Қарқаралыдағы жаңадан салынып жатқан төрт сыныптың қазақ-орыс мектебінің құрылысына берген. Осыдан имамның жомарттығын көре аламыз.

Бала қажы дүниеден өткен соң орнында қалған Елібай имам да көптеген естеліктер қалдырған. Оның айтуынша, «Қажекең өзінің жастық шағы туралы әңгімелегенде екінші қажылығы туралы жиі айтатын. Ондағысы мақтану емес, жамағатқа пайдасы болса деп насихаттайтын. Өйткені осы екінші қажылығы оның бойында иманының күшейуіне, терең ғылыми білім алуына көп әсер еткен. Жастық шағын еске алып Бала қажы былай дейтін:

Мені, Қазанда оқу бітіргеннен соң әкем ауылға шақырып алған. Үйге келгенде ол маған: «Балам, Аллаға шүкір, оқуыңды тәмамдадың. Жасың он жетіге толды. Тепсең темір үзетін жігітсің. Мен болсам кеудем қысылып мазасызданып жүрмін сен әзірге белгілеген жоспарыңды қоя тұр,  маған жәрдемші бол. Алла Тағала «иннә лилләхи уә иннә иләйхи рожиун» дейтіндей, бір Өзі біледі, қашан ол дүниелік болатынымды» – деді. Мен әкемнің айтқан талабын құп көріп, екі жылдан астам Күлболдыда тұрдым. Сол кезде әкеме көмектесіп, балаларды оқыттым. Сүйтіп жүргенімде дән және болашағым жайлы көп ойладым. Бала кезінде адамның қабылеті – білім алып оны есте сақтау. Алған білімнен ой өрісінің және рухани дамуына нәр алу – ол ержете ғана келеді. Менде осы дәрежеге 16-17 жаста келе бастаған екенмін…» .

Осы жазбаларынан Бала қажының білімге ден қойып, ғылым жолында дамығанына көз жеткіземіз. Ол Ахмед Сафия ғалымнан да білім алған. Ғалым Бала қажының татарша білетінін алдын ала тексеріп, ұнатып,  Қырымға шақырады. Имам Сафия хазреттің Бахчасарайдағы Джаффар деген досының үйінде болып, дәріс оқып, тыңдап білімін тереңдеткен.  Қырымда жүріп, біраз білім алған соң ғылым жолына тереңдей еніп, Түркияға аттанады. Стамбулға барып, үш айдан астам Ғази Әли пашаның медресесінде оқып, тәлім алды.

  Бала қажы халыққа өте жақын болды. Ашаршылық жылдары жан сақтау үшін 1931 жылы Қарқаралыдан Семейге көшкен.  Сол жылы әйелі мен төрт баласын ертіп жаяулатып жолға шығады, жолда екі баласы аштан қайтыс болады. Оншақты күнде Семейге зорға жеткенде, ол жақта да хал өте нашар екенін көреді. Сол сәтте қатты уайымдап тұрғанда, Бала қажы досын кезіктіріп, ол үйіне алып кетеді.  Сол досымен диірменге жұмысқа тұрып, күн көреді. Өзінің күні бойы қап арақалап тасыған еңбегіне 1,2 уыс қана  ұн алып, жанын сақтап қалған. Кейінннен 1933 жылдан бастап теміржолға жұмысқа шығып кетеді. Бір қайтыс болған адамның жаназасын өткізіп, сол үшін Бала қажыны абақтыға жауып тастайды да, отбасымен Қарағандыға жер аударып жібереді.

1937 жылы Қарағандыға жер аударылғанда отбасымен «Қопай» деген мекенге қоныстанады. Орыс тілінде жазуды жақсы меңгерген Бала қажыны КСРО ішкі істер халық комиссариатының қызметшілері жақтырмай, “дінді таратушы” деп қара жұмысқа салады. Ең ауыр жұмыстың бірін беріп, өздерін «землянка» деп аталатын саз балшықтан жасалған жартылай жерүйге кіргізеді. Бөлмесінің ені 3*4, тереңдігі 1,5 метрлік суық үйде тұрақтаған.

Уақыт өте олар басқа үйге көшеді. Ол туралы Бала қажының жазбасында былай делінген: «Сол кісіге (бастығы) тағы да риза болғаным, ол мені бетон құюшыдан ат арба мен станциядан жүк тасушы жұмысына ауыстырды. 1935 жылдың күзінде бізге жаңадан салынған барактан екі бөлмелі пәтер берді. Өкінішке орай, өткен жылдың аяғында бәйбішем кенеттен қайтыс болып, сол пәтерге қызым Гүлзахфран, ұлым Махаммедрақым және үшеуміз көштік». Кейін Зықия есімді әйелге үйленіп, отау құрған. Бала қажы кейін теміржолға ауысып, 1948 жылы зейнетке шыққанша сонда істеген. Сол жылдары қалада мүлдем мешіт болмаған. Бала қажы  жанында намаз оқыған жігіттерді абақтыға әкетіп, өлтіріп, артында жұбайы мен балалары жетім қалған көп отбасыны көріп бақты. Шахтада жарылыс болып, қаза тапқандардың жаназасын оқыған, тығылып намаз оқып жүрген.

Қарағандыда жүрген кезінде басшылыққа хат жазып, мешіт салуға рұқсат сұрайды. 25 мыңнан астам мұсылман болса мешіт салуға рұқсат деген құжат болса да 36 мың мұсылманы бар Қарағандыға мешіт салуға рұқсат бермейді. Бала қажы арманы мен мақсатынан қайтпай Сталинге, сол кездегі Қазақ елінің басшысы Жайық Шаяхметовке хат жазып жүріп, мешіт салуға рұқсат алады. Ескі қаланың Крайняя көшесіне салатын боп шешім шығады. Оның құрылысына қазақ, шешен, ингуш, татар жамағатя аянбай көмектеседі. Сонымен 1944 жылдың 6 қазанында Қарағанды қаласының алғашқы мешітінде, алғашқы жұма намазы оқылады. Осылайша Бала қажының есімі Қарағанды тарихында алтын әріптермен жазылып қалды…

Махмұдқажы НҰРОВ, 

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

Басқа материалдар

Back to top button