«Қарағанды қабыланы» – қазақтың оғыланы

   Наурыз мейрамы қарсаңында «Қарағанды қабыланы» қазақ жұртына толағай тарту жасады. Кәсіпқой бокс карьерасындағы кезекті жекпе-жегін өткізген жерлесіміз Геннадий ГОЛОВКИН Атлант мұхитының ар жағында Алаш мәртебесін аспанға көтерді.

Головкиннің 37-ші кездесуі АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өтті. Әйгілі «Madison Square Garden» сарайында. Бұл жолы сары ұлға америкалық Дэниэл Джейкобс қарсы шықты. Әжептәуір қарсылық та көрсетті. Екінің бірі емес екенін танытып, он екі раунд­қа шыдады.

Десе де, Генаның бәсі басым екені әуелден әмбеге аян еді. Жерлесіміз 4-ші раундта Джейкобсты нокдаунға жіберді. Америкалық та ер екен. Күрзі жұдырықтан жүрегі шайлықпай, ашық айқастан тайсалмады. Әйтсе де, мықтыны мықты деу керек. Гена бұл жеңіске зор еңбекпен жетті.

Жалпы, осы кеште әлемдік баспасөз құралдары Джейкобстің ерікжігеріне айрықша зор баға беріп, аспандатып жатты. Бірнеше жыл бұрын дәрігерлер Джейкобстің ауыр науқастан кейін оңалып кетуі неғайбыл екенін айтып, тон пішіпті. Алайда, америкалық боксшы өзөзіне мақсат қойып, Головкинмен айқасатын күнге қол жеткізді. Біле білсек, бұл да таңғажайып жетістік екені даусыз. Сондықтан, жаһандағы бокссүйер қауым Джейкобстің жеңілісіне кешіріммен қараған жайы бар. Ал, Генаның кезекті жеңісі таңдай қақтырғаны сөзсіз.

Қазақ елі жекпежекті «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналарынан тамашалай алды. Теледидарға телмірген көрермен күн көтеріле тақым қысты. Бұдан бір күн ерте Қарағандыда қолдау шарасы ұйымдастырылып, жерлестері үмітін үкілегенді. Сары ұл сенімді ақтады. Талай сойқанды алғашқы раундта сұлатып салуды дәстүрге айналдырған Гена он екі раунд ойнап жүріп ұтты десе де болады.

Қарағандының, оның ішінде, Майқұдықтың мейманасы тасыды. ГенаМайқұдықтың тумасы екенін бокссүйер қауым жақсы білер. Тіпті, осы жекпежекті тамашалау үшін Майқұдыққа арнайы келіп, үй жалдап жатқандар да болыпты. Аталған күні ымырт жабыла таксиге мінген едім. Екеуара сөз жекпежек турасында өрбіді. Сонда таксистің әңгімесіне қайран қалғаным бар. Таң бозара керуенсарайдан астаналықтарды қарсы алыпты. Содан Майқұдықтан пәтер іздеп шарлапты. Әупіріммен әрең тауыпты. Керуенсарайдың маңайындағы қаптаған пәтерге бас бұрмаған әлгілердің елжандылығына таңтамаша таксист жігіт. Не керек, жанкүйер жан осы кеште қызу тартысқа куә болғаны айқын. Сөйтіп, Гена 37-ші мәрте жеңімпаз тұғырына көтерілді.

Жекпежектің арқасында америкалық «НВО» арнасы шашетектен пайдаға кенелді. Телеарна кездесуді ақылы түрде тікелей эфирде таратқан. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, сатылған PPV-көрсетілім көлемі 153 мыңнан асып кеткен. Ал, «Los Angeles Times» басылымының хабарлауынша, жекпежек барысында жалпы құны – 3 млн. 700 мың АҚШ долларына билет сатылған. Яғни, залда 20 мыңға жуық адам жиналған.

Сондайақ, Гена жекпежек үшін 2,5 млн. АҚШ долларына ие болды. Ал, Джейкобс 1,75 млн. долларды қалтаға басты. Бұл – оның кәсіпқой бокс мансабындағы ең қомақты сыйақысы.

Гена енді британиялық Билли Джо Сондерспен жұдырықтасуы бек мүмкін. Қос қарсылас Қазақстанда жазда кездеседі деп күтілуде. Сондерс – орта салмақтағы «WBO» тұжырымы чемпионы. Бұған дейін Головкинмен айқасуға әзір екенін мәлімдеген-ді.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.